Халықтың жанайқайы: МӘМС жұмыс істемейді

9944

Қор 1 сырқатты емдеуге 3 миллион теңгеден жұмсап келіпті.

Халықтың жанайқайы: МӘМС жұмыс істемейді Фото: inform.kz

Медсақтандыру саласындағы былықтар көбейіп барады. Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) болса, кезекті жетістігімен мақтанды: оған сенсек, жыл басынан бері қазақстандықтар 6 мыңнан астам жоғары технологиялық медициналық қызмет түрін алыпты. Рас, оны 17 өңірге бөлсек, шамамен 350-ден ғана келеді. Бір ай болса бір сірә, бір жылдай уақыт үшін тым аз.

Сонымен, қор дерегінше, 2020 жылдың 10 айында медсақтандыру аясында Қазақстан халқына 20,9 миллиард теңге сомасына 6 мың 715 жоғары технологиялық медициналық қызмет (ЖТМҚ) көрсетіліпті. Оның басым бөлігін жүрек-қантамыр жүйесі, нейрохирургиялық және гинекологиялық аурулары бар науқастар алған. Қызмет құны – удай: аурухана, емхана, клиникалар осы әрбір сырқатты емдегені үшін орташа есеппен 3,1 миллион теңгеден сұратқан.

"Атап өту керек, ЖТМҚ-ның 78 түріне қаланың да, шалғай ауылдардың да тұрғындары бірдей қол жеткізе алады. Егер адам ауырып қалса, оған инновациялық технологияларды қолдана отырып, диагностика мен емделу қажет болса, онда тұратын жеріне қарамастан, жоспарлы медициналық көмектен үміттене алады. Басты шарт – МӘМС жүйесінде сақтандырылған деген мәртебесі болуға тиіс. Егер пациентке қажетті процедура жергілікті жерде қолжетімді болмаса, оны облыстық не республикалық клиникаға жолдайды", – деді медсақтандыру қоры.

Қордың сұрауымен, жоғары технологиялық медициналық көмекті қалай алуға болатыны туралы №9 қалалық емхананың Пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметінің басшысы Айгүл Әбікеева айтып берді.

"Егер адам ауруға шалдыққанын сезсе, ол өзінің учаскелік терапевтіне жүгінуі керек. Ол сырқатқа диагноз қойып, одан әрі тексерулерге және бейінді мамандардың кеңесін алуға жібереді. Операция қажет пе, жоқ па деген қорытындыны клиниканың ЖТМҚ-ның осы түрін жүргізетін дәрігері шығарады. Егер операция жасау керектігі расталса, онда пациентті жоспарлы госпитализациялауға дайындай бастайды. Бұл үшін қажетті анализ-талдауларды жинауды және "Емдеуге жатқызу бюросы" порталына тіркеуге қоюды емхананың өзі жүргізеді", – деді А.Әбікеева.

Бұл алгоритм қалалықтарға да, ауылдықтарға да бірдей.

"Операциядан өткен пациенттер медсақтандыру қаражаты есебінен оңалтудан да өте алады. 2020 жылы ӘМСҚ осы қызметтердің 559 жеткізушісімен шарт жасасты", – деді қор.

Сөзі әдемі, тәжірибесі жаман

Қордың осы айтылған рәсімінің өне-бойы тұнған бюрократия. Және оралымсыз бюрократия орнынан қозғалғанша, науқас өліп қалуы ықтимал. Адамға жан тәтті. Амалсыздан, ақылы қызметке жүгіріп, рәсімді өзінше тездетеді. Алматылық Елена Садовская "Алатау" шағын ауданында тұрады. Ол тиісінше, "Алатау" емханасына тіркелген.

"Емхананы былық жайлаған. Өзім жас босанған анамын. Баламды невропатологқа көрсетуге тиіспін. Емханаға барсам, "невропатолог демалысқа кетіп қалды" деп отыр. Ал мен балам екі айға толғанша осы дәрігерге көрсетуім керек. Екпесін де содан кейін алуым қажет. Енді маған бұл қызметті ақылы алуға тура келеді. Басқа емханаға барсам, тегін қабылдамайды: тіркелген жеріңізге барыңыз дейді. Яғни, тегін қызметті уәде еткен медсақтандыру жүйесі жұмыс істемейді. Заң бойынша бала 1 жасқа толғанға дейін барлық қарау-емдеулер тегін болуға тиіс. Бірақ емханаларда мамандардың жетіспеуі кесірінен халық осылай әуре-сарсаңға түседі. Медсақтандырудан түк пайда жоқ. Біздің емханада не лор, не көз дәрігері, не нефролог болмайды. Бұл не мазағы?!" – дейді ана. 

Садыр Еділбайұлы пневмониямен ауырып, ауруханаға жатып шыққан. ӘМСҚ-ның "сақтандырылғандар КТ-дан тегін өтеді" деген уәдесін естіп, Нұр-Сұлтандағы №8 қалалық емханаға барса, терапевті бағыттама беруден бас тартқан, өйткені "компьютерлік томографиядан тегін өткізуге жолдауға емхананың мүмкіндігі жоқ" деген. Содан ақылы қызметті тұтыныпты.

Көкшетаулық белгілі сарапшы Вячеслав Панасюра медсақтандыруды халықтың қалай қабылдағанын Денсаумині бағалап отырғаны жөн дейді.

"Сонда қазақстандықтардың басым көпшілігі МӘМС-ке қарсы, теріс көзқараста екенін білер еді. Себебі, бұрынғы болған жүйемен салыстырғанда жаңа механизмнің ешқандай нақты артықшылығы жоқ, кемшілігі көп. Біріншіден, азаматтардан міндетті жарна түрінде МӘМС қорына түсетін миллиардтарды әрлі-берлі сапырылыстырып жатқан уәкілетті органдардың сол ақшаны жұмсау ісі мөлдір емес. Бұл халықтың сезігін туғызады. Бір сырқатты емдеу 3 миллион теңгеден асады дейді, ал оған не кіретіні белгісіз. Екіншіден, жұрттың медсақтандыруға теріс көзқарасына кәсіби кадрлардың тапшылығы себеп. Яғни, медицина ақылы болды, міндетті жарна жиналады, ал емханада дәрігерлер сол бойы жоқ. Үшіншіден, емханаларда құрал-жабдық жетіспеуі де нұқсан. Мысалы, көбінде рентген, УДЗ-аппараттары істен шыққан", – дейді ол. 

Ол интернет кеңістіктегі (форумдар) және әлеуметтік желідегі пікірлерге талдау жүргізе келе, Қазақстан халқы негізінен МӘМС-ке қарсы деген байлам түйді. Халық не үшін қорға ақша аударып отырғанын түсінбейді. "Медициналық қызмет алу үшін!" дейді қордағылар.

"Бұл жаңсақ тұжырым. Өйткені халықтың денсаулығын қорғау – мемлекеттің тікелей міндеті. Жұртшылық медицина негізінен тегін болуға тиіс дейді. ӘМСҚ тіпті сақтандырылмаған адамдар да Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің (ТМККК) аясында емханадан көмек ала алады деді. Шынында, сақтандырылмаған миллиондаған азаматты бірде бір емхана қабылдамайды. Сонда ТМККК аясында бюджеттен шығындалған миллиардтар қайда? Билік сақтандыру медицинасын енгізудің нендей артықшылығы болғанын елге түсіндіре алмай отыр", – дейді сарапшы.

Ақтөбелік Айдана Қазықбаева келтірген дерек те елең еткізеді:

"Менің жұбайым Қайрат 4-ші дәрежедегі саңырау. Оған электромагнитті есту аппаратының имплантатына квота беріпті. Бірақ оны неге бергенін түсінбейміз. Бұл операция 15–18 миллион теңге тұрады екен. Мұндай орасан зор шығынды біз әрине, көтере алмаймыз. Ал мемлекет әзірге қаржыландырмайды екен. Соған қарамастан, жұбайыма мүгедектікті де бермей отыр. Квотасы бар дейді. Бес жыл болды, бізге қатысты мамандар еш әрекет қылар емес. Осы операцияға қол жеткізе алар емеспіз", – дейді ол.

ДСМ-нің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің түсіндіруінше, министрдің жоғарытехнологиялық медкөмек көрсету ережелерін бекіту туралы тиісті бұйрығы әзір, алайда қол қойылмапты. Сол бұйрыққа қол қойылса ғана электромагнитті есту аппаратын имплантациялау ересектерге қолжетімді болады. Әйтпесе, ол да жоқ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу