Таза өнім деп елге қымбатқа сатып келгені алдау болып шықты

18226

Сарапшылар органикалық өнімдерді өсіру – ақшаны желге шашуға айналғанын айтады.

Таза өнім деп елге қымбатқа сатып келгені алдау болып шықты Фото: inbusiness.kz

Таяуда Қазақстанда "Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы" деп аталған жаңа сипатты заң ілеспе заңымен бірге қабылданып, күшіне енген болатын. Оны жазуға қазіргі сегізінші шақырылымның Парламент депутаттары бастамашы болды.

"Органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың маңызы өте зор! Өйткені ол перспективті бағыт және аграрлық саланың рентабельділігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта органикалық өнімдердің әлемдік нарығы 120 миллиард еуроны құрайды және ол белсенді өсуде. Соңғы 20 жылда оның көлемі 7 есеге өсті. Яғни, бұл сала әлемдік трендке айналуда. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, органикалық өнім экспорты бойынша Қазақстан 123 елдің ішінде 9-орынды, органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында 4-орынды, Еуроодаққа органикалық майлы зығыр тұқымын экспорттау бойынша 6-орынды алады", – деп жарнамасын келістірді заң авторларының бірі, сенатор Әли Бектаев.

Дегенмен, Астанадағы депутаттар халықтан, соның ішінде кәсіпкерлер мен еңбек адамынан тым алыс көрінеді.

Сарапшылардың айтуынша, биліктегілердің жарнамасына сеніп, органикалық өнімдерді өсіруге қаржысын салған аграршылар сазға отырып, бармағын шайнаған көрінеді. Мысалы, ауыл шаруашылығына маманданған ElDala порталы: "Органикалық өтірік: Қазақстан фермерлерін қалай алдауда" деген тақырыпта сараптама басты.

"Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығы тақырыбы бес жыл бұрын танымал, сәнді болған. Бірақ қазіргі кезде ол экономикалық перспективасының жоқтығы кесірінен бірте-бірте өшуде. Соған қарамастан, билік бұл авантюраға шектен тыс аңқау аграршыларды тарту талаптарын жалғастыруда. Осыған қатысты инвесторлар арасында мақал бар: ақшаңды босқа желге шашқың келсе, оны органикалық ауыл шаруашылығына сал", – деп жазады ElDala.

Аграршылардың осы шаруашылықтан көңілі қалғанын келесі деректен білуге болады: Қазақстанда органикалық өсімдік өсіруге сертификатталған егіс алқабының ауданы соңғы жылдары екі еседейге – 350 мыңнан 200 мың гектарға дейін азайып кетті. Оның үстіне ұқсас тренд бүкіл әлемде тіркелуде. Мысалы, аса ауқатты Еуропаның өзінде мыңдаған органикалық ферма ол кәсіпті тәрк етіп, дәстүрлі егіншілікке кері оралып жатыр.

Ел Парламенті сонша дәріптеп, жеке заңнамалық топтамасын арнаған "органиканы" ауыл бизнесмендері неге көзбояу деп атайды? Неге одан тіпті еуропалық фермерлер жаппай бас тартуда?

Біріншіден, депутаттардың өздері жарнамалаған органикадан агроөнеркәсіптік кешен емес, ең алдымен, соған арналған егістіктерді, өнімдерді сертификаттаушы делдал компаниялар, қайта өңдеушілер және дайын өнімді бірнеше есе қымбат сататын саудагерлер ғана ұтатыны әшкере болды. Тиісінше, "органикалық өнімдердің әлемдік нарығы 120 миллиард еуро" дегенде, солардың қызығын негізінен осы үш делдал көреді.

Қазақстандық органикалық өндірістің №2 проблемасы: оны өткізетін жергілікті нарық жоқ. Ритейлерлер республикада органикалық өнімдерге халық тарапынан да, сауда желілері тарапынан да сұраныс жоқтығын айтады. Шындап келгенде, Қазақстанда органикалық өсімдік шаруашылығын дамыту ісі шетелден ынталандырылды – шетелдік ұйымдардың гранттарымен алғашқы жылыжайлар және басқасы жолға қойылды. Олардың азын-аулақ астығын шетелдік импорттаушылар сатып алады.

"Еуропалықтар тосыннан неге Қазақстанның әлемдік органикалық "таза" шикізат өндірушісіне айналуын қолдай бастады?" деген сұрақ туады. Жауабы қарапайым: себебі, батыстағылар оны арзанға алып кетеді. Қазақстандық "органика" Еуропадағыдан көп арзанға бағаланады.

Еуропада жалпы егін салатын жер аз. Жер қымбат: 1 гектар жер телімі ондаған мың еуроға бағаланады. Салдарынан, егіншілер банкротқа ұшырамай, жеткілікті табыс алу үшін интенсивті жер өңдеу тәсілін қолдануға мәжбүр. Алып ауқымдағы алқаптарды "парға" жауып тастап, бір жыл тынықтыратын шамасы жоқ. Соның кесірінен, қарқынды пайдаланылған еуропалық егістіктер тыңайтқыштармен, пестицидтермен уланған, химияланған. Ондай жерге органика өсіре алмайды. Сол себепті еуропалықтар аумағы кеңбайтақ Қазақстанға назар аударып, шенеуніктер мен депутаттар арқылы шаруаға табысы шамалы органикалық ауыл шаруашылығын тықпалап жатса керек.

