Павлодар медицинасынан үлкен дау шықты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4627

Облыстық кардиохирургиялық орталық қалалық аурухананың жай ғана бөлімшесі болып қалуы мүмкін.  

Павлодар медицинасынан үлкен дау шықты

Медицина қызметкерлері екі жікке бөлінді

Павлодар облысының медицина саласында үлкен дау тұтанған секілді. Дау облыстық кардиохирургиялық орталықтан басталып отыр.

Дәлірек айтсақ, өңірдің медициналық қызметкерлері екі жікке бөлінген. Бірінші жік – шенеуніктер. Олар Денсаулық сақтау министрлігінің онкологиялық орталықтар, тубдиспансерлер және осы секілді басқа да мамандандырылған мекемелерін қалалық ауруханалармен біріктіру туралы тапсырмасын орындауға бел шеше кірісті.

Ал екінші топтың құрамында кардиологиялық орталықтың қызметкерлері бар. Олар орталықтың сол күйі қалғанын қалайды. Егер оны басқа бір мекемемен біріктірсе, орталық облыстық мәртебесінен айырылып, қалалық аурухананың жай ғана бөлімшесі болып қалады. Бұл өз кезегінде кардиохирургиялық орталықтың көмегіне мұқтаж науқастарға кері әсерін тигізеді. Олар ендігі жерде елордадағы клиникаларға сабылуы мүмкін.

Күні кеше ғана ашылып, республикадағы ең үздік емдеу мекемелерінің қатарына қосылған Павлодар қаласындағы кардиохирургиялық орталықта жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастарға жоғары мамандандырылған көмек көрсетіледі, күрделі оталар жасалады. Мекеме республика бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтан кейін екінші орында, ал өңірлер арасында топ бастап тұр. Негізі, орталықтың жұмысын жоғары бағалайындар жетерлік.

Қысқасы, алда Павлодарды жүрек-қан тамырлары ауруларын емдейтін үлкен орталыққа айналдыру міндеті тұрған еді. Орталық мамандарын шетелге тағылымдамаға жіберу, түрлі шеберлік сағаттарын ұйымдастыру жоспарланған болатын. Енді мұның бәрі көзден бұл-бұл ұшпақ. Павлодарлық кардиохирургтар ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибе мен білім ешкімге керексіз болып қалуы мүмкін деп қынжылады. Әрине, мамандарға қызмет табылады ғой. Ал науқастардың жайы не болмақ? Көпшілікті алаңдатып тұрған мәселе де осы.

Директор декреттік демалысқа шығып кетті

Тарихқа үңілсек, осыдан он жыл бұрын Павлодарда кардиохирургиялық қызмет деген мүлдем болмаған. Облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Әділ Дюржанов журналистерге берген сұхбаттарының бірінде Павлодардағы кардиологиялық қызметтің қалай басталғанын баяндап бергені бар болатын.

"Біз жұмыс бастаған алғашқы жылдары ел ішінде кардиохирургия деген түсініктің өзі жоқ еді. Ол кезде мекемеміз Ертіс жағасында орналасқан болатын. Қазір мұнда кардиологиялық орталықтың тәулік бойы жұмыс істейтін стационары орналасқан. Әуелде кардиохурургтар қалалық ауруханаларда өз беттерінше жұмыс істеп жатты. Ал кардиохирургия деген – бөлек бір үлкен сала. Оны дамыту үшін үлкен команда керек еді. Біз үш жыл ішінде тұтас ұжымның жұмысын дұрыс үйлестіре білдік", – деген болатын Әділ Дюржанов.

Ал қазір Әділ Дюржанов қайда дейсіз ғой? Декреттік демалысқа шығып кетті...

Қызметкерлер министр Біртановтан көмек сұрады

Облыстық кардихирургиялық орталықты біріктіру туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы 2019 жылдың 29 қарашасында шыққан екен. Ал кардиохирургтар мен орталықтың медициналық қызметкерлері орталықтың мәртебесін сақтап қалу үшін әрекет жасауға көшті. Олар Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың атына ресми хат жолдады. Сондай-ақ ұжым болып жиналып, журналистер алдында өздерінің талап-тілектерін жеткізді.

Павлодарлықтардың талап-тілегі Елжан Біртановқа да жетті. Ол 1 желтоқсан күні өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында: "Біз бұл жағдайды міндетті түрде қарастыратын боламыз. Келесі аптада Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы оқиға орнына барады. Мен бірден мынаны айтқым келеді: біз пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен технологиялық деңгейінің төмендеуіне жол бермейміз! Медицина қызметкерлерінің ешқайсысының құқығы тапталмайды!", –деген мазмұнда жазба қалдырды.

Облыстың "бас дәрігері" не дейді?

Ал кеше, яғни 3 желтоқсан күні Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ардақ Күзеков журналистер алдына шығып, мәселеге қатысты түсініктеме берді. Жалпы, ведомство басшысы баспасөз мәслихатын бұған дейін өткізуі керек еді. Алайда бізге белгісіз себептерге байланысты кейінге шегеріле берді. Ол облыстық кардиологиялық орталық пен №3 қалалық аурухананы біріктірудегі мақсат қандай екенін, оның нендей нәтиже беретінін айтып берді.

"2009 жылы Үкіметтің "Медициналық ұйымдардың номенклатурасын бекіту" туралы № 787 қаулысы қабылданғаны белгілі. Қаулыға сәйкес, негізгі медициналық мекемелер желісін бірыңғай нормативке келтіруге байланысты бірыңғай желі болуға тиіс. Ол туралы 2015 жылы "Денсаулық сақтау желілері мемлекеттік нормативтерін бекіту" туралы № 284 бұйрықта және Денсаулық сақтау министрлігінде айтылған. Бұл жерде мекемелерді бір медициналық ұйымның астына жинаудың артықшылықтары көп", – деді Ардақ Күзеков.

Басқарма басшысы келтірген деректерге сүйенсек, өңірде инсульт статистикасы артып келеді. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 440-тан астам адам көз жұмған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10-15 пайызға артық.

"Инсульт орталықтарының желісі кадрлармен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс. Өкінішке қарай, біздің №3 ауруханадағы инсульт орталығы медициналық құрылғылармен толық жабдықталмаған. Ол жерде магнитті-резонансты томограф, ангиограф, жоғары классты ультра-дыбыстық зерттеу аппараты жоқ. Мамандар тапшы. Бұл медициналық ұйымның кінәсі емес. Дегенмен мұндай материалдық-техникалық база Ткачев көшесіндегі облыстық кардиоорталықта бар. Көптеген науқасқа инсульт алғаннан кейін, жедел ем қабылдау қажет. Өкініштісі, олардың бәрі аталған орталыққа бара алмайды. Сондықтан инсульт орталығын кардиохирургиялық орталыққа қайта орналастыру туралы идея пайда болды", – деп нақтылады Ардақ Күзеков.

Үкімет қаулысы мен Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, кардиологиялық орталық қалалық көпсалалы аурухананың құрамында жұмыс істейді. Яғни, кардиоорталық базасында инсульт орталығы құрылады және жүрек-қан тамырлары кластері пайда болады. Кластердің бірінші бөлімі  кардиологиялық клиника мен инсульт орталығында, екіншісі Луначарск көшесіндегі өткір және созылмалы ауруларға шалдыққан науқастар емделетін кардиоорталықта, үшіншісі Хромзавод шағын ауданында орналасқан № 3 аурухананың құрамында болады.

"Жаңашылдық қаржыландыру көлеміне әсер етпейді. Ота жасау деңгейі мамандарға және материалдық-техникалық жағдайға байланысты. Өңірде күрделі оталар жасауға тыйым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Күрделі оталарды жасау жалғаса береді. Қызметкерлер қысқартылмайды. Екі директордың орнына бір директор болады. Екі медициналық ұйымның заңды мәртебесі ғана өзгеріп, №3 қалалық аурухана болады. Бүгінгі таңда кардиологиялық орталықтың кредиторлық қарызы 360 млн теңгеден асады. Облыстық маңызы бар мекеме болып сақталады. Бірақ заңнамаға сәйкес, көпсалалы қалалық аурухананың құрамында болады", – болады деді Ардақ Күзеков.

Басқарма басшысы жағдайды осылай түсіндіріп берді. Бірақ медициналық қызметкерлердің толқуы мұнымен басыла ма? Жаңашылдық өз жемісін бере ме? Көкейде осындай сауалдар қалды. Мұның бәрін уақыт көрсетеді, әрине...

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу