Себебі саладағы техниканың 80 пайызға жуығы әбден ескірген. Алайда оның орнын басар жаңа техника алуға шаруалардың жағдайы жетпейді. Мемлекет тарапы керісінше техника базасын жаңарту ісін қиындатып отырғаны фермерлерді қынжылтады.
Кедергі көбейді, шығын да еселенді
Ел экономикасын ілгерілетуге тиіс бүтін бір сала техникаға жарымай келеді. Мәселен, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының ұсынған дерегіне қарасақ, 2023 жылғы қаңтардағы мәліметке сай, Қазақстандағы барлық 316 мың техниканың 76 пайызы ескірген. Бірақ қолданыстан шығуы тиіс техникалармен шаруалар амалдап күн көріп, егін салып жүр.
Ал базаның жаңармауына ауыл шаруашылығына арналған техникалардың тым қымбат болуы басты себеп. Оның үстіне баға жыл сайын тоқтаусыз еселенуде.
Шаруалар қаржы қиып жаңа техникаларға қол жеткізер, дегенмен ел Үкіметі шығарған кедергілер тағы да жол тосады. Мысалы, ең қолжетімді деген Lovol 1304 импорттық тракторын 2 жыл бұрынғы нарықтағы бағамен 22 млн теңгеге алдыңыз. Бірақ қолданысқа енгізу үшін алдымен алғашқы тіркеуге қойып (7 пайыз – 1,54 млн), қосымша құн салығын төлеп (12 пайыз – 2,64 млн), қозғалтқыш көлемі мен сипаттамасына қарай 10-20 пайыз аралығында утильалымын бересіз. Сонда 22+1,54+2,64+3 (утильалым шамамен) формуласы шығады. Нәтижесінде, 30 миллионға жуық қаржы кетеді.
Кедергілер бұнымен бітпейді. Үкімет биылдан бастап субсидиялау ережесінің тармағынан "шетелдік ауыл шаруашылығы техникасы" деген тұсты алып тастады. Яғни, кез келген шетелдік техникаға бұдан былай субсидия берілмейді, шаруалар бәрін өз қаржысымен іске асыруға көндікті. "Ауыл шаруашылығы машиналарын, машиналарын және жабдықтарын сатып алу" ережесінен жойылған шетелдік техникалар арасында жұмыс өнімділігін арттыратын тракторлар, комбайндар мен түрлі маңызды қосалқы бөлшектер бар болатын.
Ал отандық өндірісте шетелдік техникалардың қызметін атқара алатын, сипаттамасы сәйкес келетін аналогтар жоқ. Мысалы, максималды құны 190 млн теңгеден асатын, өздігінен жүретін шетелдік бүріккіш техникалар бар.
Олардың Қазақстандағы жалғыз аналогы AVAGRO-SH40 моделі (жұмыс ені 36 метр, тазарту биіктігі 1,5 метр) саналады. Бірақ клиренсі төмен болғандықтан күнбағыс немесе жүгері сияқты дақылдарды өңдеуге бұл техника жарамайды.
Мұндай дақылдар үшін өңдеу биіктігі 2 метрге дейін болатын бүріккіштер қажет. Ал жақсы шетелдікті алам десеңіз, баж салығы мен қосымша құн салығын қосқанда HORSH Leeb 6.280VL өздігінен жүретін бүріккіші үшін 280 млн шығындауға тура келеді. Бұндай техникаға қол жеткізе алатын шаруашылықтар әр өңірде санаулы ғана екені анық.
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев те ауылшаруашылығы саласына кері әсер етіп отырған жайлар көп екенін баяндады.
– Техника паркінің әбден ескіргенін жасыра алмаймыз. Барлық шаруаның техника жаңартуға жағдайы жетпейді. Ал импорттық ауылшаруашылығы техникасына белгіленген утильалым мәселені одан әрі күрделендіріп тұр. Шетелдік техника сатып алған фермер утильалым мен қосымша құн салығын төлеуге қосымша бірнеше миллионын шығындайды. Керісінше, шаруалар үшін жеңілдетілген несие беріп, утильалым мөлшерін азайту немесе алып тастау пайдалырақ болады, – дейді ол.
Палатаның басқарма мүшесі бірнеше жыл бұрын жауаптылар шетелден келетін техниканың қосымша бөлшектеріне дейін утиль алым енгізу бастамасын қолдағанын айтады.
Абырой болғанда, бөлшектерге утильалым енгізілмейтін болды. Ал елде техникалар тез ескіруде, 2019 жылы тозу көрсеткіші 60 пайыз болса, 5 жыл аралықта 80 пайызға жуықтап отыр. Алдағы 10 жылда не болары белгісіз.
Жыл сайын 500 данадан Kubota, John Deere, Case, New Holland, Massey Ferguson, Fendt және басқа да Еуропа, Қытай, Түркия, Үндістан техникаларын сатып алатын фермерлер субсидиясыз қалды.
Оның үстіне техниканың қымбат болуы елдегі қызылша өсіру, картоп өсіру мен басқа да көкөніс егу саласындағы жобаларға кері әсер еткен. Ал Grimme сияқты брендтердің траторларын алу арзан дүние емес.
Ескі дүниемен егін ісі алға баспайды
Ең сорақысы – жылына 90 мың гектардан астам жерге күріш егетін Қазақстанда күріш жинайтын комбайндар шығарылмайды. Барлығы шетелден алынады. Сыр өңіріндегі халық күзге қарай егістікте күріш жинап жүрген техникалардың көбі ескі екенін онсыз да біледі. Жаңалары жоқ емес, бірақ тек ірі фермерлердің қолында бар.
Елде тұқым себетін техникалар да өндірілмейді. Отандық өндіріс деп желеу еткен зауыттар фермерлер сұранысының 10 пайызын да, қажетті ассортименттерін өтей алмай отыр. Оның қатарында дән сепкіш құралдар, соқалар мен тырмалар бар. Ал ауылшаруашылығын өндіруші кәсіпорындар өндірісті сұранысқа қарай емес, өздерінің таңдауына бейімдеген.
Техника жаңартылмаған шаруашылықта шығын еселеніп, өнімділік артпайтыны анық. Көктем келгеннен бастап егістікте жүретін қызылордалық шаруалар биыл су тапшылығының қиындығын көруде. "Ер-Әлі" ЖШС төрағасы Әліби Бекжанов егін алқаптарына су жетпеуіне техникалардың лайықты деңгейде жаңартылмауы да себеп екенін айтады.
– Шаруашылықтар биыл көпке дейін егін салып үлгере алмады. Себебі каналдарға су толық жетіп үлгере алмай жатты. Шаруалар жұмыстың көп бөлігін жалаң қолмен атқарады. Жаңа техникалармен түгел қамтылса суды үнемдеп, өнімді де жақсы мөлшерде жинай алатын едік, – дейді ол.
Осындай келеңсіздіктерден кейін ауылшаруашылығының дамуына күмән көбейді. Үкімет саланы қолдау жайын көп айтқанымен, "отандық өндіріс" деген желеумен кедергілерді қолдан жасап жатқандай.