Теңге еркін айналымда болса, халық та тоқ, ел де тыныш

2472

Өндірілген шикізатты өзіміз өңдей алмағандықтан, оны экспорттауға мәжбүрміз. Инвестициялық жобаларды осылай қаржыландырып отырмыз.

Теңге еркін айналымда болса, халық та тоқ, ел де тыныш Фото: sputniknews.kz

Желтоқсанның бірінші жартысында өткен мұнай экспорттаушы мемлекеттердің келіссөзі нәтижелі болды. OPEC-ке мүше және мүше емес мемлекеттер мұнай өндіруді шектеу туралы келісімге келді. Нәтижесінде, мұнай бағасының қымбаттауы, яғни, мұнай баррелінің бағасы 55 доллардан жоғарылауы, теңгенің долларға шаққандағы бағамының 340-тан 331 теңгеге күшеюіне тікелей әсер етті. Бұл туралы экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаев айтып берді.

Танымал экономистің пікірінше, өткен жылдың 15 тамызында теңгені еркін айналымға шығарудың салдарынан оның бағамы 180 теңгеден 350 теңгеге дейін құнсызданды. Мұндағы негізгі мақсат – Қазақстан өндірушілерінің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту болатын. Себебі, біздің тауарларымыз енді көрші елдердің тауарларымен салыстырғанда доллар бағасы арзандап, халықаралық нарықта бәсекелестігі артады.

"Біздің өнімдерге сұраныс артады. Қазақстан кәсіпорындарының инвестициялық мүмкіндіктері артып, шетел инвестицияларын тартуға қолайлы жағдай қалыптасады. Еліміздегі шетел компанияларының да экспорттық әлеуеті артып, оларға да инвестиция үшін шетел қаржы институттарынан қаржы алу мүмкіндіктері мол. Яғни, елімізде инвестициялық климаттың жақсаруына әсер етеді. Халқымыздың белсенді бөлігі өндірушілер деп есептесек, теңге бағамының еркін болғаны халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да алып келеді", – дейді ол.

Сонымен қатар, Сапарбай Жұбаев екі алып көршіміз Ресей мен Қытайдың қаржы саясатына да тоқталды. Әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде, теңгенің бағамына Қазақстанның төлем балансы жағдайын қалыпты ұстау мүмкіндігі шектеулі болған кезде, осы көршілерімізбен сауда-саттықты дамыту өте маңызды. Себебі, әлемдік экономикадағы осы күрделі дағдарыс салдарынан Қазақстан өнімдеріне сұраныс азайып, экспортқа шығатын тауарларымыздың бағасы 30-35 пайызға арзандады. 2015 жылы ел экономикасына Ұлттық қордан 28 млрд АҚШ доллары бөлініп, негізгі салалардағы дәйекті мәселелер шешілгеніне қарамастан, жыл көрсеткішінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі тек 1,5 пайызға ғана өсті.

"Салыстыратын болсақ, 2000-2008 жылдар аралығында біздің елде ЖІӨ өсімі жылына 10-11 пайыздық жоғарғы көрсеткішке дейін жеткен еді. Әрине, сол кезеңде мұнай бағасы ел экономикасының дамуына тікелей әсер еткен. Ал 2011-2013 жылдар аралығында елдегі ЖІӨ жылына 6-7 пайыз артты. Бұл да біз үшін жаман көрсеткіш емес еді. Алдыңғы жылы, яғни 2014 жылы ЖІӨ 4,5% өсті. Елдің экономикалық құрылымы жеткілікті дәрежеде әртараптандырылмаса да, соңғы 10-15 жылда мемлекет тарапынан біршама жұмыс атқарылды және атқарылуы керек жобалар болжанды", – дейді Сапарбай Жұбаев.

Сарапшы маманның тағы бір айтқаны, экономикамыздың экспортқа бағытталғаны. Олай дейтін себебі, елімізде өндірілген көп затты өзіміз тұтына алмаймыз. Мәселен, астық, ұн, мұнай, металл және тағы басқа өнімдерді экспорттауымыз керек. Сондықтан, шикізатты экспортқа шығару арқылы қаржы жинап, инвестициялық жобаларды өңдеу салаларын қаржыландыруға мүмкіндік аламыз.

"Экономикамыз тұрақты дамығанда Президентіміздің ұсынысымен жинақталған ұлттық қордағы 65 млрд доллар мен ұлттық банктің алтын-валюта қорындағы 30 млрд долларлық қор осы қысылтаяң уақытта жұмсалатын қаржы еді. Бұл қаржы, негізінен, Республикалық бюджетке трансферттеліп, табыс көзі ретінде қолданылып, бюджетіміздің шығындарын қаптауға жұмсалады. Әрине, бұл қаражат ішіп-жеуге емес, елдің инфрақұрылымының дамуына, жаңадан жұмыс орындарын ашып, құрылыс нысандарын жолға қоюға бағытталған қаражат деп ұғынуымыз керек. Былайша айтқанда, бұл қаржы елдің экономикалық құрылымының өзгеруіне, жақсаруына сеп болады. Әлемде көптеген мемлекет дағдарыс кезінде осындай бағытты негізге алғандығын айтып өткен жөн. Елбасының бастамасымен жолға қойылған индустриялдық-инновациялық бағдарламалар алдағы уақытта оң нәтижесін береді. Теңге бағамын еркін айналымға жіберген сәтте, ең маңыздысы, халықтың тұрмысының төмендемеуін қамтамасыз ету қажет", – дейді экономист.

Әрине, болашақты болжау қиын. Дегенмен, сарапшымыз төл теңгені сатып алу қабілетін сақтау мақсатында елімізде жүзеге асырылып жатқан күрделі шаралар жақсы нәтиже беріп, теңгеміздің жағдайы тұрақты болатынына үміттенетінін алға тартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу