Террорист басып кірсе, судья не істеуі керек?

2464

Жоғарғы сот егжей-тегжейлі нұсқаулық-инструкция жобасын жариялады.

Террорист басып кірсе, судья не істеуі керек?

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Алматыда мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Мұрат Абраевтың көз жұмғаны хабарлануда.

Қазақстанның көптеген өңірінде, әсіресе, Алматы, Шымкент, Таразда, Қызылорда және Алматы облыстарында болған бейберекетсіздіктерде, радикалдардың маңызды нысандарға, әкімдіктерге шабуылдары кезінде шенеуніктердің өзін қалай ұстауы, нендей шараларды жүзеге асыруы қажеттігін білмейтіні әшкереленді.

Ұжымның бір бөлігі, соның ішінде басшылар алды-артына қарамай, тым-тырақай қашса, қарапайым қызметкерлердің бір бөлігі "өз атыма тіркелген мүлік, компьютер жоғалса, кейін төлеттіреді" деп қорқып, жұмыс орнында қалған. Сөйтіп, соққыға жығылған деседі.

Мұндай жағдай болмауы үшін Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті, яғни Жоғарғы соттың аппараты "Қазақстанның сот жүйесінің қарамағындағы террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық" жобасын әзірледі. Жоғарғы сот аппаратының басшысы Наиль Ахметзакировтың мәліметінше, тиісті бұйрыққа қол қойылып, ол Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін нұсқаулық облыстық және оларға теңестірілген соттардың әкімшілеріне жіберіледі, әрбір судья мен сот қызметкерінің назарына жеткізіледі.

Оның күші судьяларға, сот жүйесінің мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне, жеке еңбек шарты бойынша қызметкерлерге, штаттан тыс қызметкерлерге таралады.

Ғимаратта жарылыс пен атыс болса, не істеу керек?

Нұсқаулық негізінен Қазақстан бойынша не жекелеген өңірде террористік қауіптілік деңгейінің бірі – бірқалыпты ("сары"), жоғары ("қызғылт сары") немесе шекті ("қызыл") деңгейі енгізілгенде қабылданатын шараларды, сондай-ақ жыл сайынғы дайындық іс-шараларын қамтиды.

Бұдан бөлек, онда жаңа жағдайларды ескере отырып, лаңкестік шабуылдарға қарсы объектілерді инженерлік-техникалық жабдықтармен жарақтандыруға қойылатын талаптар белгіленген. Мысалы, сот жүйесінің қызметкерлері отыратын нысандар міндетті түрде:

1) Телевизиялық күзет жүйесімен;

2) Хабардар ету жүйесімен;

3) "Дабыл түймесімен" және өрт-күзет сигнализациясымен;

4) Бақылау-өткізу пунктімен (мүмкіндік болған кезде);

5) Периметрі бойынша қоршаумен;

6) Қозғалыс датчиктерімен;

7) Кіруді бақылау және басқару жүйесімен;

8) Қол жүгін техникалық тексеріп қарауға арналған рентген-телевизиялық қондырғылармен;

9) Қол металдетекторларымен;

10) Аркалы металдетекторлармен жарақтандырылуға тиіс.

Жалпы "Сот қызметкерлерінің терроризм актісінің жасалу қаупі туындаған және терроризм актісін жасаудан туындаған техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмін" бір ауыз сөзбен былай түйіндеуге болады: террорист басып кірсе, қаш! Қашуға мүмкіндік қалмаса, шығу жолдары жабылса, тығыл! Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі. Қарапайым адамдардан қарулы топқа қарсы тұрып, ерлік танытуға талпынбау сұралады. Бұл босқа адам шығынына соқтыруы мүмкін. Сондықтан аталған шаралар ішінара өзге меморгандарға да, кез келген басқа ұжымдарға да жарай береді.

Сонымен "объектіге қарулы шабуыл жасалған кезде сот қызметкерлері мен келушілер":

  • Біріншіден, үрейге бой алдырмауы;
  • Екіншіден, жағдайды бағалауы және ғимараттан қалай шығудың нақты жоспары мен жолдарын ойластыруы;
  • Үшіншіден, алғашқы мүмкіндік туа сала, қауіпсіз эвакуацияланып, ғимараттан бірден сыртқа шығып кетуі керек;
  • Бұл мүмкін болмаса, онда барынша қауіпсіз орынды табу, бөлме есігін бұғаттау, баррикада жасау, жарықты өшіру, ұялы телефонды үнсіз режимге ауыстыру, терезелерді жабу, көмек келгенге дейін тыныш отыру қажет.

Ғимарат ішінде және оның аумағында атыс басталса, сот қызметкерлері мен келушілер сырттағы атыс кезінде терезе жанында тұрмауға, терезе табаны деңгейінен жоғары көтеріліп, қарамауға, қауіпсіз жер тауып, тығылуға тиіс.

Сот ғимаратында жарылыс болса, адамдар шыны шкафтардан, витриналар мен терезелерден аулақтау жерде еденге жата қалуы; негізгі, ұстын қабырғалардың астына жасырынуы (өйткені адамдар көбінесе қалқа-перегородкалардың, төбенің, люстралардың құлауынан қаза табады); баспалдақ алаңына шықпауы; қосылған электр аспаптарына қол тигізбеуі; ғимараттан тек арқасымен қабырғаға сүйеніп шығуы, баспалдақпен төмен түскенде еңкеюі және басын қолымен жауып шығуы; далаға шыққанда, құлауы мүмкін карниздер мен қабырғаларды қарайлап, ғимараттан тез алшақтауы қажет.

Теракт жасалғанда объект басшысының іс-әрекеттері мынадай болуға тиіс: ІІМ және ҰҚК бөлімшелерін дереу хабардар етуі; ғимарат ішіндегі адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шараларын ұйымдастыруы, атап айтқанда эвакуациялауы, ішкі кедергілерді оқшаулауы, штаттан тыс ахуал туралы хабарлауы; терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың келіп жеткен күштерімен өзара іс-қимыл ұйымдастыруы шарт.

Қандай адамдар енді күдікке ілігуі мүмкін?

Нұсқаулықта судьялардың, персоналдың және келушілердің қанша метр аулаққа қашуы керектігі де нақты жазылған. Мысалы, жарылғыш құрылғы немесе соған ұқсас зат табылса, адамдар келесідей қашықтыққа эвакуациянады және қоршау қойылады: "РГД-5 гранатасы – 50 метр; Ф-1 гранатасы – 200 метр; салмағы 200 грамдық тротильді шашкалар – 45 метр; жарылғыш құрылғы – 200 метрден кем емес; 0,33 литрлік сыра банкісі – 60 метр; дипломат немесе кейс – 230 метр; жол шабаданы – 350 метр; жеңіл автомашина – кемінде 600 метр; шағын автобус – 920 метр; жүк машинасы немесе фургон – 1 шақырым 240 метр".

Әрине, кез келген заттан, көлік атаулыдан үнемі алыс жүру мүмкін емес. Бұл ретте құжатта "күдікті заттар – иесіз сөмкелер, пакеттер, жәшіктер, қораптар немесе ерекше дыбыстар (шертулер, тықылдау және т.б.) және ерекше иістер (бадам, хлор, аммиак және т.б.) шығатын сымдары бар ойыншықтар болуы мүмкін" деп жазылған.

Күдікті затты тапқан сот қызметкері объектінің басшысына және жауапты лауазымды адамға, сондай-ақ "102" немесе "112"  нөмірлеріне дереу хабарлауға міндеттеледі.

Жасыратыны жоқ, бұдан былай барлық күзет қызметкерлері келушілердің әрқайсысына күдікпен қарауы мүмкін. Нұсқаулық жобасында күзетшілерге және қызметкерлерге ықтимал террористті қалай тануға болатыны айтылған, оның негізгі белгілері келесідей екен:

1) Ықтимал террорлық шабуыл объектiсiнiң айналасындағы ахуалды зерделеп, оның қызметіндегі белгілі бір аспектілерге жоғары, әрі негізсіз қызығушылық танытып жүрген адамдардың пайда болуы;

2) Күдікті тұлғалардың бірнеше рет келіп-кетіп жүруі және олардың фото және видеотүсірілім жасауы;

3) Күзет персоналымен және қызметкерлерімен негізсіз байланысқа түсіп, олардан нысанның жұмыс режимін, кіру тәртібін, қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін және басқасын анықтап сұрауы;

4) Техникалық қызмет көрсетуге қатысы жоқ адамдардың жертөле-подвалдар мен шатырларға кіруі;

5) Бөгде келушілердің ғимаратқа кіреберістегі күзетке жеке басы туралы ақпарат бермейтін бөтен құжаттарды көрсетуі;

6) Объектінің әкімшілігі мен персоналына жалған ақпарат хабарлауы;

7) Ғимараттың осал тұстарын және оларға кіру тәртібін, өткізу режимі жүйесі мен объектіні күзету тәртібін зерделейтін адамдар.

Қолда бар дерекке жүгінсек, Жоғарғы соттың, облыстық және оларға теңестірілген соттардың ғимараттарын күзету, сондай-ақ өткізу және объектішілік рәсімдерді қамтамасыз ету ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет қызметінің бөлімшелеріне жүктелген екен.

Ал Сот төрелігі академиясының, аудандық және оларға теңестірілген соттардың ғимараттарын күзетуді ақылы негізде жекеменшік күзет фирмалары жүзеге асырады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу