Биылғы жыл ұлттық заңнамадағы маңызды бір өзгеріспен ерекшеленді.
Бұл бетбұрысқа сәйкес, Қазақстанның төлқұжатына қол жеткізгісі келетін жатжұрттықтар жаңа жылдан бастап министр Саясат Нұрбектің командасының ақ батасын алуға міндетті болады.
Бұл туралы ведомствоның өзі "Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемін айқындау бойынша тестілеуді өткізу қағидаларының" жобасына түсіндірме жазбасында ашық айтады.
"Бұл жобаны қабылдау министрліктің функцияларын кеңейтуге және қағидаларды Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді. Қағидаларды жүзеге асыру 2025-2027 жылдарға көзделген қаржы шеңберінде республикалық бюджеттен қаржылай шығындарды талап етеді", – деп хабарлады түсініктемесінде Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Сондай-ақ журналистерге арналған баспасөз парағында ведомство биыл ел Парламенті "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын қабылдап, оның күшіне енгенін еске салды.
Оған сәйкес, мемлекеттік тілді ең құрыса ауызекі тілде білмейтін, пікірін ауызша жеткізе алмайтын шетелдіктер сынақта теріс баға алады. Мұндай жағдайда министрлік ҚР Президенті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияға ол адамға Қазақстанның азаматтығын беруден бас тартуға кеңес беретін болады.
Мысалы, теңгені "тэнгэ", Бәйтеректі "байтэрэк" деп бүлдіретіндер, ХХ ғасырға дейін қазақтардың байырғыдан мемлекеттілігі болғанын мойындамай, тарихымызды бұрмалайтындар сынақ қабылдаушы мамандардың қырына ілігуі мүмкін.
Осы орайда аталған заңның 17-бабына Қазақстан азаматтығына қабылдаудан бас тарту және ҚР азаматтығын қалпына келтіру негіздеріне қатысты түзетулер енгізілді. Аталған бап "ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын көлемде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білмесе, түсінбесе, сондай-ақ ҚР Конституциясының негіздерін, Қазақстан тарихын білмесе, оның өтінішхаты қабылданбайды" деген жаңа 14) тармақшамен толықтырылды.
"Осы заң нормасын іске асыру аясында Қазақстан азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемін айқындау бойынша тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы бұйрық жобасы әзірленді", – деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Бұл құжат "Ашық НҚА" порталында орналастырылған. Қоғамдық талқылау 2025 жылғы 6 қаңтарға дейін жалғасады. Жаңа қағидалар содан кейін қабылданып, өмірге жолдама алады.
Айта кету керек, осының алдында, 2024 жылғы 8 қазандағы №479 бұйрығымен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, сондай-ақ ел Конституциясының негіздерін, Қазақстан тарихын білу көлемін бекітті.
Ол бұйрық 2024 жылғы 12 қазанда күшіне енді.
Құжат талабы бойынша егер шет ел азаматы Қазақстанның азаматтығына кіргісі келсе, бұдан бөлек, экс-отандасымыз барған еліне сыймай, оралғысы келсе, келесі талаптарға сәйкес келуі шарт:
- қазақ тілінде қарапайым деңгейде 36 балдан кем емес көлемде сөйлеп, ойын жеткізе білуге тиіс.
- Қазақстан Конституциясының негіздерін (басты баптарын) білу бойынша ең кемі 9 балл жинауы қажет.
- Қазақстан тарихын білу көлемі 15 балдан кем емес болуы міндет.
Осы талаптардың орындалуына Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті жауапты.
Биылғы бұл бұйрықта аталған балдардың нені білдіретіні, басқа да егжей-тегжейі айтылмады.
Есесіне бұл жаңашылдықтың жай-жапсары жаңа жылда қабылданады деп күтіліп отырған қағидалар жобасында келтірілген.
Мысалы, онда шетелдіктерге тестілеу қорытындысында шекті балды еңсергенін ресми растайтын электрондық құжат – "электрондық сертификат" берілетіні жазылған. Тестіленушілердің бірегей дерегі бар сертификаттар Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты "Ұлттық тестілеу орталығының" (ҰТО) сайтында жарияланады.
"Тестілеу қорытындысында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар шекті балды еңсере алса, онда осы қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан-форма бойынша қазақ тілінде "электрондық сертификат" беріледі. Шекті балды еңсермесе сертификат берілмейді! Тестілеу аяқталғаннан кейін сертификат тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады", – деп мәлім етті министрлік.
Тестіленуші электрондық сертификатын ҰТО-ның https://certificate.testcenter.kz сайтына кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірін және жеке кодын енгізу арқылы растай алады.
Бұл сертификат берілген күнінен бастап 2 жыл ғана жарамды. Осы кезеңде азаматтық ала алмаса, қайта өтуі қажет.
Дегенмен, тіл жанашырларының көңілін қалдырған жайттар да жоқ емес. Бірінші жайт: ел Парламенті әлгінде аталған заңды биылғы көктемде қабылдап, ол 2024 жылғы 16 мамырда қолданысқа енгізілді.
Алайда Саясат Нұрбектің командасы тиісті нормативтік құқықтық актілерді, соның ішінде қажетті қағидаларды қабылдауды созбалаңға салып жіберді, әлі күнге қабылдап болған жоқ. Салдарынан ізгі жаңашылдықтың өмірге жолдама алуын барынша кешіктіруде.
Екінші жайт: Мәжіліс депутаттары ақпарат құралдарына көп-көп сұхбат беріп, жаңа заң жобасының игілігі мол болатынын мәлімдеп жүрді. Олардың дәйектеуінше, Қазақстан азаматтығын алатын немесе онысын қалпына келтіретін әрбір шетелдіктен мемлекеттік тілді және елдің тарихын білуді талап ету – тілдік тұрғыдан Қазақстан қоғамын біріктіреді. Қазақ тілінің өрісін кеңейтеді.
Алайда Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген қағидаларда бұл талап мейлінше жұмсартылмақ. Біріншіден, шетелдіктердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау сынағы ғана қазақша жүреді.
Басқасының бәрін орыс тілінде тапсыруға рұқсат (тестілеудің ағылшын тілінде өту қарастырылмаған, тиісінше, әлемдегі өзге тілділердің бәрінен орыс тілін білу талап етіледі).
Министрлік жазған жаңа қағидалар жобасына сәйкес:
- тілдік білімді бағалау жүйесінің қарапайым деңгейі бойынша қазақ тілін білуін айқындауға арналған тест – қазақ тілінде;
- Қазақстан Конституциясының негіздері бойынша тест – қазақ тілінде, оны білмесе, тек қана орыс тілінде;
- Қазақстан тарихы бойынша тест – қазақ немесе орыс тілінде жүргізіледі.
Тест тапсырмаларының жалпы саны – 100 болады және әрбір дұрыс жауап үшін 1 балл алады. Соның ішінде:
- қазақ тілі бойынша – 60 тапсырма, оның ішінде тыңдалым бөлігі бойынша – 20, оқылым бөлігі бойынша – 40 тапсырма;
- Қазақстан Конституциясының негіздері бойынша – 15 тапсырма;
- Қазақстан тарихы бойынша – 25 тапсырма беріледі.
Мұнда әрбір тапсырма бойынша 4 жауап ұсынылады. Тестіленуші соның бірін түртіп, белгі соғуы керек. Айталық, Қазақстан паспортын иеленуді көздеген азамат қазақша білмесе, бірақ жолы болып, кездейсоқ белгілеген ноқаттарының бір бөлігі дұрыс жауапқа сәйкес келсе, сынақтан сүрінбей өтуіне осының өзі жетпей ме?
Мұндай көзбояушылыққа жол бермеу үшін қағидаларда айтылым және тыңдалым сынақтары енгізіліпті. Оған сәйкес, шетелдік аудиомәтіннен естігенін өз сөзімен айтып беруі, өз ойын қазақша білдіре алуы шарт. Мемлекеттік тілге қатысты басқа талап жоқ.
Қазақшадан жұрдай жатжұрттықтардың Қазақстан азаматтығына қабылданып кетпеуі енді осы салаға жауапты тұлғалардың адалдығына, жемқорлыққа арын былғамауына байланысты болады.
Екіншіден, шетелдіктердің үлкен тобы мемлекеттік тіл емтиханын тапсырудан, қазақ тарихын білуден босатылады.
Тестілеуден толық босатылатындардың қатары қалың: балалар, әрекетке қабілетсіз адамдар, Қазақстанға сіңірген айрықша еңбегі бар шетелдіктер, этникалық қазақтар-қандастар, Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын ала алатын адамдар кірді.
Сондай-ақ "ҚР азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртiбi белгiленетiн адамдар үшiн кәсiптердiң тiзбесiн және оларға қойылатын талаптарды бекiту туралы" ел Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы №1587 жарлығымен бекітілген тізбе бойынша тиісті кәсіптерге ие және талаптарға сай келетін адамдар да мемлекеттік тілді білуге міндеттелмейтін болып шықты. Бұлардың арасында әртіс, археолог, сәулетші, дәрігер, биолог, дирижер, инженер және басқа да 40 түрлі мамандық иелері бар.
Тестілеуге берілетін жалпы уақыт 2 сағат 10 минутты құрайды. Мүгедектігі бар адамдарға тестілеу үшін қосымша 30 минут беріледі.
Тестілеу бойынша шекті балл – кемінде 60 балл, оның ішінде:
- Қазақ тілін білуіне қатысты тыңдалым бөлігі бойынша – кемінде 12 балл, оқылым бөлігі бойынша – кемінде 24 балл;
- Конституция негіздері бойынша – кемінде 9 балл;
- Қазақстан тарихы бойынша – кемінде 15 балл.
Тестілеуді Ұлттық тестілеу орталығы тоқсан сайын бір рет өткізеді.
Тестілеуден өту үшін шетелдік құжаттар пакетін жинап, қиналмайды: азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе шетелдік паспортын, Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын ұсынса, жеткілікті.