Жасанды интеллект өміріңіздің ұзақтығын болжай алады

11820

Жасанды жады медицинада кеңінен қолданыла бастайды.  

Жасанды интеллект өміріңіздің ұзақтығын болжай алады

Digital Health Astana халықаралық көрмесі алаңында БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелері жөніндегі департаментінің аймақаралық кеңесшісі Ричард Керби "Денсаулық сақтауды цифрландырудың шексіз мүмкіндіктері" тақырыбындағы баяндама жасады. Кеңесшінің пікірінше, жасанды интеллектің (ЖИ) денсаулық сақтау саласында маңызы өте зор болғанымен, дәрігерді алмастыра алмайды.

"Жасанды жадының денсаулық сақтау саласына дендеп енуінен, дәрігерлер жұмыссыз қалмайды. Жасанды интеллект тек көмекші құрал ретінде қызмет етеді. Жасанды интеллекке мен төрт қырынан қараймын. Біріншіден, ЖИ – денсаулық сақтау саласының трансформациясы кезінде емделушілерге, дәрігерлерге және ауруханаларға қатысты мәліметтер жинап, сақтауға жәрдемдесетін жүйе. Жүйені пайдалана бастағаннан кейін уақыт өте келе, емханаңыздың жақсы дами бастағанын байқайсыз. Ал кереғар пікір тудыратын мәселе – жасанды интеллектің диогностика жасаудағы атқаратын рөлі. Әсіресе, науқас адамды емдеуде ЖИ қандай шешім қабылдайды? Көптеген дәрігерлерді осы сұрақ мазалауда. Мысалы, тәжірибесі аз жас дәрігер ЖИ шешіміне көбірек сүйенуі мүмкін. Ал егер науқас қоңырау шалса не істейді? Өзі шешім қабылдай ма, әлде роботтан ақыл сұрай ма? Міне бұл нағыз – сын сағаты. Бір дәрігер "қара жәшіктің" деректерін дұрыс санаса, енді бірі сенімсіздікпен қарайды", – дейді Ричард Керби.

"Келесі мәселе – логистика. Мысалы, азаматтар кейде қай ауруханаға барарын білмей жатады. Дәрігерлердің жеке дағдысы жайлы да ақпар алғысы келеді. Ондай ақпаратпен халықты хабардар етіп отыру қажет. Жасанды интеллект көмегімен жиналған мыңдаған ақпаратты терең зерттеуге мүмкіндік бар. Мысалы, тәжірибесі жоқ жас маман алдымен виртуалды шынайылықта ота жасап үйрене алады. Бұдан бөлек, ЖИ арқылы денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер болып жатқандығын және келешекте болатын үрдістердің бағыт-бағдарын біліп отыру да маңызды. Қазір күнделікті өмірімізде барлығымыз смартфон пайдаланамыз. Селфи жасау көпшіліктің әдетіне айналған. Смартфон бүгінгі күні диогоностика жасау құралына айналғанын білетін боларсыз. Фотосурет арқылы адам өзінің денсаулығына диогностика жасай алады. Дәрігерде сіздің соңғы алты айға, бір жылға немесе бірнеше жылға жасалған электронды медициналық картаңыз болады. Қандай жағдайда сырқаттандыңыз, қалай емделдіңіз барлығы жазылып, деректер жиналып отырады. Электронды сырқатнаманың болашағы өте зор", – деді еліміздегі электронды үкіметтің дамуына өз үлесін қосқан тәжірибелі кеңесші.

БҰҰ кеңесшісі баяндамасында негізгі төрт дертке қатысты мәселе көтеріп, тасымалданатын электронды аксессуарлардың адам өміріндегі рөлін сөз етті.

"Жүрек, өкпе ауырулары, семіздік және диабет. Осы төрт ауыруды бақылауда ұстап, оларға әрдайым мониторинг жүргізіп отыру қажет. Әрине ауырмау үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, дене шынықтырумен айналысу қажет. Ал егер науқастанып қалсаңыз, қалыптасқан әдетіңізді өзгертуіңізге тура келеді. Осындай кезде тасымалданатын арнайы аксессуарлар сізге нұсқау беріп, жол көрсетіп отырады. Мысалы, айына 8 мың қадам жаяу жүруді мақсат тұтсаңыз, уақыты келгенде 12 мың қадам жасайтын боласыз. Яғни, күнделікті жасайтын жаттығуларыңызды, диетаңызды бір деректер базасына сақтап, жасанды интеллектің көмегімен қарап отыратын болсаңыз, ЖИ сізге дұрыс жоспар құруға көмектеседі. Тіптен, тасымалданатын электроника өміріңіздің ұзақтығын болжай алады. Егер күнде шылым шегіп, ішімдік ішіп, майлы тағам жесеңіз, ұзақ жас жасамауыңыз ықтимал. Алайда, физикалық жаттығулар жасап, өзіңізге күтіммен қарасаңыз, ағзаңыздағы күйзелісті азайтуыңызға болады. Осы ретте тасымалданатын электроника септігін тигізеді. Ойланып көріңізші, "қолыңызда ағзаңызды көрсететін панель" бар делік. Панель бетінен жүрегіңіздің қалай соғып тұрғанын, басқасын да көре аласыз. Сонымен қатар, ауруханаларда қанша науқас қайтыс болғанын, дәрігерлердің, мейірбикелердің біліктілігінің деңгейі қандай екенін білуге болады. Бұл ақпарат науқасқа емделу үшін аурухана таңдау кезінде қажет. Мысалы, мен адам өлімі көп аурухананы таңдамай, абырой-беделі жоғары жерге барар едім. Осындай панель әзірлеу үшін деректер жинау керек. Сол кезде болжам жасау жеңілдейді", – дейді Ричард Керби.

Ричард Керби жасанды интеллектің кемшін тұстары мен құқықтық негіздері жайлы да айтып өтті.

"Қазір байқасаңыздар, жастардың көпшілігі телефондарынан көздерін айырмайды. Телефонын алып алсаңыз да бір нүктеге қадалып жүреді. Ондай кісілер адамның көзіне қарамайды. Көзін көзбен түйістірмейді. Қоршаған ортасына, айналасына мән бермейтін адамдарға қалай сенуге болады? Жасанды интеллект те сондай. Ол тек деректерге қарайды. Алдына ауыр жағдайдағы бес жасар сәби мен жетпіс бес жасар қарт адам келіп тұрса, жасанды жадыға қайсысын емдесе де бәрібір. Ал дәрігер өзі шешім қабылдайды. Дәрігердің адамға түсіністікпен қарай алуы өте маңызды. Жасанды интеллект дәрігерлердің дұрыс шешім қабылдауына көмектесетін құрал, ол дәрігер үшін шешім қабылдай алмайды. Ал егер ЖИ мен дәрігер бір-бірімен келіспей қалса кімді тыңдаймыз? Жастар көбінесе ЖИ-ге сенеді. Мен сияқты қарт адамдар тәжірибелі дәрігерлерге сенеді. Ал ЖИ шешімі қате болып шықса, кімді кінәлайсыз? Жәшікті ме? Шешім қабылдау алгоритмін жасаған бағдарламашыны ма? Дәрігер мен мейірбикені ме? Бұл жерде үлкен құқықтық мәселе бар. Сонымен қатар ЖИ сіз туралы жеке мәліметтер жинайды, онымен бөліседі. Жеке деректер қалай қорғалады?", – деп толғанды БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелері жөніндегі департаментінің аймақаралық кеңесшісі.

Ричард Керби сөзін қорытындылай келе, денсаулық сақтау саласы мамандарына қаратып екі нәрсені баса айтты: "Бірінші – ЖИ жақын болашақта сіздерді алмастыра алмайды. Екінші – жасанды интеллектің заңдық аспектілерін ойлап табыңыздар. Өйткені жақында ЖИ-ке тәуелділік артқан кезде өте қажет болады. Жасанды интеллект стратегиясы бойынша үш нұсқамыз бар: бизнестегі тұрақты  инновация, 5G келуінің маңыздылығы және электронды ортадағы мәдениетінің қалыптасуы. Дәрігерлер ЖИ шешіміне толықтай сенім артпауы керек. Шешімді дәрігер қабылдасын! Мен жәшікке емес, дәрігерге сенемін!"

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу