ДСҰ: Э-темекінің зиянына күмән жоқ

5203

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы электрондық сигареттердің адам ағзасына залалды екенін ескертіп, мұндай темекінің реттеуді қажет ететінін мәлімдеді.

ДСҰ: Э-темекінің зиянына күмән жоқ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы электрондық темекінің зиянды екеніне күмән жоқтығын жұма күні мәлімдеді. Оның ойынша, залалды әдеттен арылғысы келген шылымқорлар мұндай өнімдерді тұтынуды доғарғаны абзал.

Қазір әлемде батареялы "мүштікпен" тартылатын электрондық сигареттерге сұраныс артып келеді. Оны қолданған адам никотин сұйығын бәрібір жұтады және де соған дағдыланып кетеді. Бүкіл әлем саясаткерлерін оған, әсіресе,  жастардың көптеп әуестеніп жатқаны алаңдатып отыр.

ДСҰ-ның баяндамасына қарағанда, э-темекіні тартқан адам токсинді қарапайым шылыммен салыстырғанда аз жұтқанымен, электрондық сигареттердің "денсаулыққа қауіптілігін" әзірге жоққа шығару мүмкін емес.

"Никотинді жеткізудің электрондық жүйесімен байланысты қауіптің нақты деңгейі толық анықталмаса да, мұндай темекі адам ағзасына сөзсіз қатер төндіреді. Осыған байланысты э-сигареттер реттеуді қажет етеді",– деп жазылған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғаламдық темекі эпидемиясы жайлы баяндамасында.

Сонымен қатар, ДСҰ зерттеуінде электрондық сигареттердің кәдімгі темекіні тастағысы келетін адамдарға нақты көмектескенін растайтын "дәлелдің жеткіліксіздігі" де айтылған.

"Темекінің жаңа түрі қолжетімді елдердің көбінде электрондық сигаретті қолданушылардың басым бөлігі қарапайым темекіні тартуды тоқтата қойған жоқ",– дейді халықаралық ұйым өкілдері.

Соңғы жылдары ірі табак компаниялары электрондық темекіні белсенді түрде насихаттап, клиенттерінің қатарын көбейту үшін олардың зиянын азайтып көрсетуге күш салып келеді.

Олардың сөзінше, мұндай өнімдердің залалы дәстүрлі темекімен салыстырғанда әлдеқайда төмен және э-сигареттер тұтынушыларға зиянсыз альтернатива бола алады. 

Алайда, ДСҰ-ның ескертуінше, табак өнеркәсібінің электрондық темекі туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуының өзі - "нағыз қауіп".

Сонымен қатар, баяндамада Philip Morris International тәрізді алып корпорациялардың "түтіннен ада өнім" деп, әсіресе, өскелең ұрпақты денсаулыққа әсері толық анықталмаған темекіге елітіп отырғаны жазылған.

Бұған Philip Morris International-дың баспасөз хатшысы Райан Спарроудың берген жауабы мынадай: "Шылым шегушілер үшін ең дұрысы – сигареттен, никотиннен мүлде бас тарту. Бұған таласымыз жоқ. Бірақ өмір шындығы сол – көптеген адамдар темекіні тастауға дәрменсіз. Ал, ондай жандардан біз теріс айнала алмаймыз. ДСҰ тәрізді ұйымдар шылымқорларға ақыл айтуды тоқтатып, оларға құлақ аса бастауы керек".

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шылымқорлықпен күрес бағдарламасының жетекшісі Винаяк Прасадтың мәлімдеуінше, электрондық темекінің құрамында никотиннен бөлек жүрек пен өкпені зақымдайтын аэрозолдар да бар.

"Э-темекінің ұзақмерзімдік әсерінің қандай болатынын бақылап отырмыз. Ол рак ауруына шалдықтыра ма?",– дейді Прасад "Фран-пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Электрондық сигаретті қолдануды шектеу шаралары қазір әлемде күшейіп келеді. Өткен айда Сан-Францискода мұндай өнімді шығаруға және сатуға тыйым салынды. 

Әлем шылымқорларының үштен бір бөлігі тұратын Қытай да электрондық темекі тартуға арналған құрылғыны қолдануды заңмен реттеуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ осы баяндамасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы темекіні тастағысы келгендерге қосымша көмек беруге шақырды. Оның дерегінше, әлемде табакты қолдануды ниет еткен тұрғындардың 30 пайызының ғана кеңес алуға, сенім телефонына хабарласуға және дәрі-дәрмекке қолы жетіп отыр.

Осы ұйымның өзге бір зерттеуіне қарағанда, жәрдем болмаса, темекіден бас тарту әрекеттерінің төрт пайызы ғана сәтті аяқталып, қалғандары зиянды әдетті әрі қарай жалғастыруға ұласады.

ДСҰ бұған дейін хабарлағандай, жер шарында темекіні тікелей немесе ырықсыз тұтыну нәтижесінде жыл сайын 8 миллионнан астам адам қайтыс болады.

2007 жылдан бері шылым шегушілер саны біршама азайса да, олардың қатары бәрібір тым көп: қазір планетада 1,4 миллиард адам темекі тартады және де олардың басым көпшілігі – ер адамдар екен.

"Темекіні тастаған адамдар ұзақ, салауатты әрі өнімді ғұмыр кеше алады",– деп жазылған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баяндамасында.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу