Темекі өнімдері касса алдынан әкетіледі

6508

Темекіні көлегейлейтін перделі сөрелер үшін бизнес 5 млрд теңге жұмсамақ.

Темекі өнімдері касса алдынан әкетіледі

Үкімет "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің жобасы бойынша реттеушілік құралдардың реттеушілік әсерлерін талдау нәтижелерін жария етті.

Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген құжатта бүгінде шылым шегудің таралуы бойынша Қазақстанның көрсеткіші "әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі" екені айтылып, дабыл қағылған. Қазақстандықтардың 22,4%-ы, соның ішінде ерлердің 42,4%-ы және әйелдердің 4,5%-ы темекі тартады. Яғни, әрбір он адамның шамамен үшеуі мұржадай ауыздарынан түтін будақтатып жүр.

Бұл көрсеткіш бойынша мемлекетіміз тіпті ең шылымқор саналып келген елдерді артқа тастады. Атап айтқанда, темекі шегушіліктің таралуы Шығыс Жерорта теңізі елдерінде – 22%, АҚШ-та – 20%, Оңтүстік-Шығыс Азияда – 19%, Африкада – 15%, Скандинавия елдерінде – 10%.

Бүгінде Қазақстандағы темекі шегушілердің саны 2 миллион 821,9 мың адамға жетіпті. Өкінішке қарай, шылымқорлық дерті бойында қуаты тасыған, қылшылдаған жас қазақстандықтарды жалмауда: темекі өнімдерін ең белсенді тұтынушылар 25-44 жас аралығындағы азаматтар екені мәлім болды.

Сарапшылар мұны да геноцидтің бір түріне балайды. Қазіргі кезде әлемде темекі әр 6 секунд сайын бір өмірді қиып отырады, темекі шегу жыл сайын 5,4 миллион адамның өліміне себеп болады.

Өкпені толтырған көк түнін көп сырқатқа себеп екені жасырын емес. Ұлттық экономика министрлігі темекі тарту да ықпал ететін ауруларды емдеуге 0,3 триллион теңге шығындалатынын хабарлады.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген, Қазақстанда ересек адамдардың арасында темекі шегудің таралуы көрсеткіштеріне негізделген болжамдарға сәйкес, 2,8 миллион шылымқордың 1,4 миллионнан астамына темекі шегумен байланысты мезгілінен бұрын қайтыс болу қаупі төнеді. Ал темекіге қарсы күрес бойынша белсенді шаралардың болмауы кесірінен бұл сан артпақ. Проблема әлі де шешілмеуде және келешекте тек өрістей береді", – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі.

Жағдайдың ушығуына темекі жарнамасының бар жерді жайлап алуы да үлес қосуда. Өнім өткізушілер тауардың тұтынушы көбірек аялдайтын ең өтімді жерде – касса алдында тұруы үшін гипер және супермаркеттерге қосымша ақы төлейді, касса алдында арнайы әрі үлкен сөрелер жабдықтайды. Министрліктің мәліметінше, темекі барлық жерлерде, соның ішінде мектептердің қасында сатылады.

Осы саладағы мәселелердің ауқымын анықтау үшін мемлекет тәуелсіз сарапшыларға кең көлемді зерттеуге тапсырыс беріпті. Оның нәтижелері лоббидің қалай белең алғанын да көрсетіп отыр. Тәуелсіз зерттеу 2018 жылғы мамырда Қазақстанның ірі қалаларында – елордада, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Шымкент және Өскеменде жүргізілген және оның аясында мектептерден бес минуттық жерде орналасқан 325 сауда нүктелері қамтылған.

Бұл сауда орындарының барлығында тікелей балаларға бағытталған жарнама анықталды. Сонымен, ірі қалаларымызда мектептердің жанында ашылған дүкендердің шамамен тең жартысында – 42%-ында шылымдар шамамен 1 метрлік, яғни балалардың көзі деңгейіндегі сөрелерге әдейі қойылған. Сауда нүктелерінің 56%-ында темекілер тәттілер мен ойыншықтардың жанында орналастырылыпты. Олардың 70,5%-ы жастарға арналған түрлі хош иістендірілген қоспалары бар шылымдарды сатады. Бөлшек сауда нысандарының 92,5%-ы темекіні насихаттайтын жарнамаға толы болып шықты.

Жоғарыда айтылған құжатта атап көрсетілгендей, Қазақстанда темекі өнімдерінің нарығын екі ірі компания – "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС және "Джей Ти Ай Қазақстан" ЖШС бақылайды. Олар бүкіл әлем бойынша жұмыс істейтін Philip Morris International және Japan Tobacco International секілді трансұлттық компаниялардың бөлімшелері.

Қазіргі уақытта сигареттің елдегі жылдық өндірісі 18 миллиард 144,2 миллион тал темекіге немесе 907,2 миллион қорапқа жетіпті.

Темекі және өзге де темекі өнімдерін шығарудың негізгі орталығы Алматы облысы саналады: елдегі өндірістің 99,9%-ы сонда шоғырланған. Компаниялар 2018 жылдың қорытындысы бойынша табыстарын 16,7%-ға ұлғайтып, 96,7 миллиард теңгеге жеткізді.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл салада ары қарай да реттеу болмаса, "темекі тарту көлемі артатынын", "темекі өнімдерін өндірушілер негізінен жасөспірімдер мен жастар арасынан жаңа тұтынушыларға қол жеткізетінін" айтады.

Сондықтан Қазақстанда денсаулық кодексіне өзгерістер жобасы әзірленді. Ол бойынша бұдан былай темекі өнімдерін касса жанында ашықтан ашық сатуға тыйым салынбақ. Егер жаңа заң жобасы Парламентте лобби қарсылығына ұшырамай, қабылданса, онда шылымның барлық түрі тек жабық пердемен жабылған сөрелерде сатылатын болады. Яғни, енді сигарет қораптары тұтынушылардың көз алдында тұрмайды, жасырылады. Саудагерлерге "темекі сатылады" деп жазуға және шылымқор сұрағанда шымылдықтың ішінен алып өткізуге рұқсат.  

Ел Үкіметі бизнестің бұл талапты қабылдауға дайын отырғанын мәлімдеді. Мәселен, Galmart, Ramstore және басқа да ірі сауда орталықтары, сондай-ақ жекелеген ұсақ бөлшек сауда желілері темекі өнімдеріне арналған перделермен жабылған бокстармен және арнайы сөрелермен жабдықталып жатқаны үлгіге келтірілді.  

Үкіметтің қаржыгерлері Қазақстандағы барлық сауда орындарын перделері бар витриналармен жабдықтаудың темекі өндірушілерге түсіруі мүмкін шығынын да есептеп шықты:

"Мұндай витринаның орташа құны 80 мың теңге болатынын ескерсек, перделері бар витриналар орнатуға темекі кампанияларының шығыстары шамамен 5-6 млрд теңгені құрайды", – дейді олар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу