Тәжікстанда биік лауазымды тұлғаларды тұтқындау басталды

3927

1992-1997 жылдары жүрген азаматтық соғыста 60 мыңнан астам тұрғыны қаза тапқан тәжік елінде билік трансфері бейбіт жүре ме?

Тәжікстанда биік лауазымды тұлғаларды тұтқындау басталды Фото: darminaopel.ru

Тәжікстан мемлекеттік төңкерістің алдын алды. Биылғы бүкіл жаз бойы Орталық Азиядағы осы елде беделді тұлғаларды тұтқындауға қатысты қоғамда резонанс тудырған, шетелге тараған атышулы оқиғалар жүруде. Құзырлы органдар оларды "мемлекеттік төңкерістің ықтимал ұйымдастырушысы" деп айыптады, бірақ іс құпияландырылған.

Жария болған азынаулақ ақпараттарға жүгінсек, Тәжікстан билігін көрнекті депутаттар, білікті саясаткерлер, танымал қоғамдық пікір көшбасшылары, бұрынғы әскерилер басып алмақ болыпты. Олар осы мақсатта шетелде қашып жүрген тәжік оппозициясымен ауыз жаласып, астыртын сөз байласқан-мыс.

Бұл ретте "құпия мәмілеге" қатысы барлардың бәрі бірдей әшкереленбеген. Өйткені тосын "кісендеулер" толқын-толқынмен бірнеше аптадан бері жалғасып жатыр. Төңкеріске қатыстылар биліктің барлық тармағынан, күш құрылымдарынан іздестіріліп жатқан көрінеді.

"Егер тәжікстандық биліктің "мемлекеттік төңкеріс талабының жасалғаны" туралы мәлімдемелеріне риясыз сенсек, онда бұл Президент Эмомали Рахмонның билік құрылымдарын өз қарсыластарынан тазартуы және олармен ұзақ жыл бойы ымырасыз күресі ақыры еш нәтиже бермеді деген сөз. Алайда көптеген жайт бұл бүліктің жай ғана "қиял" екеніне нұсқайды. Шындығында, отыз жылдан астам ел тізгінін мықтап ұстап отырған Э.Рахмон билік транзитін өткізіп, орынтағын ұлы Рустамға беруге дайындалуда. Бұл үшін ол беделі билікке таласуға жететін, әкеден-балаға формуласындағы транзитке кедергі келтіруі мүмкін тұлғалардан арылуда", – деп топшылайды Carnegie Politika сараптамалық-аналитикалық орталығы.

Сарапшылар мемлекеттік төңкеріске қатысты ақылға қонбас, түсініксіз жайттар көп екеніне назар аударды. Біріншіден, ұсталып, абақтыға тоғытылып жатқандар – саяси көзқарастары бір-біріне қайшы келетін, бірін бірі бедел санау түгіл, сөйлесе бермейтін "үш қайнаса сорпасы қосылмас" тұлғалар екені күдік тудырады. Олардың қатарында іс басындағы режимді сөзсіз қолдайтын саясаткерлер, қоғам белсенділері, сондай-ақ биліктегілермен бітіспес адуынды оппозиционерлер бар. Тәжікстанда ағайындылар бір-біріне қару кезеніп, оқ жаудырған қанқасап азаматтық соғыс болғандықтан, кейбірі кезінде өзара шайқасқан.

Білегіне кісен салынғандар тізімінде сондай-ақ бұрынғы далалық командирлер де, экс-министрлер де, билікке адал, бірақ мемлекеттік істерден баяғыда бойын аулақ салып, зейнеткерлікке кетіп, есімін ел ұмытқан әскерилер де еніпті. Олардың тосыннан топтасуына, бір тудың астында бас біріктіруіне не триггер-себеп болғаны, не итермелегені, ортақ мәмілеге қалай ың-шыңсыз келе алғаны беймәлім. Бұл – күмән тудыратын екінші жайт.

Үшіншіден, олардың бәрі әлемнің әр түкпірінде қудалауда жүрген тәжік оппозициясымен қашан, қайда және қалай ымыраласып, ынтымақтасып үлгергені де белгісіз. Бұдан бөлек, бүліктің көшбасшысы кім екені жарияланбады.

Тәжік сарапшылары және тергеушілер болмай қалған төңкерістің негізгі ұйымдастырушылардың бірі деп, Парламент депутаты, Тәжікстанның Демократиялық партиясының бұрынғы төрағасы Саидджафар Усмонзоданы санайды. Ол биылғы 24 маусымда тұтқындалды. Елдің Бас прокуратурасының нұсқасы бойынша ол билікті басып алуды шетелдегі тәжік оппозициясының бірлестігі – "Ұлттық альянспен" бірге дайындаған. Оның торға қамалуы жергілікті жұртшылықты қайран қалдырды: Усмонзода әрқашан Рахмонға шын берілген адамдардың бірі, қазіргі билікті бірге құрысқан партиялық қанаттасы, серіктесі деп есептелетін.

Саидджафар Усмонзоданың елді соңынан ертетін халық алдындағы зор беделі, сыйы жоқ. Ол басқарған Демпартия сайлауларда 2%-дан артық дауыс жинап көрмеген. Парламентте ол "жүйелі оппозицияның" декорациялық рөлін ғана ойнайтын. 2013 жылы Усмонзода демократия мен баламалылық иллюзиясын жасау үшін билікке көмектесіп, Президент сайлауында кандидат болды. Кейде ол депутат мінберінен шенеуніктер атына сын айтатын, алайда Президентке қаратып, өткір сөз айтудан әрдайым басын ала қашып келді.

Усмонзоданың соңынан Тәжікстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи қамауға алынды. Ол Усмонзодамен достығы үшін күдікке ілігіп, күйіп кетсе керек. Екеуі де Хатлон облысының Фархор ауданының тумасы, жерлес. 1988 жылға дейін ол өңір Куляб аталды және беделді зор "кулябтар кланына" атау берді. Президенттің өзі де Кулябтың тумасы, бірақ ол Дангара ауылында туған және бәсекелес "дангаралық кланның" өкілі саналады.

Сондай-ақ Демпартия төрағасының бірінші орынбасары Ахмадшох Комилзода да тұтқындалды. Ол Тәжікстандағы азаматтық соғыстың қатысушысы, елге сөзі өтімді, шетелге де белгілі журналист. "Америка дауысының" Тәжікстандағы тілшісі болып қызмет атқарған.

1990-шы жылдарда құрметке ие болған тәжік қайраткерлері де тұтқындау толқынына ілікті. Мысалы, сонау 1992 жылы Президент лауазымын уақытша атқарған, Тәжікстан Жоғарғы кеңесінің (Парламенттің) төрағасы болған саясат ардагері Акбаршо Искандаровтың түрмеге қамалуы қоғам үшін күтпеген жайтқа айналды. Бірақ ол азаматтық соғыста қазіргі Мемлекет басшысы Рахмонның "Халық майданына" қарсы, оппозиция сапында соғысқан. Дегенмен, Искандаровтың жасы бүгінде 73-тен асып кетті, "саясат-ағаш аттан" баяғыда-ақ ауып қалды, оған оралмақ түгіл, мұршасы денсаулық жағдайын қамдауға әзер жететін күйде көрінеді.  

Өткен ғасырдың соңындағы азаматтық соғыс тұсында да аттары жер жарып, даңқы дүрілдемеген, қазіргі кезде бұқара қатарлы қарапайым өмір сүріп жатқан далалық командирлер Якуб Салимов, Саламшо Мухаббатов, Назрулло Наимов және басқаларының тұтқындалуы да елді айран-асыр етті. Әскерден, басқасынан аласталған әскерилердің билікке қандай қауіп төндіргені түсініксіз.

Темір тордың ар жағынан табылғандар арасында Әлеуметтік-демократиялық партия төрағасының орынбасары Шокирджон Хакимов сияқты нағыз оппозиционерлер кездеседі. Ол табан жалтыратпай, елде қалып, Рахмонның билігін жұрт алдында ашық сынайтын режим қарсыласының соңғы тұяғы болатын. Хакимов ұсталғандар арасындағы ең жасы және бұрынғы далалық командирлермен аралас-құраластығы жоқ. Сол себепті, "жасырын мәміле" қатысушыларымен байланысы бары күмән тудырады.    

"Рахмонды әлдебір топ тағынан тайдырғысы келді деген нұсқа көп сұрақ тудырады. Президент пен оның жақын-жуығы Тәжікстанды өрмекшідей торлап, оның қоғамдық, саяси өмірінің барлық қырын теңдесі жоқ бақылауға алды. Армия, күш құрылымдары, бюрократия Мемлекет басшысына бас ұрады, тікелей соның алдында есеп береді. Президент оларды қалағанынша жатқызып-өргізеді. Барлық жерде оның сенімді өкілі бар. Сенатты ұлы Рустам басқарады және заң бойынша Президенттен кейінгі №2 тұлға болып табылады. Таяу уақытта Рахмон президенттік өкілеттіктерді ұлына тапсыруды жоспарлап отыр: Рустам өз командасын қалыптастыруға кірісіп кетті", – дейді тәуелсіз саясаттанушы Галия Ибрагимова.

Президенттің қызының ішіндегі тұңғышы Озода – Президент әкімшілігінің басшысы. Оның күйеуі Джамолиддин Нуралиев – қаржы секторын бақылайтын қуатты қаржыгер, Тәжікстанның Ұлттық банкі төрағасының бұрынғы орынбасары.

Ел лидерінің ортаншы қызы Рухшона – ірі лауазымды дипломат және елдің сыртқы саясатын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Ол сондай-ақ жергілікті олигарх Шамсулло Сохибовтың зайыбы.

Жоғарғы билікке жақындығы арқасында шылқыған байға айналған Сохибов "отбасы" атынан мемлекеттің көлік, сауда, банк секторы және бұқаралық ақпарат құралдары саласын бақылауда ұстайды.

Рахмонның тағы бір қызы Тахмина күйеуі Зарифбек Давлатовпен бірге Әуе қатынастары агенттігін басқарады және авиабилеттер нарығындағы монополист саналады. Демек, олардың бақылауынсыз бірде бір тәжікстандық тұлға шетелге шыға алмас еді.

Президенттің келесі қызы Парвина фармацевтикаға жетекшілік етеді. Елдің бас прокуроры Юсуф Рахмонның ұлы Сафархон Мемлекет басшысының кенже қызы Фарзонаға үйленді. Мемлекеттік төңкеріс туралы құпия істі де Бас прокуратура тергеуде.

Өзінің билігі және ауқаты үшін туыс-туғаны Президентке борыштар, сондықтан ел тізгінін отбасыда сақтап қалып, мирас жолымен беру үшін олар бәрін істеуге дайын, әрі Рахмонның әрбір бастамасын қолдайды.  

Сарапшылар "президенттік орынтақтың Рустамға табысталғанын отбасының өзге мүшелері құптамауы ықтимал" екенін айтады. Қыздары Озода мен Рухшона саясаткердің зор амбициясына ие және салмақты басқарушылық тәжірибесі бар. Олар да саяси ықпалын күшейте беруге ұмтылады.

Алайда егер Тәжікстан Президенті лауазымын бөтен біреу иеленсе, әп-сәтте барынан айрылатынын олардың бәрі жақсы түсінеді. Тұңғыш Президенттің отбасы үшін Қазақстандағы билік транзитінің неге соқтырғанын олар біледі. Сондықтан, Carnegie Politika байламынша, билік трансфері жақындаған сайын, отбасы мүшелері де топтаса түсті. Ел лидері мен оның айналасы жұдырықтай тас-түйін біріккен жағдайда әлдебір төңкеріс ұйымдастыруға талаптану – әбден ойластырылған жоспардан гөрі, ақылдан адасуға көбірек ұқсар еді.

Бұл жерде шетелде тығылып жүріп, отанымен байланысын үзген, байлық, бедел атаулыдан жұрдай болған оппозициядан да еш қайыр болмас еді. Биліктегілермен күреспек болған жаңа партиялар, тәуелсіз саясаткерлер тез-ақ жойылып тұрды. Мысалы, келбеттілігімен, шешендігімен, әділдікке құштарлығымен елді тәнті етіп, жылдам танымал болған жас саясаткер Зайд Саидов 2013 жылы президенттік додаға түсу жоспарын жариялады. Бұған жауап ретінде оның үстінен "көп әйел алғаны және алаяқтыққа барғаны" үшін деген айыппен қылмыстық іс қозғалды, түрмеге жолданды.

Оппозициялық саясаткер Умарали Кувватовты 2015 жылы әлдекімдер Ыстамбулда атып кетті.

Сарапшылар саясат сахнасын және басқасын "тазарту" билік транзитінің еш кедергісіз өтуі үшін жасалуы мүмкін деп тұспалдайды. Рахмонның ұлы Рустамның саясатта жүргеніне көп болды, соған қарамастан ол үлкен саясатқа толық дайын емес деген қауіптер айтылады. Үлкен жиындарда, жұртшылық алдына шыққанда оған көбіне әкесі – Президент ере жүреді.

Ол туралы сюжетті телеарнадан бергенде, оның дауысын сол қалпы ұсыну орнына, "кадр сыртындағы текст" ретінде Рустамның не айтқанын диктор мәнерлеп оқып береді. Сондықтан әкесі билікті оған тапсырудың барынша қауіпсіз, бейбіт өткенін қамтамасыз етудің қамына кіріскенге ұқсайды. Қазіргі билікті құрған азулы саясаткерлердің, қоғамдық пікір лидерлерінің, 1990-шы жылдардағы азаматтық соғыс қатысушыларының нысанаға қатар ілігуінің бір сыры да сонда болса керек. Жеке-жеке олар дәрменсіз болғанымен, шынымен біріксе, әлдебір дағдарысқа жеткізуі ғажап емес.   

Тәжікстан – Ауғанстандағы лаңкестік топтардың Орталық Азияға тасқындауы жолында тұрған тосқауыл ел. Бұл республикада тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшіліктің болуына Қазақстан мүдделі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу