Telegram – қылмыс кеңістігі: Дуров қандай себеппен жазаланбақ

2176

Кейінгі күндері ақпарат құралдары Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуровтың Францияда қамауға алынғанын жарыса жазуда. 

Telegram – қылмыс кеңістігі: Дуров қандай себеппен жазаланбақ Фото: коллаж inbusiness.kz

Бұл мәселеде көпшіліктің сұрағы біреу – "Дуров қандай себеппен сотталмақ?". Пікір айтушылар көп, ресейліктер отандасын жақтап, қамалуын әділетсіздікке баласа, екінші тарап 11 млрд доллар байлығы бар Дуров құрған платформа қылмыстарға жол ашқанын алға тартуда. Қай тараптың дәйегі сенімді, қазақстандық шенеунік неге Telegram негізін қалаушысын ақтап шықты?  

Русофобияның салқыны бар ма

Сонымен, Францияның сот органдары Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуровты қамауда ұстау мерзімін ұзартты. France-Presse агенттігінің хабарлауынша, жауап алу үшін қамауда ұстаудың бастапқы мерзімі 96 сағатқа дейін созылуы мүмкін, кейін сотқа жеткізіледі.

Қазір көрші Ресейдің билік өкілдерінен бастап, қарапайым азаматтарына дейін Дуровты ақтап алуға тырысып, Францияға қарата небір айыптаулар айтып жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 25 тамызда Ресей Павел Дуровпен байланысуға рұқсат беруді талап етіп нота жібергенін, бірақ Париж оның француз азаматтығын алға тартып, келісім бермегенін айтқан. Франциялықтардың көзқарасы да орынды, Ресейде туған Павел Дуров 2021 жылы Франция азаматтығын алған. Кейінгі жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрып, Telegram кеңсесін де сол елде орналастырған.

Бұл күні Ресей билігінің бірқатар өкілі Дуровты ұстаған француз үкіметінің әрекетін толассыз сынға алуда. Олар Франция мен басқа Батыс елдерінің билігін цензура мен "қос стандарт", русофобия үшін айыптауда. Дегенмен біз Ресей билігінің қит етсе русофобияны желеу етіп, кәрі құрлық елдерін айыптай беруіне келісе алмас едік. Бұған негізгі екі себеп бар. Біріншіден, кәсіпкер Ресейден шамамен 10 жыл бұрын кеткен. Одан бері Дуровты елемеген билік аяқ асты жаны ашып шыға келуі күмәнді. Ресейліктердің бұлайша реакция білдіруіне өздері қақтығысып жатқан Украинаға еуропалықтардың көмек беруі себеп іспетті. Екіншіден, "Агентство" басылымы Ресей пропагандасы миллиардердің қамалғанын өз мақсатына пайдаланды деп жазған. Яғни, осы оқиға арқылы Ресей билігі көпшілікке "Еуропа русофобияға толы" деген ойды таратқысы келетіндей. Қазір тіпті олар Француз билігінен ресми түсініктеме беруді талап етіп отыр.

Заңсыздыққа жол ашқан желі

24 тамызда кешкісін Франциядағы Ле-Бурже әуежайында ұсталғаннан кейін Француз билігі Дуровтан жауап алған. Бизнесмен Францияға Әзербайжаннан жеке ұшағымен ұшып барған екен. Негізі Париж ресми түрде түсініктеме бермегені рас, алайда алдын ала дереккөздерге сүйенген France-Presse ақпарат агенттігі біраз дүниенің сырын ашқандай. Дуровты тұтқындауға Францияның кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарға қарсы күрес басқармасы (OFMIN) алаяқтық, есірткі саудасы, киберқауіп, ұйымдасқан қылмыс және терроризмді насихаттау сияқты заңсыздықтарды алдын ала тергеуге байланысты ордер берген. Дуровты платформадағы қылмыстық істерге қарсы шара қолданбады деп айыптап отыр.

Расында да Telegram желісін қолданушылар жақсы біледі, небір қылмыстық бейнежазбалар, есірткінің сатылуы мен терроризм нәсихаты бұл платформада еркін жүреді. Қазір талай жастың есірткі тасымалдайтын "закладчики" атануы да Telegram арқылы іске асады. Бір ғана мысал айтсақ, Мәскеудегі Крокус сити холда болған терроризм кезінде содырлар осы желімен байланыс құрған. Әрине, оңтайлы тұстары бар желі, бірақ қылмысқа кеңістік ашып бергенін ашық айтқанымыз жөн.

Осы тұста Дуров өзінің іздеуде екенін біле тұра, Парижге неге ұшып барғанына таң қалғандар бар. Әзірге көпшілікке бұның сыры белгісіз. Оны тұтқындау туралы ордер бұрын шығып қойған, ол Францияға келгеннен кейін ордер күшіне енген.

Енді Telegram ұжымы да кәсіпкерді босатуды талап етуде. Олар Дуровтың жасыратын түгі жоқ екенін, ол Еуропада жиі саяхаттайтынын, ал Telegram мессенжері Еуроодақ заңдарын, соның ішінде цифрлық қызметтер туралы заңды сақтайтынын жеткізген.

– Бұл платформаны теріс пайдаланғанға платформа немесе оның иесі жауап береді деу – сандырақ", – деп жария еткен Telegram тобы.

Алайда дүниежүзінде миллиардқа жуық қолданушысы бар Telegram-ның жайсыз жағдайларды болдырмауға, ашықтықты қамтамасыз етіп, заңсыз ақпараттардың жолын кесуге тиіс еді. Бұл тәжірибе көптеген желіде барын ұжым ұмытқан секілді.

Қазақстандық шенеунік Дуровты неге ақтауда?

Бізді таңғалдырғаны, басқасы былай тұрсын, кей қазақстандықтардың шетелдік кәсіпкердің сөзін сөйлегені. Мысалы, Қазақстан журналистер одағы Франция билігін Павел Дуровтың құқықтары мен бостандығының сақталуын қамтамасыз етуге және іс бойынша объективті тергеу жүргізуге шақырды. Одақтың телеграм-арнасы 25 тамызда ашылып үлгеріпті.

– Интернет-сайттардың бұғатталуы жиі кездесетін бірқатар елде ресми түрде тіркелген тәуелсіз демократиялық БАҚ-тың үнемі кедергілерге тап болатынын немесе мүлдем жабылып тынатынын айтар болсақ, Павел Дуров негізін қалаған Telegram қазіргі таңда қоғамға объективті және цензурасыз сенімді ақпарат таратудың жалғыз көзі болып отырғанын ескерген маңызды, – деп жариялапты Қазақстан журналистер одағы.

Аяқ асты телеграм-арна ашып, Дуровқа қолдау білдіруінің сырын біз анық білмейміз, алайда біздің топшылауымызға, бұрынғы әдет бойынша одақ басшылығы "бір шенеуніктің" тапсырмасын орындауы мүмкін.

Қызығы сол, Қазақстан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Facebook-тегі парақшасында Дуров пен Telegram тобына қолдау білдіріп, пост жариялаған еді. Бұған дейін Дуровтың Қазақстанға бас сұққанын, кейбір жобалар бойынша көмек беруге ниеттенгені есте. Типті, кей олигархтармен қарым-қатынасы жақсы. Осының бәрі Дуровты құдды ресейліктердей қолдауға ұласқаны көрініп тұр.

Telegram басшысы осылай боларын алдын ала сезді ме, әйтеуір Ресейдің арнайы қызметімен немесе өзге елдердің арнайы қызметімен байланысы жоғын алға тартып келді. Дегенмен желі мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша құқыққа қайшы келетін контенттерді өшіруге дайын болған. Алайда ресейлік пропаганда үшін тиімді құралға айналғаны даусыз еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу