Теміртаудың басынан қара түтін қашан сейіледі?

2515

10-15 жыл ішінде Еуропадағыдай "жасыл" бола аламыз.

Теміртаудың басынан қара түтін қашан сейіледі? Фото: newtimes.kz

Теміртаудағы металлургия комбинатының менмұндалаған мұржаларынан будақтап шыққан түтін қалаға жайылып, дем алуың өзі мұңға айналғанын қала тұрғындар жиі айтуда. 179 мың халқы бар елдімекенде ресми деректер бойынша 3 мың адам онкологиялық кеселге шалдыққанын былтыр "Арселор Миттал Теміртау" компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі кезінде депутаттар да ашына айтқан еді 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бүкіл елдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін жол картасы әзірленіп жатқанын мәлім етті.

"Жол картасында жақын болашақта қабылдануға тиісті негізгі шаралар көрсетіледі. Экологиялық проблемасы бар қалалардағы қоғам белсенділерін осы мәселені талқылауға шақырамыз. Осындай Жол картасын Қарағанды облысы мен Теміртау үшін де дайындауды жоспарлап отырмыз. Бұл өңірдің ауасындағы зиянды заттардың концентрациясы мөлшерден тыс екені бәріне белгілі. "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы ауаға жылына 250 мың тоннаға жуық қалдық шығарады. Эмиссияларды 3-4 жыл ішінде 30%-ға азайту жөнінде өткен жылы мемарандумға қол қойған едік. Компания өндірісті қайта жабдықтауға, газ отынына көшуге және басқа да нысандарға қаржы салуға дайын. Қарағанды мен Теміртау арасына 500 мың ағаш отырғызылады", – деп айтып өтті ол.

Көмір жағатын жылу электр орталығы (ЖЭО) ауаны ластаушылардың бірі. Сол себепті ЖЭО газ отынын пайдалануға көшпек. Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, осы мәселе жөнінде "Арселор Миттал Теміртау" АҚ басшылығы 5 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында "ҚазТрансГаз" компаниясы басшылығымен кездеспек. Ал экология министрлігі өз тарапынан қажетті көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Экология министрі қоршаған ортаны ластаушыларға айыппұл салу туралы да ойын ортаға сала кетті.

"Менің ұстанымым айыппұл жинау емес. Ең бастысы, экологияға тиген зардапты қаржылай емес индикаторлар арқылы білу. Қоршаған ортаны ластаушыға қазірдің өзінде 3 млрд теңге айыппұл салып, сотқа бердік. Теміртау қаласының ең үлкен ластаушысы "Арселор Миттал" зауыттары. Соның ішінде ауаны ең көп ластайтыны – агломерация цехы. Біздің есебімізше, ластауы – 57%. Алайда компания өкілдері бұнымен келіспей отыр. Қазір агломерация цехында шаң тоқтататын электрлі сүзгі орнатылып жатыр. Айтуларынша, қондырғылар 2022 жылға дейін толықтай орнатылады. Бұл да қоршаған ортаға оң әсерін тигізбек", – деген министр ластану көлемін анықтау алда тұрған үлкен міндет екенін айтты.

Жаңа экологиялық кодекске сүйене отырып, елімізде Еуропадағыдай жасыл экономика қалыптаспақ.

"Жаңа экологиялық кодекске енгізілген нормаларға сәйкес, біз де 10-15 жыл ішінде Еуропадағыдай "жасыл" бола аламыз. Егер компаниялар "жасыл" технологияларды енгізбесе, эмиссия үшін айыппұлдар 2,4,8 есе өседі. Ал "жасыл" технологияларды енгізген компанияларды мемлекет эмиссия төлемдерінен босатады. Бұл 10-15 жыл уақыт алатын ұзақ үдеріс. Сондықтан осы жұмысқа қазірден кірісіп кеттік. Жаңа экологиялық кодексті бүгінгі күні мәжіліс қарап жатыр", – деп түсіндірді ол.

Теміртау сапары барысында Мағзұм Мырзағалиев қала жұртшылығымен және экологиялық белсенділермен де кездесті. Экология министрінің сөзінше, бұл мәселені қала тұрғындары мен қоғам белсенділері әрдайым қадағалап, бақылауында ұстауға тиіс. Ол үшін тұрақты түрде тоқсан сайын кездесулер ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, Қарағанды облысында жақында "жасыл кеңес" деген кеңес құрылған. Ал Теміртау қаласы әкімдігінде экология бөлімін ашу мәселесі талқылануда.

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас директоры Биджу Наирдің айтуынша, коронавирус пандемиясы экологиялық бағдарламаның орындалуына кері әсер еткен.

"Қазір Қазақстанға шетелден техникалық сарапшыларды әкелу қиын. Дегенмен бұл мәселені ең заманауи технологияларды қолдану арқылы қашықтан шешеміз. Экологиялық жобаларды жүзеге асыра беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бүгінгі таңда агломерация өндірісіне ең үлкен сүзгіні орнату жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Жобаның 75%-ы жалғасын тапты. Сондай-ақ, ауаға қалдықтарды шығаруды азайту үшін табиғи газды көбірек пайдаланғымыз келеді", – деп сендірді Биджу Наир. 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу