Кейбір медұйым "ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді" деп танылды

2968

ДСМ жеке лабораториялардың аса қауіпті "халтурасын" әшкереледі.

Кейбір медұйым "ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді" деп танылды

Қазақстанда медициналық ұйымдар өз қызметкерлерінің денсаулығы мен өміріне бей-жай қарай бастаған. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті анықтағандай, патогенді биологиялық агенттермен (ПБА) жұмыс істейтін мамандар мен лаборанттар арасында қауіпті инфекциялық індеттердің өршу қаупі бар. Бірақ қазірдің өзінде саладағы жағдай ауыр.

Мысалы, тек соңғы 4 жылдың ішінде бруцеллез жұқтырған халықтың жалпы санының шамамен үштен бірін – 30%-ын дәл осы медицина және зертхана қызметкерлері құраған. Бұл вирусты инфекция айрықша қауіпті санатқа кіреді: ол патогенділік дәрежесі бойынша тіпті COVID-19 індетінен жоғары. Бұдан бөлек, аса қауіпті Конго-Қырым безгегін жұқтырған 3 медицина қызметкері, 5 зертхана қызметкері қайтыс болды.

2020 жылғы наурыздан бастап, 2021 жылғы наурызға дейінгі аралықта 15 мың 77 медицина қызметкері мен зертхана қызметкері COVID-19 инфекциясын  жұқтырды. Олардың 120-сы қайтыс болды. Ал вирусты пневмония жұқтырған 3 мың 993 медицина қызметкері мен зертхана қызметкерлерінің 106-ы көз жұмды.

Ахуал ары қарай ауырлауы мүмкін. Себебі, СЭС қызметі тексеру нәтижесінде соған соқтыратын бірнеше факторды анықтады: біріншіден, биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптар жүйелі түрде бұзылып жатқаны белгілі болды. Екіншіден, зертханалардың іші және қоршаған орта микробтық ластануда. Үшіншіден, елде патогендіктің 1 және 2-ші топтарындағы ПБА-мен жұмыс істейтін барлық субъектілер толыққанды бақылаумен қамтылмаған. Төртіншіден, мемлекеттік бақылау нысандарының жауапкершілігі төмен болып отыр.

"Былтырғы 2020 жылы ПБА-мен жұмыс істейтін нысандардың тек 61%-ы – 283 объектінің 174-і ғана тексерумен қамтылды. 109-ы тыс қалды. Әлеуетті қауіпті объектілердің 39%-ындағы жағдай зерделенген жоқ. Соның өзінде аталған тексерулер нәтижесінде қызметтің осы саласында жол беруге мүлдем болмайтын 42 өрескел және 12 елеулі бұзушылық анықталды. Небары 6 бұзушылық қана елеусіз болып танылды. Осылайша, бұзушылықтардың басым бөлігі өрескел бұзушылыққа жатады, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді!", – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

ПБА-мен жұмыс істейтін лабораториялар еліміздің барлық дерлік өңірінде бар. Өзінің кәсіби қызметіне сәйкес олар "террористік шабуылдар алдында осал нысан" болып есептеледі. Басқаша айтқанда, лаңкестер осы орталықтардың бірін басып алып, Қазақстан халқының елеулі бөлігін қырып салмауы үшін олар мұқият қорғалуға және мемлекеттік бақылауда болуға тиіс.

"Айрықша қауіпті патогендік микроорганизмдерге қол жеткізе алатын персонал және объектілер физикалық-биологиялық қорғаудың барынша жоғары деңгейін талап етеді. COVID-19 індеті кезінде аталған нысандар қызметіне жүргізілген талдау оларда биологиялық қауіпсіздік саласында қаптаған заң бұзушылыққа жол беріліп жатқанын әшкереледі. Біріншіден, қорғаныш жабдықтары мен жеке қорғаныш құралдарын қолдану кезінде базалық қауіпсіздік талаптары сақталмайды. Екіншіден, кейбір нысан рұқсаты болмаса да, 2-топтағы патогенді ПБА-лармен қызметті жүзеге асырып келген", – делінген комитет талдауында.

Үшіншіден, биологиялық, соның ішінде аса қауіпті инфекциялар жұққан материалды қораптау және сақтау кезінде қауіпсіздік талаптары бұзылуда. Бұл медициналық мекемелер мен зертханалар персоналының жаппай дертке душар болуы қаупін тудырады. Төртіншіден, білікті персоналдың ПБА-ға қол жеткізуіне ішкі өндірістік бақылау жүргізілмейді.

Бесіншіден, ПБА-мен рұқсатсыз жұмыс істеуге, яғни қауіпті вирустар мен материалдарды өзімен бірге алып кетуге, ұрлауға, уәкілеттігі де, біліктілігі де жоқ адамдардың аса қауіпті инфекциялар қоздырғыштарына қол жеткізуіне, сондай-ақ аварияларға, шұғыл және төтенше жағдайларға үн қату, ден қою жоспарлары құрылмаған. Яғни, қауіпті вирустар ұрланса, кейбір клиника мен зертхана не істеу керектігін білмейді.

ДСМ Қазақстанда коронавирустан әлдеқайда қауіпті вирустар шоғырланғанын еске салды. Оған патогенділіктің жоғары деңгейінде орналасқан оба, күйдіргі және басқасы жатады.

"Өрескел және елеулі бұзушылықтардың көбейіп кетуі еліміз тұрғындарының өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлердің апатты түрде жоғары деңгейге жеткенін куәландырады. Бұл ретте айрықша қауіпті инфекциялардың қысқа мерзімде шексіз үлкен территорияға жаппай таралу тәуекелдері бар. Мұны өлім-жітім ауқымы бойынша жаппай қырып-жою қаруының әсерімен салыстыруға болады", – деп дабыл қағуда ДСМ комитеті.

Тағы бір үрейлі тәжірибе әшкереленуде: жеке лабораториялар лайықты біліктілікке ие мамандары және тиісті рұқсаты жоқ болса да, ІІ-топтағы аса қауіпті ПБА-лармен жұмыс істейді, ақша табады. Ал мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын күн жақындағанда онысын күрт доғарып, аталған ПБА-ны жоя салады екен.  

Денсауминінің байламынша, осы проблемалар "зертханалар персоналының және клиенттерінің айрықша қауіпті індеттерді жұқтыру", лаңкестер құмар болып отырған "патогенді биологиялық агенттердің жұмыс аймағынан тыс жерге әкетілу" қаупін төндіреді. Қоршаған ортаның микробтық ластануына соқтырады.

Мысалы, АҚШ-та ұлтқа осындай қауіп төндірген орталықтар мен тұлғаларды ФБР қудалайды, ұзақ жылға темір торға қамайды. Ал Қазақстанда осы саладағы заң бұзған ұйымдарға тек әкімшілік жаза ғана қарастырылған (310 АЕК немесе 904 270 теңге айыппұл). Оның өзінде жеке клиникалар мен зертханалар айыппұлдан да құтылып кетеді екен.

Статистикаға жүгінсек, 2020 жылы Әкімшілік кодексінің тиісті бабы бойынша жалпы сомасы 5 529 628 теңгеге небары 26 әкімшілік айыппұл салыныпты. 1 ұйымның қызметі ғана уақытша тоқтатылған.

Сондықтан алда ұлттық заңнаманы өзгертіп, қауіпті биологиялық объектілерге қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібін енгізу көзделіп отыр. Заң жобасын ДСМ әзірлеуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу