Биыл медицина саласында қандай жаңалықтар болды?

22584

Денсаулық сақтау саласына қатысты оқиғаларға сараптама жасап көрсек.  

Биыл медицина саласында қандай жаңалықтар болды?

Медицинада қандай да бір өзгеріс болып жатса, ол міндетті түрде адамға әсер етеді. Өйткені, дәрігер мен медицина саласының маманы адам тағдырын, өмірін өзгерте алатын мамандық иесі. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері 2019 жылы есте қаларлық қандай шешімдер қабылдады?

МӘМС – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

Елімізде медициналық сақтандыру жүйесі заң арқылы енгізілді. Заң бойынша барлық жұмыс істейтін азаматтардың табыстарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар алынуға тиіс. Жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке тәжірибемен айналысатын адамдардың сақтандыру жарналарын төлеуін Мемлекеттік кірістер департаменті қадағалап отырады. Төлем мерзімін кешіктіргендерге өсімпұл жүреді, қасақана төлем жасамайтындардың есепшотына шектеу қойылады.

Биыл жарна мөлшері –  еңбекақының 1,5%-ы. Әзірше жарнаны мемлекеттік құрылымдар мен жекеменшік ұйымдарда жұмыс берушілер төлейтіндіктен, бұл қызметкердің жалақысына әсер етпейді.

Дегенмен 2020 жылдан бастап жағдай өзгереді. Келер жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс беруші еңбекақыңыздың 1%-ын (2022 жылы – 2%) ұстап, медициналық сақтандыру қорына аудара бастайды.

Денсаулық сақтау саласы цифрлануда

Әлемдік үрдістен қалмай, қазақстандық медицина да цифрлануда. Бұл бірінші кезекте медициналық қызметтерді сатып алу саласында жүзеге асып жатыр. 2020 жылдан бастап елімізде медициналық қызметтерді сатып алу электронды портал арқылы жүзеге асады. Қараша айында сатып алу порталы сынақтан өтті. Келесі жылы осы портал арқылы 1 триллион 600 млрд теңгеге медициналық қызметтер сатып алынады. Осы саланың мамандарының айтуынша, электронды сатып алу – сыбайлас жемқорлық пен қателіктер қаупін азайтып, ашықтықты қамтамасыз етуге тиіс, сонымен қатар қағазбастылық та жойылмақ.

Ел емханаларында жасанды жады дәрігерге жәрдемші болуда. Мысалы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында былтыр жасанды интеллект енгізілген. Қазір аталмыш институтта онкологиялық кеселдерге жасанды жадының көмегімен диагноз қойлуда.

Биыл Қазақстан тұрғындары үшін ұлттық электронды денсаулық паспортын жасау да қолға алынды. Жеке куәлігі немесе смартфоны бар кез келген азамат электронды денсаулық паспортын өзінің телефонында қарау мүмкіндігіне ие болады. Қағаз нұсқасынан толықтай бас тарту күтілуде. Ал 2021 жылдан бастап адамдардың жоспарлы медициналық қаралуы, медициналық байқаудан өтуі тәрізді қажетті ақпараттарды азаматтарға белсенді түрде жолдап отыру жолдары қарастырылда. Мысалы, адам денсаулығына байланысты қандайда бір күдік пайда болса, бұл туралы хабарлама SMS түрінде телефонға түсіп, емханаға келуге кеңес берілетін болады.

Өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласында келеңсіз жайттар да кездесті.

Әсіресе, Атырау  облысында биылғы жылдың алғашқы 9 айы ішінде 1 жасқа дейінгі сәбилердің 156 өлімі тіркелген. 98 бала облыстық перинаталдық орталықта, қалған 54-і басқа медициналық ұйымдарда қайтыс болған. 4 бала үйде көз жұмған. Сәби өлімі негізінен перинаталдық кезеңдегі жағдай, инфекциялық аурулар, туа біткен кемістіктер, жазатайым оқиғалар себебінен туындаған.

Атырауда тірі туған сәбиді тоңазытқышта тұншықтырып өлтірген дәрігерлердің ісі бүкіл елді дүрліктірді.

Тұмауратпаудың бағасы қанша?

2019-2020 жылғы эпидемиялық маусымға Ресейден сатып алынған "Гриппол плюс" вакцинасына бюджет қаражатынан 1 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Вакциналау уақытында кейбір ата-ананың балаларын егуден бас тартуы жылда қайталанатын жағдай. Бұдан былай балабақша мен мектептерге тек вакциналанған балаларды ғана жіберу туралы ұсыныс жасалып, балаларын еккізбеген ата-аналарға әкімшілік айыппұл салу қарастырылуда.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу