Теміртау тұрғындары таза ауамен демалатын болады – Вадим Басин

3386

Теміртау қаласының экологиялық ахуалы алаңдатуда. 

Теміртау тұрғындары таза ауамен демалатын болады – Вадим Басин

"Біздің қалада мұржа дегеніңіз сансыз көп. Әлемдегі ең көп мұржасы бар қалалардың бірі шығар. Әрине, зауыттардың жұмыс істеп, жерлестеріміздің жалақы алғаны жақсы. Алайда өзіңіз көріп тұрғандай, осы мұржалардан бұрқырап ақ, көк, сарғыш, сұр, көгілдір, түрлі-түсті түтін шығады. Әсіресе, түнде қаланы иісі жағымсыз түтін ерекше басады. Егер жел соқпаса,  демалудың өзі  қиын. Осы түтіннің әсерінен болар, онкологиялық ауруға шалдыққан туыстарым, таныстарым көп",– деп біздің астанадан келген журналист екенімізді білген теміртаулық тұрғын қаланың экологиялық жағдайының жай-жапсарын жайып салды.

Теміртаудың экологиясы жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Билік өкілдері де осы мәселені шешуге белсенді атсалысуда. ҚР Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті Теміртау қаласында "Өңірдің ірі кәсіпорындарының шығарындыларын төмендету мен тазартудың ең жаңа технологияларын енгізу" тақырыбында кеңейтілген көшпелі отырысын өткізді. Отырысқа мәжілістің он үш депутаты, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі, вице-министр, комитет төрағалары,  департамент директорлары, Қарағанды облыстық және Теміртау қалалық мәслихат депутаттары, әртүрлі деңгейдегі әкімдер, "Nur Otan" партиясы, "Атамекен" ҚР ҰКП өкілдері, басқа де көптеген лауазым иелері, экологтар мен қала тұрғындары қатысты. Олар жиында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ өкілдерімен кездесіп, алпауыт компаниядан Теміртаудың экология мәселесін шешуді талап етті.

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова Қарағанды облысының әкімдігіне Теміртаудағы экология мәселесін шешуге қатысты  өз ұсынысын жасады.

"Менің қолымда аудиторлық компанияның ресми деректері  бар. Ресми деректере қарасақ, "Арселор Миттал" компаниясы күніне 893 мың доллар табыс табады. Аудиторлық тексеріс нәтижесінде 2017 жылы компания 313 млн доллар табыс тапқаны белгілі болды. Әрине, экономика қажет, еліміздің өркендеуі керек. Сонау тоқырау жылдары келген компанияларды қолымыздан келгенше пайдаланғанымыз да дұрыс. Күні кеше министріміз Мағзұм Мырзағалиев берген сұхбатында 2016 жылдан бастап экологиялық шараларға компаниялар 20 млрд теңге ақша бөлгенін айтты. Алайда  ешқандай нәтиже жоқ. Ал 2016 жылдан бері 3 млрд теңге айыппұл төлеген. Құмға сіңген судай болып, қазір оның да ізі жоқ. Екінші мәселе, 2023 жылға қарай 30%-ға дейін жеңілдетеміз, экологиялық қалдықтарды азайтамыз дейді. Бірақ білесіз бе, Қарағанды облысында 20 мың онкологиялық ауру бар. Бұл ресми дерек, бейресмиі әлі белгісіз. Қала берді, мына 179 мың ғана тұрғыны бар Теміртауда ресми деректер бойынша 3 мың адам онкологиялық кеселге шалдыққан. Былтыр, 2018 жылы 500-ге жуық адам осы науқастардың қатарына қосылған. Бүгінгі Теміртау қаласы ісік аурулары бойынша алғашқылардың бірі. Сондықтан мен депутат ретінде, халықтың аманатын арқалап жүрген азамат ретінде айтарым  экологиялық айыппұлдан ба, болмаса бөлінетін қаражаттан ба, осы науқас жандарға бөлу керек",–  деді Бақытгүл Хаменова.

Мәжіліс депутаты Теміртау қаласындағы экологиялық ахуалды тереңірек зерттеу қажеттігін де алға тартты.

"Мен Теміртау қаласына бірінші рет келдім, байқағаным  үйдің көбі сатылады, бұл жерден ел дүркіреп көшіп жатыр. Бұл мәселені де зерттеп, талдау қажет. Тағы да айтамын, компания мол табыс табуда. Табысына сөзім жоқ, алайда елді де ұмытпау керек. Халықтың жағдайына көңіл бөлген жөн. Компанияның келтіріп отырған залалы науқастарға, ана мен балаға қаншалықты әсер етуде? Соны да зерттеуіміз керек. Өзіңіз білесіз Атырау қаласында екі ай ішінде 49 нәресте шетінеп кетті. Кім біледі, сіздерде де осындай мәселелер бар шығар? Жабулы қазан жабулы күйінде қалып отырған сияқты. Сондықтан менің сізден зор өтінішім – науқастарға, өсіп келе жатқан балаларға, ана мен балаға, жас нәрестелерге қатысты сараптама жасасаңыздар екен", –деді депутат Бақытгүл Хаменова.

Отырыс барысында депутаттар, экологтар, жергілікті тұрғындар және басқалары тарапынан "Арселор Миттал" компаниясына көптеген сын айтылды.

Өз кезегінде компанияның атқарушы директоры Вадим Басин "Сарыарқа" магистральды газ құбырының тартылуына байланысты жағдай біршама түзелетіндігін жеткізді. Оның айтуынша, "Арселор Миттал Теміртау" АҚ 2023 жылға дейін ауаға кететін шығарындылар көлемін 30%-ға төмендетеді. Вадим Басин отырыстан кейін inbusiness.kz  тілшісіне: "Теміртау қаласының тұрғындары 2025 жылға қарай қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда таза аумен демалатындығына сенімдімін", – деді.

Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған отырыстан кейін, халық қалаулылары мен қала басшылығы "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ға  қарасты металлургиялық комбинатқа ат басын бұрды. Халық қалаулылары шаң-тозаң мен көк түтін құрсауындағы комбинаттың тынысымен танысып, шығарындыларды тазарту нысандарының жұмысын бақылады. От шашып, жалын атқан домна пеші, балқыту және табақша металл илеу цехына кіріп көрді.

ҚР Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті төрағасы Глеб Щегельский "Арселор Миттал" компаниясының атқарушы директоры Вадим Басиннің кейбір сөздеріне сыни көзбен қарайтындығын білдірді.

"Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға екі айдай дайындалдық. Дегенмен төрт жылға арналған қоршаған ортаны сауықтыру шараларын жүзеге асыру үшін салынатын 134 млрд аз ақша емес. Әрі ол ақша бюджеттен шықпайды. Теміртау экологиясы мәселесі бір мезетте шешілеті нәрсе емес. Отырыс  барысында көп сын айтылды. Өйткені  республика бойынша қоршаған ортаны ең ластаушы қала – Теміртау. Жергілікті тұрғындардың шағымы орынды. Бірінің баласы, бірінің немересі демікпемен ауыруда. Бұл, әрине, ауа ластануының кесірінен орын алуда. Тағы бір айта кететіні, мен атқарушы директор Вадим Басиннің баяндамасында газ тарту туралы айтқанына мұқият қарар едім. Вадим Басин сөзінде бар-жоғы 12 км құбыр тарту керек деді. Қосылсын. Оның баяндамасын тыңғылықты зерттеу керек. "Сарыарқа" магистральды газ құбырын тарту – Елбасының бесінші әлеуметтк бастамасы",–  деді Глеб Щегельский.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу