2019 жылы ақпан айында Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне темекі үшін ортақ акциздік мөлшерлеме бекітті. Бұл келісім бойынша одаққа мүше бес мемлекетте 2024 жылдан бастап темекі акцизінің бағасы мың темекіге 35 еуро мөлшерінде болуға тиіс. Баға тағы өседі.Ал жыл басынан бері елімізде шылым бағасы 11%-ға қымбаттады.
Көрсеткіштерге көз жүгіртсек
Energyprom.kz мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанда шылым мен өзге де темекі өнімдерінің өндірісі 8,8%-ға төмендеді. Осының салдарынан шылым бағасы өсті. Қыркүйек айында елімізде темекінің бір қорабының орташа құны 436 теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 11,4%-ға жоғары (1 қорап темекі – 391 теңге). Ең жоғары темекі бағасы Қостанайда (461 теңге) тіркелген. Одан кейінгі орында Нұр-Сұлтан (456 теңге) мен Ақтау (452 теңге) қалалары тұр. Бүгінде елімізде темекінің мың данасына салынатын акциздік мөлшерлеме 8700 теңгені құрайды. Яғни, ең арзан акцизді темекінің бір қорабы 400 теңге тұруы шарт.
Контрабанда көбейді
Жыл басынан бері темекінің қымбаттауына байланысты заңсыз жолмен арзан темекі тасымалдаушылар саны көбейгені байқалады. Мәселен, биыл Ақтау теңіз порты арқылы қылмыскерлер 1,8 млрд теңгеге контабандалық темекі алып өтпек болған. Маңғыстау облысы мемлекеттік кіріс департаменті мамандарының хабарлауынша, соңғы дерек "Морпорт" кеден бекетінде тіркелген. Ираннан еденге арналған қыш тақталар деген атаумен келген 6 контейнерден 333,9 млн дана темекі табылған.
"Шілде айының соңында Теңіз портына Ираннан "еденге арналған қыш тақталар" атауымен заттар келіп, құжаттары кеден бекетіне тапсырылған болатын. Тексеріс барысында құжатта көрсетілген тауардың орнына 333,9 млн қорап темекі табылды. Тауарлық сараптама бойынша аталған заттардың құны 1,2 млрд теңгеге бағаланды. Нәтижесінде кедендік төлемдер мен салық бойынша 3,7 млрд теңге шығын келді. Экономикалық контрабанда, яғни, тауарды декларациясыз алып өту қылмыстық іс қозғауға негіз болады",– деді Маңғыстау облысы мемлекеттік кіріс департаменті мамандары.
Бұдан бөлек Теңіз порты арқылы Грузия мен БАӘ-ден ел аумағына заңсыз темекі өткізбек болған фактілер тіркелген.
Бірыңғай акциз ЕЭАО елдеріне қалай әсер етті?
KPMG халықаралық аудиторлық компания ұсынған деректерге сүйенсек, 2018 жылы ЕЭАО елдеріне 20 млрд қорап темекі заңсыз саудаланған. Нәтижесінде төленбеген акциздер мен салықтан келген шығын көлемі 1 млрд долларды құрады. Ал одақ елдері арасында темекі өнімдеріне ең қымбат баға Ресейде тіркелген. Көрші елде 1 қорап темекінің орташа бағасы 540 теңге. Екінші орында 436 теңге көрсеткішімен Қазақстан тұр. Сарапшылардың пікірінше, ЕАЭО елдері мен Еуропалық одаққа заңсыз темекі өнімдерінің басым бөлігі Беларусьтен тасымалданады. Себебі бұл мемлекетте ең төменгі баға тіркелген (1 қорап темекі - 270 теңге). Сонымен қатар, мамандар жыл сайын Беларусьтен 13 млрд қорап темекі заңсыз шығарылатынын айтуда.
Акциздік мөлшерлеменің жоғарылауы шылым шегетіндер санының азаюына әсер ете ме?
Мамандар баға динамикасы халықтың шылым шегуіне әсер етпегенін айтады. Мәселен, 2018 жылы елімізде тыныс алу органдарының ауруларымен сырқаттану 100 мың адамға шаққанда 23,9 мың адам болған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 24,8 мың адамды құраған. Тыныс алу органдары ауруларынан өлім-жітім көрсеткіші 2018 жылы 100 мың адамға шаққанда 87,1 адамды құраса, бір жыл бұрын - 92,2 адам болған.
Құралай Құдайберген