Гигиенист-нутрицолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ тағамтану академиясының президенті, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Төрегелді Шарманов жақында екінші рет мемлекеттік сыйлықты иеленді. 89 жастағы ғалым ғылыми ізденістерін әлі де жалғастыруда. inbusiness.kz тілшісі ғалымды құттықтап, сұхбаттасып қайтты.
– Төрегелді Шарманұлы, жуырда ғана алған марапатыңызбен құттықтаймын. Жалпы 1960 жылдан бері көптеген медаль, орден, сыйлықтарды иелендіңіз. Солардың ішінде өзіңізге ең бағаласы қайсы?
– Рас айтасыз. "Парасат", "Достық", "Барыс" ордендері мен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағын алдым. Тағы көптеген марапат бар. Мен үшін олардың әрқайсысының орны бөлек. Бірақ 2005 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы табыс еткен "Леон Бернард" атындағы медалі ерекше ыстық. Себебі оны маған дейін әлемде бар болғаны 42 адам алған. Ал мен бұл ұйымның ең жоғары сыйлығын иеленген 43 адам атандым. Оны әлемдік денсаулық сақтау саласына қосқан үлесім үшін берді.
– Елімізде сіздің бастамаңызбен құрылған елімізде бірнеше компания бар. Соның бірі "Амиран". Жобаларыңызды өзіңіз басқарасыз ба?
– Бұл компанияны құруға мен бастамашы болғанмын. Алматының ауасы таза жерінен 2 гектар жерді 4 млн долларға сатып алып, мұнда кім зауыт салады деп инвестор іздедім. Жобаны қолға алатын адам таптым. Өзім басқармаймын. Зауыт "Қазақ тағамтану академиясының" бастамасымен құрылғандықтан, әрдайым барлығын бақылап отырамыз. Қаржы табуды көздемеймін. Тек сапасын қадағалаймын. Бастапқыда импорттық тауарлар көп болғандықтан, аталған компания өнімдеріне сұраныс болмады. Кейін барлығы жолға қойылды. Ең таза сүт өнімдерін шығаратын компания екенін халық түсінген соң, сұраныс арта бастады.
– Соңғы марапат ұлттық ерекшелігі бар тағам өндірісін дамытуға қосқан үлесіңіз үшін берілді. Бие сүтінен жасалған йогурт пен шоколад өндірісін бастағаныңыз туралы білеміз. Бұл жеке жобаңыз ба?
– Иә, бие сүтінен жасалған шоколад менің жеке жобам. Жуырда халықаралық патент алдым. Өнім жасайтын цех аштым. Онда бірегей жабдықтар қойдық. Оны туған жерім Ұлытаудың құрметіне "Ұлытау шоколады" деп атадым. Мемлекет тарапынан 290 млн теңгеге шоколад жасауға тапсырыс түсті. Енді көп еңбек ету керек. Бір қарағанда шоколад жасау оңай болып көрінер. Алайда ол өте қиын. Қалыпты температурадан бастап, барлық тәртібін дұрыс сақтау керек. Болашақта күніне 70 келі шоколад шығаруды жоспарлап отырмыз. Дүниежүзінде жылына миллиондаған шоколад өндіріледі. Оны барлығы сиырдың сүтінен жасайды. Оған қант қосады. Мен тұңғыш рет шоколадты биенің сүтінен жасадым. Оған қант қосудың қажеті жоқ. Бұл – үлкен жетістік. Себебі қант – ол у. Оның зияны морфимен бірдей. Ал келесі жобам бие сүтінен жасалған йогурт. Әлемде барлық йогурт сиыр сүтінен жасалады. Ал оның құрамында трансмай қышқылы бар. Сондықтан йогуртты бие сүтінен жасадым. Бие сүтінің құрамында трансмай қышқылы болмайды. Ана сүтін алмастыратын өнім тек осы шикізат болып табылады. Оның құрамы ана сүтінікіне ұқсас. Сәбилерге одан басқа ештеңе беруге болмайды. Шетелден келетін балалар тағамының құрамында зиянды заттар өте көп. Біз тұңғыш рет биенің сүтінен йогурт жасадық. Бұл өнімді мен "Кәусар" деп атадым.
– Статистикаға көз жүгіртсек, елімізде 9 жастағы балалардың 40%-дан астамының артық салмағы бар. Демек олар дұрыс тамақтанбайды. Қазіргі кезде қандай астан бас тарту керек деп есептейсіз?
– Ең сіңімді, пайдалы тағам адамның туып, өскен жерінде өндірілген өнім. Біздің елімізде шығарылатын азық-түлік өте таза. Қазіргі кезде әлемде тағамдардың барлығына химиялық заттар мен пестицидтер қосылады. Яғни, импорттық тауарларды тұтынбауға тырысу керек. Өйткені олардың басым бөлігінде транс май қышқылы кездеседі. Ол ағзаның дамуына, зат алмасуға кері әсер етеді. Обыр, жүрек қан тамырлары ауруларына алып келеді. Балалардан бастап ересек адамдар сырттан келетін өнімдерге сақтықпен қарауы керек.
– Дүкен сөрелеріндегі тауарлардың 70-80%-ы импорттық өнімдер. Оларды қалай ығыстыруға болады?
– Шетелдік өнімдерден бас тартып, тек елімізде шығарылған азық-түлікті таңдауымыз керек. Отандық кәсіпкерлерді осылай қолдай аламыз. Біздің еліміз бай, жеріміз бай. Қазақстанда шығарылған өнімдер шетелден келетін тауарлардан әлдеқайда пайдалы. Осыны түсінуіміз керек.
– Қанттың зияны туралы айтып қалдыңыз. Демек қанттан бас тарттыңыз...
– Мен 30 жыл бұрын қанттан бас тарттым. Тұзы бар тағам жемеймін. Кезінде әйеліме "егер біздің дастарханымызда қант пен тұзы бар тағам тұрса, онда екеуміз ажырасамыз. Мен халыққа дұрыс тамақтану туралы айтып, өзім бұл ережелерді бұзбауым керек" дегенмін. Егер Құдай қосқан жарыма қант пен тұз үшін айрылысамын десем, ол бұл қоспалардың өте зиян екенін дәлелдейді. Қантсыз, тұзсыз күн көруге болады. Олардың пайдасы жоқ. "Адамның диетасын өзгерткеннен көрі дінін өзгерту оңай" деген сөз бар. Яғни тұлға неге әдеттенеді, солай қалыптасады.
– Ал сіз сияқты ұзақ өмір сүру үшін қалай тамақтану керек?
– Күнделікті тұтынатын тағамдардың 40-50%-ы көміртегі, 30-35%-ы май, 11-15%-ы ақуыз болуға тиіс. Мәселен, таңғы асқа нан жемеймін. Ас атасынан бас тартқаныма көп болды. Сиыр сүтін ішпеймін. Дүкеннен соя, кокостың құрғақ сүтін сатып аламын. Бірақ жиі емес. Өйткені оның да құрамында қант бар екен. Таңертең шай ішемін, салат пен аз ғана ірімшік жеймін. Жылқы еті мен балықты ұнатамын. Қой етін анда-санда ғана тұтынамын. Дүкеннен ет алмаймын. Сиыр етін мүлде жемеймін. Шырынды да үйден жасап ішемін. Тамақты шектеп ішу керек. Тек тойсам болды деп тұтынуға болмайды. Жалпы ішетін тамағыма келгенде өте сақпын. Күніне 7-8 сағат ұйықтаймын. Көп жаяу серуендеймін.
– Жасыңыз 89-ға келді. Әдеттегі кесте бойынша таңнан кешке дейін кеңседесіз. Бұл денсаулыққа зиян емес пе?
– Мен жұмыссыз отырсам жағдайым нашар болар еді. Өмір бойы еңбек етіп үйренген адаммын. Бұл маған қуат береді.
– Ғылым саласынан бөлек саясатқа да араластыңыз. 12 жыл Денсаулық сақтау министрі болдыңыз. Кейін неге саясаттан алшақтадыңыз?
– 12 жыл. Қазақстанда ең ұзақ министр болған мен ғана шығармын. Бұл қызметті атқарған жылдары мен араламаған ауыл қалмады. Кеңседе отыратын министр болған емеспін. Халықтың жанынан табылуға тырыстым. Әрдайым алыс елдімекендерді аралайтынмын. Қазіргі министрлер ауылдарға бара ма?... Білмеймін. Халық тағайындаған соң, олардың жағдайын түсіну керек, денсаулықтарына қарау керек. Сол кездері "Азамат" деген қоғамдық ұйымды басқардым. Мұрат Әуезов және тағы бірнеше адаммен бірлесіп жұмыс істедік. Кейін Олжас Сүлейменов келді. Содан соң мен бұл саладан кеттім. Өйткені менің ең үлкен саясатым – халыққа дұрыс тамақтану туралы ойымды жеткізу. Мен қазақты сүйетін ұлтжанды адаммын. Кезінде мені сол үшін қудалаған. Соған қарамастан, халқым үшін еңбек етіп келемін. Әр адам өзінің денсаулығына ыждағаттылықпен қараса, әр қазақстандық өзін күтсе деймін.
– Ал келесі жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік сақтандыруға қалай қарайсыз?
– Әр адам өз денсаулығы үшін өзі жауап беруге тиіс. "Менің денсаулығыма мемлекет жауап береді" деген көзқараспен өмір сүруге болмайды. Сондықтан халық аз болса да ақша төлеуі керек. Сақтандыру бойынша барлығын мемлекет өтеуге міндетті емес. Бұл адамдардың өз денсаулықтарына деген жауапкершілігін арттырады. Дұрыс тамақтан, салауатты өмір салтын ұстан, уақытылы ұйықта. Сапалы өмір сүрудің негізгі факторлары осы. Оған мемлекет жауап беруге тиісті емес. Кеңес одағы кезінде тегін медициналық көмек деген болған. Сонда америкалық бір азамат менен "денсаулық бәренен қымбат, ал ең бағалыңызды тегін емдейтін дәрігерлерге қалайша сеніп тапсырасыздар" деп сұраған еді. Сондықтан мен міндетті медициналық сақтандыру, оған жұмыс берушілердің, халықтың салым салуын қолдаймын.
– Әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Құралай Құдайберген