Атыраудағы атышулы перинаталды орталықтың жұмысын тексерген денсаулық сақтау министрлігі талдаудың қорытындыларын жариялады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова БАҚ өкілдерін арнайы комиссия шығарған қорытындынымен таныстырды.
"Осы жылдың 9 айында Атырау облысында 1 жасқа дейінгі сәбилердің 156 өлімі тіркелген. Оның ішінде 98 бала облыстық перинаталдық орталықта, қалған 54-і басқа медициналық ұйымдарда қайтыс болған. 4 бала үйде көз жұмған. Сәби өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңдегі жағдай, инфекциялық аурулар, туа біткен кемістіктер, жазатайым оқиғалар болып отыр", – деді Людмила Бұйрабекова.
Өлім-жітімнің көбеюі тамыз-қыркүйек айларында арта түскен. Соның шынайы себебін білу үшін қайтыс болған 42 баланың медициналық картасы егжей-тегжейлі тексеріліпті. Оның 74 пайызы 2,5 келіге жетпейтін салмақпен туған.
"Дистологиялық материалды зерттеу кезінде перинаталдық орталық мамандары қойған клиникалық диагноздарды сарапшылар растаған жоқ. 18 баланың денесінен бактериялық сепсис анықталды. Перинаталдық орталық қойған клиникалық және паталоганатомиялық диагноздардың тек 15,4%-ы ғана расталды. Қыркүйек айында қойылған диагноздардың 35%-ы расталса, қалған 65%-ында диагноз расталмады. Бактериялық сепсистен көз жұмған 8 баланың диагнозын перинаталдық орталық мамандары мүлде басқалай жорыған. Осыдан-ақ аурухана ішінде инфекция тарағанын көруге болады. Оны шетінеген балалардың қаны растады. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстамағанның салдарынан дерт қыркүйек айына ұласқан", – дейді комитет басшысы.
Эпидемиологиялық тексерулер де перинаталдық орталықтың өз ішінде инфекцияның тарағанын дәлелдепті. Оның себебін комитет төрайымы тазалықтың сақталмауынан деп түсіндірді.
"Дезинфекциялық, стерильдік режимдер сақталмаған. Мекеменің өзінде жеке кір жуу бөлмесі болмаған. Ал келісімшарт бойынша қызмет көрсететін кәсіпорын санитарлық талаптарға мүлде сай емес екені анықталды. Перинаталдық орталық бір рет қолдануға арналған материалдармен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілмеген. 2016 жылы орталықтың бір ғимаратында күрделі жөндеу болған. Сол кезде желдету жүйесі дұрыс жөнделмеген. Санитарлық авиациямен жаңа туған балаларды тасымалдау кезінде де санитарлық талаптар сақталмаған. Аудандық деңгейден облысқа әкелген кезде инфекция жұғып отырған. Тамыз-қыркүйек айында қайтыс болған 42 сәбидің 26-сы аурухана ішіндегі инфекциядан көз жұмғаны анықталды", – деді Людмила Бұйрабекова.
Елдегі ғылыми-зерттеу институттарының мамандары мен тәуелсіз сарапшылардан құралған 26 адамдық комиссия облыс бойынша жүйелік проблемаларды анықтапты. Соның ішінде әкімдік тарапынан да кемшілік кеткен.
"Ауруханалардың инфрақұрылымы әбден тозған. Медициналық техникамен жабдықталу деңгейі төмен. 2016 жылы істен шыққан желдеткіш жүйені жөндеуге биыл ғана ақша бөліп отыр. Денсаулық сақтау басқармасы үйлестіру жұмыстарын жеткілікті деңгейде атқармаған. Сәби өлімін азайту штабы қағаз жүзінде ғана жұмыс істеген. Медициналық маман тапшылығы шешілмеген. Оны шешу үшін әлеуметтік пакет қарастырылмаған да", – дейді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, перинаталдық орталықта кейбір мамандар арнайы рұқсатсыз жұмыс істеп келген.
"Біліктілігін арттыру жұмысы да нашар. Дәрігерлер қашықтықтан оқу кезінде күнделікті жұмыстан босатылмаған. Лицензия мен сертификатсыз жұмыс істеу деректері де анықталды. Тіпті сертификатсыз клиникалық практикаға қатысу дерегі бар. Дәрігерлердің көбі жұмысында қолданылатын нормативтік базаны мүлде білмейді. Емдеу және диагностика тәртібі сақталмаған. Инфекциялық бақылау талаптары бұзылған", – деді ол.
Шу соңынан шу шығып, жағдай ушыққан кезде аталмыш перинаталдық орталықтың 31 маманы өз еркімен жұмыстан кетпек болған екен.
"31 дәрігер жұмыстан кету туралы өтініш жазып, кеңсеге тіркеткен. Қазір солардың үшеуі жұмыстан тексеруге шақыртылды. Олармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Вице-премьер Бердібек Сапарбаев барып кездесті. Әзірше қалған дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Перинаталды орталықта медициналық көмек үздіксіз көрсетіліп жатыр", – деді Людмила Бұйрабекова.
Сондай-ақ ол аурухана ішінде инфекция таралуына жауапты адамдарға әкімшілік жаза қолданылғанын айтты.
"Шілде айында аурухана ескі әкімшілік кодекс бойынша 25 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген болатын. Әзірге денсаулық сақтау министрлігіне қайтыс болған балалардың ата-аналарынан ешқандай арыз түскен жоқ. Қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Ондай арыздар сол қылмыстық іс аясында қаралып жатуы мүмкін", – деді Людмила Бұйрабекова.
Бұл жағдай денсаулық сақтау министрлігінің басшыларын да тіксінтіп тастаған сыңайлы. Алдағы уақытта елдегі барлық перинаталдық орталықтарға қатаң тексеру жүргізілмек.
Есімжан Нақтыбайұлы