Төлемді кешіктірген жеке кәсіпкерден өсімпұл өндіріліп алынады

5086

МӘМС жарналарын әр айдың 25-не дейін төлеу керек.  

Төлемді кешіктірген жеке кәсіпкерден өсімпұл өндіріліп алынады

Биылғы жылдан бастап еліміздің азаматтары табыстарының бір бөлігін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына аударып отыруға міндеттелді. Кәсіпорындар мен мекемелерде төлемдер мен аударымдарды бухгалтерлер орындайтыны белгілі.

Ал штатында есепшісі жоқ жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалығының иелері және жеке тәжірибемен (жеке адвокаттар, сот орындаушылары, т.б.) айналысатын тұлғалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарнасын ай сайын өзі төлеп отыруы қажет.

Биылдан бастап ай сайын ең төменгі жалақының 5% ставкасы бойынша 1,4  МӘМС жарналарын аудару талап етіледі. 2020 жылы ең төменгі айлық жалақы былтырғыдай 42500 теңге болып қалды. Яғни, жалақысы ең төмен жеке кәсіпкер төлейтін жарнаның көлемі 2975 теңге.

Мысалы, ең төменгі жалақы биыл 42500 теңге дедік. Яғни, 42500 теңге Х 1,4 = 59500 теңге. Ал 59500 теңгенің 5%-ы – 2975 теңге.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының 1406 колл орталығы операторының айтуынша, жеке кәсіпкер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын табысының болуы, болмауына қарамай, ай сайын төлеуге міндетті.

"Бұл жерде тиянақталған мөлшерлеме бар. Жеке кәсіпкердің қызметі ресми түрде тоқатылмаған болса, сонымен қатар ай сайын табысы болмай, нөлдік салық есептемесін тапсырып отырса да, МӘМС жарналарын аудару заң бойынша міндеттелген. Егер жеке кәсіпкер МӘМС жарналарын төлегісі келмесе, кәсіпкерлік қызметін уақытша ресми түрде тоқтата тұруы керек. Бұндай жағдайда жеке тұлға кәсіпкер ретінде емес, дербес төлеуші санатында өзін-өзі сақтандыра алады", – деді МӘМС кеңесшісі.

Оның айтуынша, табысы жоқ азаматтарға МӘМС жарналарын төлеудің екі жолы бар.

"Алдымен жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеуге тұру қажет. Жұмыссыз қалған азамат жұмыс тапқанша мемлекет тарапынан уақытша сақтандырылады. МӘМС салымдарын ол азамат үшін мемлекет аударады. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс тауып бергеннен кейін, жұмысқа шықса, ары қарай жарнаны жұмыс орны төлейді. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығында тіркеуге тұрғысы келмейтін немесе жұмысқа шығуға құлқы жоқ азаматтар өзі үшін дербес төлеуші ретінде ай сайын 2125 теңге жарна аударып тұрса да сақтандырылады. МӘМС жарналарын әр айдың 25-іне дейін төлеп отыру қажет. Біздің 1406 номеріне тәуіліктің кез келген уақытында қоңырау шалып, қажетті ақпарат алуға болады", – деді ол.

Айта кетейік, кез келген азамат дербес төлеуші ретінде медициналық сақтандыру үшін, ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерінде төлем жасай алады. Биылғы ең төменгі жалақының 5%-ы – 2125 теңге.

МӘМС жарналарын әр айдың 25-іне дейін аудармаған кәсіпкерлерден салық органдары өсімпұл өндіріп алатынын МӘМС кеңесшісі түсіндірді.

"Өсімпұлды заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер төлейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңда жарналар уақтылы аударылмаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары тиісті соманы Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесі көлемінде мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұлмен қосып өндіріп алатыны жазылған. Айыппұлдар мен өсімпұлдарды мемлекеттік салық органдары есептейді", – деді ол.

МӘМС төлемдерін банктің немесе "Қазпошта" АҚ кез-келген бөлімшесі арқылы аударуға немесе аванс түрінде төлем хабарламасы, тапсырмасы арқылы жөнелтуге болатыны МӘМС ресми сайтында айтылған. 

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу