Теңізде үлкен құрылыс басталды

34646

Теңіздегі болашақ кеңейту жобасы аясында салынатын тек бір зауыттың құрылысы үшін 23 мыңнан астам қада қағу қажет.

Теңізде үлкен құрылыс басталды

Болашаққа деген мақсат

"Қара алтын" бағасының күрт төмендеуіне қарамастан, халықаралық TengizChevroil консорциумы болашақ кеңейту жобасы мен сығымдылық қысымын басқару жобасы аясында елдің батысындағы Теңіз кен орнында ірі құрылыс бастады.

Еске салсақ, осы жоба аяқталған соң бұл жерде жылына 12 млн тонна ( нақты айтсақ, 27 млн-нан 39 млн тоннаға дейін. – Автор еск.) мұнай өндірілуге тиіс. Теңіз кен орнына салынатын жаңа инвестицияның жалпы көлемі 37 млрд-тан 40 млрд долларға дейін болуы керек.

Мұнай бағасы төмен болып тұрған кезде соншалықты күрделі инвестицияны салу туралы шешімді үстіміздегі жылдың жазында "TengizChevroil" ЖШС акционерлері қабылдаған болатын. Ол жердегі америкалық мұнай алыбы Chevron-ның үлесі 50% ("ҚазМұнайГаз" АҚ ҰК – 20%, ExxonMobil – 25% және "ЛукАрко" БК – 5%. – Автор еск.).

Шешім жарияланғаннан бері небәрі үш ай уақыт қана өтті. Алайда, кен көзінде жұмыс барынша қарқын алыпты. Оған TengizChevroil-дың шақыруымен арнайы ұйымдастырылған баспасөз-турына қатысқан өңірлік және республикалық БАҚ өкілдерінің көздері толық жетті.

Компанияның ұшағымен кен көзін көктен көргенде, бұл жобаның қаншалықты ауқымды екенін ұғындық.

Телімдердің бірінде

Атырау шөлейтінде жаңа зауыттың жұмысшылары үшін жаңа вахталық кенттің құрылысы жүріп жатыр. Одан әрірек Үшінші буын зауыты салынуы керек. Ал Каспийдің таяздығына жаңа жасанды аралдар салынды. Бұл жерде мұнайды құйып алу мен сақтау үшін теңіз терминалдары салынуға тиіс.

Ұшақ терезесінен Прорва өзенінің алқабынан өтетін жаңа үйме жол салу үшін көп тонналы жүк машиналарының топырақ тасып жатқанын, сондай-ақ экскаваторлардың кеме жүзетін жол үшін теңіз арығына ор қазып жатқанын көрдік.

Теңіз телімінде келешек портқа шектесетін түпті тереңдету жұмысы 25%-ға аяқталып қалыпты.

"Болашақ кеңейту жобасы – бұл, шынымен, үлкен жоба", – деді журналистерге баспасөз-туры кезінде жолсерік болған "TengizChevroil" ЖШС-ның үкіметпен және бұқарамен байланыс бөлімінің бас менеджері Ризабек Артығалиев.

Оның ақпарына сүйенсек, Үшінші буын зауытының барлық жабдығына арналған құрылыс аумағының ұзындығы 1,5 шақырымды, ал ені 1,2 шақырымды құрайды. Бұл бұған дейін салынған, қолданыстағы Екінші буын зауытының аумағынан жарты шақырымға ұзындау және кеңірек. 

Отандық қамту

Ұшақ болашақ жаңа жоба нысандарының барлығын аралап болғаннан кейін ғана журналистерді Үшінші буын зауытының алаңына әкелді.

"Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, зауыт іргетасын көтеру үшін қада қағылып жатыр. Қағылатын қадалар саны 23 мыңнан астам болады. Ол кәсіпорынның орнықтылығын қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ, олар аса берік бетоннан дайындалады", – деді Ризабек Артығалиев.

Қағылатын 23 мың қаданың барлығы өзімізде өндірілген. Оның тең жартысы Атырауда,  қалғаны Алматыда дайындалған. Болашақ кеңейту жобасы мен сағалық қысымды басқару жобасына (БКЖ – СҚБЖ) қолданылатын  жабдықтардың негізгі көлемі өзімізде, Оңтүстік Кореяда, Италияда дайындалатын болады.

Жоғарыда аталған екі жоба аясында (БКЖ – СҚБЖ) салынатын барлық өндірістік және қосалқы нысанның құрылысы қаражат пен уақытты үнемдеу үшін бір уақытта орындалатын болады.

"Мұнымен қарама-қатар жаңа "Өркен" вахталық кентін салып жатырмыз. Болашақ тұрғын үй ғимараттарының металл құрылмалары 30%-ға орнатылып қойған. Кент "қала ішіндегі қала" болумен ерекшеленеді.

Тұрғын үй корпустары, асхана, кинотеатрлар, бассейндер және  спорт залдар – бұлардың барлығы бірыңғай жабық кеңістікте орналасатын болады. Корпустар арасына өтетін жолдар салынады. Бұл қыстың суық, боран күндерінде жүруге ыңғайлы", – деді Ризабек Артығалиев.

Салынып жатқан вахта кенті "қара алтынды" өндіру ісінде тәулік бойы жұмыс істейтін 5000 адамның тұруына есептелген. "Өркен" кентінің құрылысы 1,5-2 жылда салынып бітуі керек.

Атырауға ұшып келген соң TengizCheroil-дың бас кеңсесінде 2016 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында ЖШС-ның  Болашақ Кеңейту жобасы мен Сағалық қысымды басқару жобасы аясындағы 333 млн долларын қоса алғанда,  отандық өндірушілердің 1,6 млрд доллардан артық тауары мен қызметін алғаны туралы ақпар алдық. Бүгінгі күнгі осы ауқымды жобаға қатысу үшін еліміздің 1660 компаниясы алдын ала іріктеуден өткен.

Тағы да бір үлкен экономикалық тиімділік: Болашақ Кеңейту жобасының құрылысы қызған шақта 20 мың жұмыс орны құрылатын болады.

Мұнай шапшып атқылап жатқан кен орны

Сарапшылардың пікірінше,  мұнай өндірісін арттыру үшін келешекте Теңіз кен көзін игеруге жұмсалатын 37 млрд долларлық жоба – бұл бүгінгі күні әлемдік мұнай бизнесіндегі ең қымбат жобаның бірі.  

Мұнай бағасының төмен болуына қарамастан, шетелдік серіктестер еліміздегі кен орнын игеруге соншама қаражатты неге салып отыр? Бұл сұрақтың астарында мән бар және ол бірқатар себеппен түсіндіріледі.

Біріншіден, мамандардың пікірінше, Теңіз енді ғана игеріле бастаған кен көзіне жатады. Ол жердегі мұнай шапшып атқылап қана қоймайды, оны жердің үстіңгі қабатына 400 атмосфералық қысыммен итеріп шығарады.

Үстіміздегі жылдың тек 9 айында Теңіздегі өндірілген мұнай көлемі 20 млн тонна (160 млн баррель) болған. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 25 млн тоннадан 27 млн тоннаға дейін болуы мүмкін.

Ал Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2016 жылдың қорытындысы бойынша елдегі мұнай өндіру көлемі 75 млн тонна болуы керек. Теңіз кен орны  еліміздегі өндіріліп жатқан барлық "қара алтынның" 1/3-ін береді, ал ол өз кезегінде мемлекеттік бюджеттің үлесі екенін санамай-ақ білуге болады.

TengizGhevroil-дың үстіміздегі жылдың тоғыз айында елімізге құйған тікелей қаржылық төлемі 115 млрд долларды құрады (біздің қызметкерлерге төленген жалақы мен еліміздегі серіктестерге төленген дивидендтерді, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке аударылған салық түріндегі төлемдер мен роялтиді қоса алғанда).

Екіншіден, Теңізден шығатын мұнай "жеңіл мұнайдың" қатарына жатады. Яғни, оның сапасы жоғары, сол себепті әлемдік нарықта жоғары бағаланады. Мұндай тартымдылық TengizChevroil акциясының 50%-ына ие болып отырған америкалық Chevron компания үшін аса маңызды.

Әлемнің бес құрлығында Chevron-ның негізгі 13 инвестициялық жобасы бар екені бәріне аян. Ал Теңіз сол тізімде бірінші орында тұр. Еліміздегі кен орны Chevron-ның барлық әлемдік өндірісінің 1/5-ін береді.

Егер былтыр Теңізде тәулігіне шамамен 78 мың тонна мұнай өндірілген болса, онда мұнай өндіруді кеңейту мен арттыру аясында TengizChevroil тәулігіне қосымша 32-39 мың тонна мұнай алатын болады (Ливиядағы кен орны үздіксіз жұмыс істеп тұрған кезде осынша мұнай өндіретін).

Үшіншіден, Теңіз – бұл тек мұнай ғана емес, сондай-ақ газ және күкірт. TengizChevroil үстіміздегі жылдың тек 9 айында 970 мың тонна сұйытылған газ, 5,25 млрд м3 құрғақ газ, сонымен қатар 1,67 млн тонна күкірт сатқан.

Ризабек Артығалиевтың айтуынша, күкірт өндірістің қалдығы емес, керісінше әлемде жақсы сатылатын, сұранысқа ие тауардың бірі болып шыққан. Бұрын күкірт сақталған қоймалардың бос жатуы – оның сөзіне дәлел.

Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу