Тегеранда Хамас лидері Исмаил Хания қастандықтан қаза тапты. Мұны палестиналық әскериленген топ хабарлап, өз жетекшісіне жасалған шабуылды мақсатына жетпейтін "қатыгез шиеленіс" деп атады.
"Хамас ұлы Палестина халқының, араб және ислам елдері мен әлемнің барлық азат халықтары алдында Исмаил Ханияны шәһид деп жариялайды", - делінген Хамастың қысқаша мәлімдемесінде.
Иран революциялық гвардиясы да Ханияның өлтірілгенін растап, тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
Хания сейсенбі күні Иранның жаңа президенті Масуд Пезешкианның ант беру рәсіміне қатысу үшін Тегеранда болған. Ислам Республикасы Ханияның қалай өлтірілгені туралы толық ақпарат таратпады.
Оқиғаға байланысты Израиль үкіметі жедел түсініктеме берген жоқ. Дегенмен, "Моссад" барлау агенттігі біреуді өлтіргенде Израильдің үндемей қалуы үйреншікті жағдай.
Сонымен қатар, АҚШ әкімшілігі де әзірге үнсіз.
Ханияның өлімі туралы жаңалық Израиль ливандық "Хезболланың" коммандирін (Израиль оккупациясындағы Голлан жотасына шабуыл ұйымдастырды деп айыпталған) жойғанын хабарлағаннан кейін бір тәулікке жетпейтін уақытта пайда болды. Сарапшылардың ойынша, Ханияға қастандық Газадағы соғысты тоқтату туралы келісім жасау мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.
"Израильдік оккупанттардың Хания бауырымызды өлтіруі - Хамастың жігерін құм құлуға бағытталған үлкен шиеленіс. Бірақ Хамас жүріп келе жатқан жолынан таймақ емес. Жеңіске жететіндігімізге сенімдіміз", - дейді Хамастың жоғары лауазымды өкілі Сами Әбу Зухри Reuters агенттігіне берген сұқбатында.
Әдетте Катарда тұратын Хания осы палестиналық қозғалыстың халықаралық дипломатиядағы бетке ұстар өкілі болды. Қазанның 7-де хамастықтар Израильге шабуыл жасағаннан кейін Газа секторында басталған соғыста Ханияның үш ұлы Израильдің әуе соққысынан мерт болды. Және де ЦАХАЛ олардың әкесін де жоюға уәде берген еді.
Хамаста жоғары лауазымға 2017 жылы тағайындалған Хания Түркия мен Қатар астанасы Доха арасында сапарлап, блокададағы Газада қоршауға түспей, атысты тоқтату туралы түрлі келіссөздерге қатыса білді.
62 жастағы Хания Хамастың негізгі жетекшісі саналды.
Ол 1980 жылдардың аяғында Хамас қозғалысының көрнекті мүшесі болды және 1989 жылы Палестинадағы бірінші көтерілісті басып-жаншыған Израиль Ханияны үш жыл түрмеге қамады.
Хания 1992 жылы Хамастың бірқатар жетекшілерімен бірге Израиль мен Ливан арасындағы бейтарап аумаққа жер аударылды.
Тағы бір айта кететін жайт - 2006 жылы Хамас ұлттық сайлауда ең көп дауыс жинады. Содан соң президент Махмуд Аббас Ханияны Палестинаның премьер-министрі етіп тағайындады. Бірақ бір аптадан соң хамастықтар Аббастың ФАТХ партиясын Газа секторынан күшпен ығыстырып, палестиналық анклав билігі Хания мен Хамастың қолына өтті.