Кеше Еуроодақ органикаға қатысты алаңдатарлық баяндамасын жариялады. Арнайы баяндаманы әзірлеуші жұмыс тобын басқарған Еуропа есеп палатасының мүшесі Кейт Пентус-Розиманнустың айтуынша, органикаға бөлінген мол қаражаттан қайыр-қайтарым байқалмайды.  

"Кейінгі кезеңдерде Еуропалық Одақ органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға деп, 12 миллиард долларға барабар қаражат бөлді. Алайда қаржылай қолдау өндірілген өнімге, немесе еуропалық нарыққа сатылған астыққа емес, органика егілген әрбір гектарға берілген. Салдарынан, қыруар қаражаттың жұмсалуынан қандай нәтиже болғанын бағалау мүмкін емес. Нарықта органикалық азық-түлік артқан жоқ", – дейді Пентус-Розиманнус.

Сөйтіп, органика Қазақстанда ғана емес, жаһандық ауқымда көзбояушылыққа айналып бара жатқандай.

Global Water Partnership дерегінше, синтетикалық пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштардан бас тартып, малдың қиы, адамның нәжісі мен дәреті (экскременты, фекалий, урины), жуынды-ас қалдықтары, торф, сабан, су тұнбасы (ил, сапропель) және басқа табиғи органикалық тыңайтқыштарды пайдалану – органикалық ауыл шаруашылығын анағұрлым экологиялық таза етеді.

Сондықтан Еуроодақ 2030 жылға қарай барлық егістік жерлердің 25%-ын органикаға бөлу міндетін қойды. Есепте айтылғандай, 2014 жылдан бері Еуропада органикалық алқаптардың үлесі өсіп, 17 млн гектарға жеткен. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерінің 10,5%-ы ғана. Еуропалық аудиторлар 2030 жылға белгіленген мұрат-межеге (25%) қол жеткізілетініне сенбейді.

Сарапшылар Қазақстан халқының "органикаға" неге қызықпайтынының бағасынан басқа бір себебін атады. Елімізде егістік жер кең, әрі Ресейдегі сияқты шектен тыс көп астық алып жатқан жоқ. Сондай-ақ әлемдік бай нарықтардан алыста. Сондықтан егіншілер табысқа шығу үшін агрохимиядан үнемдейді. Мысалы, республикада минералды тыңайтқыштар жерге нормадағысының небары 10%-ы көлемінде, тым аз енгізіледі. Кейбір облыстарымызда фунгицидтер мүлдем қолданылмайды.

Соның нәтижесінде, егін тез өсіп, барынша көп астық алу үшін алқаптарды аяусыз химиялап, улайтын Қытай және Еуропамен салыстырғанда, Қазақстандағы өнім онсыз да "органикалық", экологиялық таза деуге болады. Олай болса, "Organic" деген жапсырмасы үшін екі есе артық төлеудің қанша қажеті бар?   

Бұл жағдайда, сарапшылардың байламынша, елімізде дәстүрлі егін шаруашылығын дамыта берген маңыздырақ. Сонда қарапайым диқан алқабын, астығын және басқасын сертификаттауға босқа шығындалып, делдалдарға жем болмайды.

Тағы бір кілтипан әшкереленді: қазақстандық бизнесмендер органикалық егін шаруашылығының астығын шикізат күйінде тым арзанға сатпай, шетелге дайын органикалық тауар түрінде сатуға белсеніп көріпті. Алайда Еуропа, өзге елдер қазақстандық дайын органикалық өнімді сатып алудан үзілді-кесілді бас тартады екен. Яғни, әлемдік алпауыттар Қазақстанға тек "арзан шикізатты жеткізуші" рөлін бөлген. Қосылған құны жоғары өнім шығару перспективасы болмаған соң, бұл саланың болашағы да жоқ болса керек.

Айтпақшы, Қазақстан да Еуропаның қателігін қайталап отырғандай. Биыл күшіне енген жаңа заңдар бойынша органикалық шаруашылықтың тек егістігін, яғни, органикалық өнім өндіру процесін  ғана сертификаттау көзделген. Түпкі өнім сертификатталмайды.

"Қазіргі заңнамалық өзгерістерге байланысты тек органиканың айналымы, өнімді шығару тәсілі ғана реттелетін болады. Соңғы өнім сертификаттауға жатпайды. Нақтылағанда, органикалық өнім өсетін жердің сапасын, суарылуын, қолданатын минералдық тыңайтқыштардың бәрін тексертіп, дәлелдеуі керек болады. Ауыл шаруашылығы өсімдіктері, мал шаруашылығы осы заңда қарастырылған талаптарға сәйкес болуы керек. Осының бәрін дәлелдегеннен кейін сертификатқа ие бола алады", – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу