Әлемді жасанды интеллект дәуіріне кім бастайды

7914

Капиталистік Америка ма, социалистік Қытай ма?

Әлемді жасанды интеллект дәуіріне кім бастайды

Болжамдарға қарағанда, жасанды интеллект (ЖИ) таяу жылдары әлемді геосаяси өзгерістерге ұшыратып қана қоймай, дүниежүзілік экономикаға 2030-ға дейін 15,7 трлн доллар қоспақ.

Бүгінде ғаламдық бәсеке дәл осы "электрондық миға" байланысты болып отыр. ЖИ мен компьютерлік оқу өндірісті, энергетикалық басқаруды, қалалық көлікті, еңбек нарығын, қаржылық істі қайта құрылымдайды деген болжам бар. Сонымен қатар мұндай инновацияны сәтті енгізген мемлекеттер XXI ғасырда стратегиялық тұрғыдан көш бастамақ. Ал ЖИ-ға қарсылық білдіргендердің болашағы жарқын болуы екіталай.

АҚШ – ЖИ мен өзге де технологияларға мол инвестиция салған мемлекет. Мәселен АҚШ-тың Ұлттық ғылым қоры жыл сайын жасанды интеллект зерттеулеріне 100 млн доллар жұмсап отыр. Ал Пентагонның перспективалық зерттеу жобалары басқармасы AI Next бастамасына 2 млрд шығындайтынын жариялады. Бұл жобаның түпкі мақсаты – контекстуалдық және адаптивтік ойлауды ілгерілету.  АҚШ әскерилері бірлескен жасанды интеллект орталығын құрып, оның көмегімен қорғаныс министрлігі мен әскери қызмет түрлеріндегі ЖИ-дың іс-әрекеттерін қадағалап отырмақ.

Құрама Штаттар жасанды интеллектті ашу жолында жетекші рөл ойнаса, Қытайдың "қолдан жасалған ақылды" индустрияландыру бәсекесінде үстемдікке құлшынысы жоғары. Бейжің "электрондық миды"  машина жасау, электроника, инфрақұрылым, экологиялық таза энергия секторларына енгізуге ерекше мән беріп отыр.

Google-дың бұрынғы басшысы Кай-Фу Лидің сөзінше, Қытайдың инновациялық жүйесі бүкіл әлем елдерін екі жолдың бірін таңдауға мәжбүрлейтін ғаламдық экономикалық двуполия (бәсекелес екі монополиялық компания) құрып жатыр. Ли Карнеги Меллон университетінде сөз анықтау саласы бойынша философия докторы дәрежесін алғаннан кейін Apple, Microsoft Research және Google China компанияларында жасанды интеллектті зерттеу бөлімдерін басқарып, бүгінде Бейжіңде венчурлық инвестицияларға жетекшілік етіп отыр.

Лидің айтуынша, Қытай экономикасы мемлекеттік саясат пен нарықтық күштердің жемісті байланысына негізделген. Қытай жасанды интеллект саласындағы озық коммерциялық мүмкіндіктерді иеленіп қана қоймай, осы бағытта айқын ұлттық стратегия жасақтап үлгерген. Сонымен қатар Америкаға қарағанда, Қытай үкіметі елдің орасан экономикасын әрі қарай өркендету үшін  ЖИ-ға мол қаржы құйды. Лидің сөзінше, Қытайдың мемлекеттік стратегиясы дүниежүзінің технологиялық нарығын ұзақ мерзімге қайта құрылымдау үшін  Baidu, Alibaba Tencent тәрізді қытайлық компаниялардың жетістіктерін негізге алып отыр.

Қытай өзінің өсімі үшін жасанды интеллекттің орны ерекше екенін мойындайды. Американың Forbes журналының мәліметінше, бүгінде бұл мемлекет компьютер, электроника, смартфон, телекоммуникациялық технология салаларында  жасанды интеллект өнімдерін өндіруді қолға алып отыр. Солардың қатарында автономдық көліктер, озық медициналық құрал-жабдықтар, қаржы технологиялары бар. 

Соңғы уақытқа дейін Қытай өнеркәсібіне жасанды интеллектке негізделген инновациялардың бір бөлігі бірте-бірте енгізілді. Қазір бұл процестің қарқыны күшейіп отыр. Қытайдың технологиялық секторы капитал, тәжірибе, талант жағынан сындарлы деңгейге дейін шарықтап, әлемде үстем күшке айналып келеді. Ал 2030 жылға дейін Қытай ЖИ саласында көшбасшыға айналудан үмітті.  

Бүгінде индустриалдық жасанды интеллект дәуірінде қай экономика озады: капиталистік Америка ма, социалистік Қытай ма? Екі ғасыр бойы технология мен инновацияда Батыс үстемдік етті. Қазір жағдай өзгеріп келеді.

"Қытайдың жоспарлау моделінің тиімділігімен санасуға тура келіп тұр. Құрама Штаттардың бес технологиялық алыбы - Amazon, Facebook, Microsoft, Apple және Google – батыстық капитализмді қайта айқындап жатса, Қытай өзіндік "технонационализм" жасау жолына түсті", – деп жазады саяси сарапшы Дэниель Арая Американың Forbes журналында жарық көрген  мақаласында.   

Оның пікірінше, АҚШ пен дамыған экономикалардың басты проблемасы  –  үкіметтің биік мақсаттарын құнсыздандыратын нарықтық фундаментализм. Ал Америка бастаған неоклассикалық экономикалық теория жарты ғасыр қызмет еткенде, Қытайдың жоспарлау моделі тауар жеткізуде өзінің стратегиялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді екенін дәлелдеп берген. Сонымен қатар, Араяның ойынша, Құрама Штаттар сайлау үшін дауласып жатқанда, Қытай ойын тәртібін өзгертіп, Батыс бастаған әлемдік тәртіптің құлдырауын жеделдетіп жатыр.

Тағы бір сөзінде америкалық автор батыс елдерінің әртүрлі деңгейдегі жаңа басшылыққа мұқтаж екенін атап өтті.

"Соғыстан кейінгі ұрпақ либеральдық ғаламдық тәртіпті қалыптастырды. Бүгінде қартайған демократтарға дүниежүзілік озық технологиялық жаңа қоғам туралы көрегендік қажет. Және де бізге жас әрі ақылды, ең бастысы – технологиялық сауатты лидерлер толқыны керек болып тұр", – дейді Дэниель Арая.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу