ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің жас IT-мамандарына қолдау көрсету мақсатында Digital Bridge инновациялық технологиялар саласында халықаралық форум өтуде. Форум аясында ҚР денсаулық сақтау министрлігі Digital Health 2.0 халықаралық конференциясы және денсаулық сақтау саласындағы жоғары технологиялар көрмесін ұйымдастырды.
Халықаралық мекемелер, Microsoft, Philips, Эрикссон Никола Тесла, iVoice Technology, 1С сынды алпауыт компаниялардың, медициналық жоғары оқу орындарының, ТМД елдерінің министрлік өкілдерінен тұратын жүзден аса спикер қатысқан шарада денсаулық сақтау саласындағы цифрлық технологиялардың соңғы жетістіктері және оларды тәжірибеде қолдану мәселелері талқылануда.
Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев форумның басты мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы дүниежүзілік танымал ұйымдардың өкілдерін, министрлер мен орынбасарларын шақыра отырып, ҚР денсаулық сақтау саласын цифрландырудың маңыздылығын баяндау және алдағы 3-4 жылда болатын өзгерістерді анықтау, сондай-ақ, ІТ компанияларымен бірлесе отырып атқаратын жобаларды талқылау екендігін айтты.
"Денсаулық сақтау министрлігі таңдаулы жобаларды дамыту үшін инфрақұрылым құрумен, заңнамалық немесе мемлекеттік деңгейде жағдай жасаумен айналысады. Жеке компаниялар жобаларын ұсынса, біз оларды қарастырамыз. Дәрігерлер жұмысында жасанды интеллекті пайдалану талқыланып жатыр. Жасанды жады дәрігерді жұмыссыз қалдырмайды, ол дәрігерге жәрдемші болады. Мысалы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында өткен жылы жасанды интеллект енгізілген. Ол қазір институтта онкологиялық кеселдерге диагноз қоюда пайдаланылуда. Жасанды интеллекті тек онкологиялық қана емес, басқа да науқастарды емдеуде қолдану қажет", – деді Олжас Әбішев.
Жоғары технологиялар мен жасанды жады талқыланып жатқан заманда еліміздегі емханаларда компьютерлер мен жүйенің "қатып қалуы" себебін вице-министр түсіндіріп, жақында болатын өзгерістер туралы пікірін білдірді.
"Емханалардың көпшілігі министрлікке қарамайды. Олар әкімшіліктің қарамағында. Қажетті инфрақұрылым мен интернет арнасын сатып алу толықтай жергілікті атқарушы биліктің қолында. Дегенмен интернет байланысын жақсарту мақсатында бірлесе жұмыс атқарудамыз. Аймақтармен жасасқан келісім шеңберінде биылғы жылдың аяғына дейін бұл мәселе шешімін табуға тиіс",– деді денсаулық сақтау вице-министрі.
Ол сондай-ақ, елімізде алда болатын жаңашылдықтарды да тілге тиек етті.
"Қазақстан тұрғындары үшін жасалып жатқан үлкен жобамыздың бірі – ұлттық электронды денсаулық паспорты. Қолында жеке куәлігі немесе смартфоны бар кез келген азамат өзінің телефонында электронды денсаулық паспортын көре алады. Қағаз нұсқасынан толықтай бас тартуға болады. Бұл үлкен жетістіктердің бірі. Ал 2021 жылы адамдардың жоспарлы медициналық қаралуы, медициналық байқаудан өтуі тәрізді қажетті ақпараттарды азаматтарға белсенді түрде жолдап отырамыз. Мысалы, денсаулығыңызға байланысты қандайда бір күдіктің болуы жазылған хабарлама SMS түрінде телефоныңызға түсіп, емханаға келуіңізге кеңес береді. Адам дәрігерге қаралуы жайлы алдын ала біліп, емханаға келеді", – деді денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.
Еске сала кетейік, Digital Health Astana IT-көрмесі тұңғыш рет 2018 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша өткен Жаһандық конференция аясында ұйымдастырылды. Аталған көрмеде үздік цифрлық шешім аталымы бойынша ReLive жобасы халықаралық және қазақстандық компаниялар арасында жеңімпаз атанып, халықаралық резонанс тудырған болатын. Жоба БҰҰ құрастырған әлемнің ең үздік 20 инновациялық шешімдер тізіміне енген.
Нұржан Көшкін