Таяу Шығыста соғыс қызып барады: Мұнай бағасын не күтіп тұр?

1180

Израиль Ираннан кек қайтаруды ойластырып жатқанда әлемдік нарыққа "қара алтын" ағыны тоқтайды деген қауіп күшейіп келеді.

Таяу Шығыста соғыс қызып барады: Мұнай бағасын не күтіп тұр? Фото: mk.ru

Мұнай бағасы осы аптада Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне байланысты күрт көтерілді. Иран Израильге зымыран ұшырды, ал израильдіктер жауап қайтарамыз деп қорқытып отыр.

Бұл тайталас осы аймақтан мұнай ағынын тоқтату мүмкіндігін арттырды. Мұнай бағасының секіруі автоматты түрде газ бағасын шарықтатады деген қауіпті күшейтіп отыр.

Таныс шиеленіс, өзге заман

Мұнай бағасы осы аптада  6 доллардан артық қымбаттады. Сондықтан әлемнің кейбір елдеріндегі жанармай құю станцияларында бензин құны біршама өсті. Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі 1973 жылы "Йом Киппур" соғысы басталғаннан кейін энергетикалық шикізат бағасын төрт есеге арттырған мұнай эмбаргосын еске түсіреді.

Дегенмен, мұнайдың жаһандық жеткізілімі 1970 жылдардан бері түбегейлі өзгерді. Ол заманда АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші еді. Израильдің "Хамаспен" де, "Хезболламен" де айларға созылған соғысы ОПЕК пен оның мұнай өндіруші 12 елінде шығарылған көмірсутегінің бағасын шарықтатқан жоқ. Тек Израиль мен Иранның тікелей қақтығысу мүмкіндігі мұнай нарығына қозғау салып отыр.

Бензин қымбаттады, бірақ былтырғыдан арзан

АҚШ-тағы газ бағасы әдетте шикі мұнай құнымен бірге өседі. ААА дерегінше, Америкада газдың орташа бағасы 3,18 долларға өскен. Бірақ бұл баға бір ай бұрынғыдан 13 центке, бір жыл бұрынғыдан 60 центке бәрібір арзан.

"Соғыс қаупі мен дауылдар маусымына қарамастан, отандық бензин бағасы түсіп жатыр. Қазір Жоталы таудың шығысындағы 18 штатта жанармайдың орташа нарқы 3 доллардан төмен", – деді ААА өкілі Эндрю Гросс бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде.

Фундаменталдық факторлар

Ұзақмерзімдік перспективада мұнай бағасы өсуі емес – төмендеуі мүмкін. Себебі сұраныс пен ұсыныс балансында, екіншісі салмақтылау болып тұр. Ал бұндай динамикада бағаның қысымға ұшырауы үйреншікті жағдай.

Халықаралық энергетика агенттігі өзінің соңғы жаңартылған баяндамасында мәлімдегендей, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында мұнайға сұраныс 2020 жылдан бергі ең аз көрсеткішке өскен. Ал осы шикізатты жеткізу деңгейі өсуін жалғастырып жатыр. Картель мүшелері мен Ресей, Қазақстан сияқты одақтас елдерден тұратын ОПЕК+ болса, желтоқсаннан бастап нарыққа көбірек мұнай жіберетінін ескертіп отыр.   

"Геосаяси шиеленіс соңғы кездері күрт күшейді, дегенмен, фундаменталдық көрсеткіштер кері бағытқа ауысқан сияқты, себебі Иранның мұнай экспорты кейінгі жылдардағы ең жоғары деңгейге жақындап қалды", – дейді Barclays сарапшысы Амарприт Сингх клиенттерге арналған жазбасында.

Иранның мұнай секторының жағдайы

Иран тәулігіне 3,99 млн баррель мұнай өндіреді. Бұл – жалпы әлемдік мұнайдың 4%-ы. Салыстырып көрсек, Сауд Арабиясы күніне 9 миллион бөшкеге жуық "қара алтын" шығарады.

Батыстың өндіріс пен экспортқа кедергі келтірген санкцияларына қарамастан, Иран мұнай секторын сақтап қалудың жолдарын іздеуді жалғастырып жатыр. Кейде Ислам Республикасы Қытай сияқты нарықтарға сату үшін мұнайды араластыру және қайта таңбалау сияқты шығармашылық әдістерді қолданады. Осы жылдың ортасындағы жағдай бойынша, Иран күніне шамамен 2 миллион баррель мұнай экспорттаған екен. Бұл – 2020 жылғы 500 мың баррельден жоғары, ал 2018 жылы күніне сатылған 2,5 миллион баррельден төмен.

Парсы шығанағындағы Харг аралы сияқты экспорттық терминалдар Израиль соққысына ұшырауы мүмкін. Бұл терминалдар шикі мұнайды шетелге, ең алдымен Азия елдеріне, соның ішінде Қытайға тасымалдауда маңызды рөл атқарады.

Бейсенбі күні Президент Джо Байден АҚШ пен Израиль Иранның мұнай нысандарына соққы беру мәселесін талқылап жатқанын айтты. Содан кейін баға көтерілді.

Байденнің сөзінше, Израильдің Иранға жауабының дәл сипаты "талқыланып жатыр".

"Алайда мен израильдіктердің орнында болсам, мұнай кеніштерін емес, басқа альтернативаны таңдар едім", – дейді АҚШ жетекшісі тағы бір сөзінде.

Әрі қарай баға қалай болады?

Oil Price Information Service орталығының әлемдік энергетикалық ресурстарды талдау бөлімінің басшысы Том Клозаның ойынша, мұнай бағасы қазір өзінің шарықтау шегіне жақындап қалды. Америкалық сұрыптың құны 74,38 доллар болса, Brent халықаралық эталонының нарқы – 78,05 доллар. 

"Жағдай тұрақталысымен, мұнай трейдерлері назарды 2025 жылға аударады. Ал келесі жыл жоғары баға үшін проблемалы болуы мүмкін. Себебі ұсыныс сұраныстан күніне 500 000 – 1 млн баррельге асып кетуі ғажап емес", – дейді Клоза "Рейтерге" берген сұхбатында.

50 доллар?

Сәрсенбі күні Американың WSJ газеті Сауд Арабиясының энергетика министрі ОПЕК+ мүшелері келісілген өндіріс шектеулерін ұстанбаса, мұнай 50 долларға дейін арзандайтынын ескертті деп хабарлады. Сол материалда Саудияның Ирак пен Қазақстанды мұнайды артық өндіргені үшін ерекше атап өткенін айтылған.

Көп кешікпей, ОПЕК мәлімдеме жасап, аталған басылымның ақпаратын "нақты емес, әрі оқырмандарды жаңылыстыратын мәлімет" деп атады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу