Міндетті медициналық сақтандыруға қанша төлейміз?

22415

Мамандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерін түсіндірді.  

Міндетті медициналық сақтандыруға қанша төлейміз?

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сауалдарға жауап береді.

Медициналық сақтандыруға не үшін төлем жасау керек?

Медициналық сақтандыру төлемдерін аудару – азаматтарға медициналық қызметтің сақтандыру пакетін пайдалануға мүмкіндік береді. Медициналық сақтандыру пакеті тегін көмекке қарағанда көптүрлі әрі сапалы қызмет алуға мүмкіндік береді. Сақтандырылған адамдар дәрігерге қаралу мен ем қабылдауға кететін шығындарға алаңдамаса да болады. Сондықтан медициналық сақтандыру төлемдерін аударған тиімді.

Әлбетте, бұл медициналық сақтандыру жарнасын төлемеген азаматтарға медициналық қызмет көрсетілмейді деген сөз емес. Олар учаскелік терапевт қабылдауына жазылып қана қоймай, тексерістен өтіп, бірқатар қауіпті дерт бойынша тегін ем алады. Жедел медициналық жәрдемнің қызметі де ақысыз болып қала береді. Медициналық сақтандыруды халық неғұрлым көбірек жасаса, жүйе соғұрлым тұрақталады.

Жарнаны кім және қанша төлейді?

Заң бойынша барлық жұмыс істейтін азаматтарың табыстарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарналар алынуға тиіс. Биыл жарна мөлшері –  еңбекақының 1,5%-ы. Әзірше жарнаны мемлекеттік құрылымдар мен жекеменшік ұйымдарда жұмыс берушілер төлейтіндіктен, бұл қызметкердің жалақысына әсер етпейді.

Мысал ретінде 2019 жылға МӘМС-ті есептеп көрелік: жалақыңыз 100 000 теңге делік. МӘМС-ке жарна ұсталмайды. Ал жұмыс беруші 1500 теңге аударады.

Келесі жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген кезде жағдай өзгереді. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс беруші сіздің еңбекақыңыздың 1%-ын (2022 жылы – 2%-дан) ұстап, медициналық сақтандыру қорына аудара бастайды.

Жалдамалы қызметкерлер  үшін жұмыс беруші 2020-2021 жылдары – 2%, 2022 жылдан бастап 3% төлем жасайды. Мысалы, 2020-2021 жылдары 100 000 теңге еңбекақы түссе, МӘМС-ке сізден 1000 теңге жарна ұстап қалып, жұмыс беруші  қосымша 2000 теңге аударады. Ал 2022 жылы жалақыңыздан МӘМС-ке 2000 теңге аударасыз, ал жұмыс берушіні 3000 теңге төлейді.

Өздері төлейтіндер кімдер? Олардың жарналарын аудару қалай есептеледі?

Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығының иелері және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар (жеке адвокаттар, сот орындаушылары, т.б.) 2020 жылдан бастап ай сайын 1,4  ең төменгі жалақының 5% ставкасы бойынша МӘМС жарналарын аударатын болады. Биылғы мөлшерлемемен есептесек, жарнаның көлемі 2975 теңге болар еді.

Есептеу үлгісінде көрсетейік: ең төменгі жалақы 2019 жылы – 42500 теңге. Яғни, 42500 теңге Х 1,4 = 59500 теңге. 59500 теңгенің 5%-ы  – 2975 теңге. Ең төменгі жалақы жыл сайын өзгеретіндіктен, 2020 жылы жарна сомасы басқа болуы мүмкін.

Кез-келген азамат дербес төлеуші ретінде медициналық сақтандыру үшін ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерінде төлем жасай алады. Мысалы, биыл бұл сома 2125 теңге. Есептеу үлгісінде түсіндір болсақ, 2019 жылы ең төменгі жалақы 42500 теңге. Ал 42500 теңгенің 5%-ы – 2125 теңге.

Тұрақты табысы немесе ресми еңбек шарты жоқ тұрғындар да медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы бола алады. Мұндай мүмкіндік жалдамалы еңбек күшін тартпай, жеке тұлғаларға қызмет көрсетіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға беріледі. Мысалы, саяжайында жинаған көкөністері мен жемістерін сатумен немесе көмір тиеумен айналысатын адам, бағбан, бала күтуші, репетитор секілді жұмыс жасайтындар да, үйде компьютер жөндеумен шұғылданатын азаматтар да медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасауына болады. Ең төменгі айлық есептік көрсеткішін (АЕК) аударушы азаматтар бірден үш әлеуметтік жүйенің қатысушысы атанады: жұмыс өтілі есептелетін зейнетақы жүйесі, әлеуметтік және медициналық сақтандыру. 2020 жылы кемінде үш ай қатарынан БЖТ аудару – медициналық қызметтердің сақтандыру пакетін алуға мүмкіндік береді.

Бірыңғай жиынтық төлемді есептеу үлгісі: республикалық және облыстық маңызы бар қалалар үшін - 1 АЕК (2019 жылы  2525 теңге). Ауылдық жерлер үшін  - 0,5 АЕК ( 2019 жылы  1263 теңге).

Медициналық сақтандыру жүйесі заң арқылы енгізілді. Жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке тәжірибемен айналысатын адамдардың жүйені орындауын Мемлекеттік кірістер департаменті салық міндеттемелерін орындау қағидаты бойынша қадағалайды.  Төлем мерзімін кешіктіргендер үшін өсімпұл жүреді, қасақана төлем жасамайтындардың есепшотына шектеу қойылады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу