Тілді түлетудің, ұлт болып өрлеудің молдовалық тәсілі

2558

Посткеңестік кеңістіктегі бұл елдің нағыз азаттығы латын қарпіне көшуден басталды, деп жазады inbusiness.kz.

Тілді түлетудің, ұлт болып өрлеудің молдовалық тәсілі Фото: google.com

Қазақстанға ықпалы өктем ресейлік арналар молдавандардың үсті-басы лас, ең ауыр жұмысқа әзір мигрант бейнесін сомдады. Шынында бұл қандай ел?

Осы аптада тосын жаңалық тарады. Ресейлік әнші, актриса, РФ және Дағыстанның еңбек сіңірген әртісі Жасминге қарсы АҚШ ауыр санкция салды.

Америкалық тараптың түсіндіруінше, ол Молдова президентінің билігін құлатуға және елді Ресейдің ықпалына оралтуға арналған жоспарды әзірлеуге қатысқан. "Лёли-лёли", "Лабу-Дабу", "Прощай, моя помада" сияқты ойнақы, жеңілтек, мағынасыз хиттарымен ХХI ғасыр басында жұлдыздар қатарынан орын алған ортанқол әншіден мұндай масқараны кім күткен? Оның мәнісі күйеуімен – И.Шормен байланысты екен. "Кімнің жерін жерлесең, соның суын суларсың" деген қазақ. Жасминнің фамилиясы Сара Шор.

АҚШ Қаржы министрлігі осы аптада Ресейдің бірқатар азаматын Молдованың ішкі ісіне қол сұқты, демократияны күйретуге талаптанды деп айыптап, оларға қарсы дербес-персоналды санкциялар енгізді. Айыпталғандар арасында бизнесмен Илан Шор, оның әйелі, әнші Жасмин және бизнесмен Игорь Чайка бар.

Молдова азаматы, олигарх Илан Шор – "Шор" оппозициялық партиясының лидері. Ол халықты арандатып, бүлікке, билікке бағынбауға үгіттеп, соңғы апталарда ел астанасы Кишинэуде (Кишинёв) жаппай наразылық шараларын, шерулер ұйымдастырды.

Вашингтонның дәйектеуінше, И.Шордың барлық қимылы Ресей мүдделерін ілгерілетуге бағытталған, "ол Мәскеудің үйлестіруімен елдің демократиялық дамуына тосқауыл қою мақсатында Молдовада бейберекетсіздіктерді ұйымдастыруға талпынған". Бұған қоса, Шор пара алды, коррупциялық қылмыстарға қатысты деген күдікке ілікті. Ол елдің банк жүйесінен миллиард доллардың жоғалып кетуіне қатысты іс бойынша айыпты деп танылып, сырттай сотталған. Бүгінде шетелде тұрады, оған іздеу жарияланды. 

Бұдан бөлек, молдовалық саясаткер, олигарх Влад Плахотнюкке санкция салынды. Плахотнюк бұған дейін Молдова саясатының "сұр кардиналы" саналатын. Оған сәлем бермей, батасын алмай, кесе-көлденең өтіп кеткен өзге саясаткерлердің мансап-карьерасы ұзаққа бармайтын, бизнесменнің ісі өрге дөңгелемейтін. Бірақ бірнеше жыл бұрын Молдовада да саяси төңкеріс болды. Билік басына Еуропамен тығыз қауымдасуды қалайтын күштер келді. Өзге саяси күштер сұр кардиналға қарсы тізе қосып, бірлесе тойтарыс берген соң Влад дереу табанын жалтыратып, шетелге қашты. Оны АҚШ коррупцияға, Молдованың билік институттарын, соның ішінде құқық қорғау және сайлау органдарын басып алып, манипуляциялады деп айыптап отыр. Олигархтар шетелде тыныш жатпай, тыным таппай, Молдовадағы қазіргі билікті төңкеріп тастауға талап қылып жатқанға ұқсайды.  

Осылардың Ресеймен арасындағы құпия қарым-қатынасына делдал болған ресейліктер әшкереленді. АҚШ-тың молдовалық санкциялық тізіміне кірген бизнесмен Игорь Чайка – РФ бұрынғы бас прокуроры Юрий Чайканың ұлы. Америкалық Қаржы ведомствосының хабарламасында айтылғандай, 2021 жылы Чайка В.Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковпен бірге еуроинтеграцияның берік жақтаушысы Молдова Президенті Майя Сандудың "билігін күйретудің және елді ресейлік ықпал аймағына кері оралтудың жоспар, операцияларын әзірледі".

АҚШ ұстанымынша, бұл жоспарларды іске асырудағы маңызды рөл "Шор" партиясына және Молдованың ресейшіл экс-президенті Игорь Додонның жақтаушыларына берілген.

Сондықтан Чайка иелік ететін бірқатар компанияларға, сондай-ақ Чайканың осы істегі серіктестері мен көмекшілері болған 4 жеке тұлғаларға санкциялар салынды.

Жалпы алғанда, АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) "РФ билігінің Молдованың ішкі ісіне араласып, оған ықпал ету кампанияларын жүзеге асырған" 9 жеке тұлғаға және 12 заңды тұлғаға санкция салып, қудалауға кірісті. Олар АҚШ-қа виза ала алмайды. Олардың АҚШ-тағы және америкалық құзыр жүретін аумақтардағы дүние-мүлкі бұғатталды.

Санкцияға тап болғандар арасында әлеуметтік желілер арқылы кез келген елде қоғамдық дауыл мен дүрмек туғызуға маманданған "Тролльдер фабрикасының" мамандары және пропагадистер бар. Соның бірі Ю.Гудилиннің командасы Молдованың қалаларында автокөліктерді жаппай бұзып, бүлдіріп, бақылаудағы молдовалық БАҚ арқылы бұл қылмыстарға украиналық босқындарды айыптауды, соны дәлелдейтін фейк видеолар таратуды жоспарлапты.

"Енгізілген санкциялар Ресейдің Молдовадағы құпия стратегиясын әшкерелейді, сондай-ақ коррупцияның елдегі заңның үстемдігін күйрететінін көрсетеді. Ресейдің ықпалын таратуға бағытталған операцияларды жүргізетіндер нысана-елдердің түрлі осал тұстарын пайдалануға тырысады. Құрама Штаттар Молдованың жемқорлықпен күресуге және ресейлік ықпалға қарсы тұруға бағытталған күш-жігеріне қолдау көрсетуін жалғастырады", – деді АҚШ Қаржы министрінің орынбасары Брайан Нельсон.

Жалпы молдовандардың тағдыры дәл қазақтардай шектен тыс азапты болмағанымен, аса ауыр болды. Олар да алапат орыстандыру саясатына тап болып, ана тілінен айырылып қала жаздады. Тарихтан белгілі, 1939 жылы Еуропаны өзара бөліске салуға бағытталған кеңестік-германиялық пактінің құпия хаттамасына сәйкес, бұған дейін Молдова княздығы, кейін Румыния құрамында болған Бессарабия өлкесін Кеңес одағы өзіне қосып алды. Онда Молдавия КСР-ін құрды, Бессарабияның  оңтүстік бөлігі (Буджак) Украина КСР-іне берілді. Сол кезден бері молдова ұлтының арыстары өз халқының төл тілінде сөйлеуі және балаларының ана тілінде оқуы үшін күресіп келді. Алайда Мәскеу жүргізген қуғын-сүргін машинасы олардың көбін құрбан етті. Сол кездегі Ұлттық майдан құрылтайшыларының бірі және белсенді қатысушысы Юрие Рошка өз естелігінде кеңестік биліктің бірден тіл саясатын қолға алғанын айтады.

"Молдавия КСР-інің мемлекеттік және қоғамдық өмірінің барлық саласына орыс тілі күштеп ендірілді. Ол барлық жерде басымдыққа ие болды. Банктерде, сауда орындарында, халыққа қызмет көрсету секторларында, тіпті мейрамханаларда орыс тілділер қызметке алынды. Яғни қандай да бір қызметті лайықты алғың келсе орыс тілін біл. Меморгандарда ресми іс қағаздар тек қана орыс тілінде жүргізілді. Жоғарғы оқу орындарында да сол тілде оқытылды. Өндірісте, қоғамдық орындарда орыс тілінде сөйлесу міндет болды. Ана тілінде сөйлескен молдовалықтардың Румыния тыңшысы ретінде ұсталуы қаупі болды. Ақырында 80-жылдары Кишинэуде молдова тілінде балабақша не мектепті табу қиынға айналды", – дейді Ю.Рошка.

Оның айтуынша, қарапайым халық негізінен русификация саясатына тез көндікті. Аласапыран заманда еңбек етіп, нәпақа тауып, отбасын асырауды басты орынға қойған азаматтар жұмысқа асығып, жас балаларын жолай жақын жердегі балабақша мен мектепке тастап кетуді жөн көрді. Ал олардың бәрі тек орыс тілінде болды, тіпті үйірмелер мен секциялар да бөгде тілде болған. 

Молдова астанасының қазіргі тұрғыны Николай "Настоящее время" арнасына сұхбатында ол заманда мансапта жоғарылағысы келетін азаматтар міндетті түрде тілдік іріктеуден өтетінін әңгімеледі.

"Карьера жасау үшін жоғары білім алу шарт еді, ал дипломға қол жеткізу үшін орыс тілін білу міндет. Мен селодағы мектепті бітірген соң қаладағы техникумға түстім. Орыс тілін қанағаттанарлық деңгейде біліп қалғанмын, бірақ техникалық тіл күрделі болды. Оқытушы техникалық механика, метал технологиясы және басқа тақырыптарда орыс тілінде дәріс оқиды, мен ештеңе түсіне қоймаймын. Ұстаздарым аяп, үш қоя салады. Тек дене шынықтырудан ғана бес алып отырдым. Ата-анам неге үлгерімің осынша нашар демесі үшін кітапшамды көрсетуге ұялатынмын. Тобымыздағы 30 студенттің тек бесеуі ғана орыстар болды. Бірақ соның өзінде бәріміз орысша сөйлеуге мәжбүр болдық. Содан соң армияға алып кетті, екі жыл әскери қызметтен өткен соң орыс тілін жетік біліп алдым", – деді Николай.

Жан-жақтан, мемлекет пен қоғам тарапынан аясыз қатаң қысымға қалған молдова тілі байлығынан, көркемділігінен, тұмса тазалығынан айырылды, қарқынды түрде кедейленді, ол тілде терминдер түзілмеді. Барлық жаңалық тек орыс тілімен келетіндей көрінді.

Ал Ю.Рошканың мәліметінше, орыстандыру саясатының салдары ауыр болды. Молдовалықтардың өздері ойды жеткізуге тіліміздің қуаты жетпейді, кедей тіл деп одан тыжырына бастады

"Молдавия КСР тұрғындары орыс тілінен алынған калька-сөздерді, диалектизмдерді қолданды, тіл әбден шұбарланды. Әдеби румын тілінде тек Жазушылар одағындағылар, Баспасөз үйіндегілер ғана жақсы сөйлейтін. Кейбір театрлар ішінара румын тілін пайдаланды. Бізге өзімізді румын деп санауға тыйым салынды. Румын тілінде жазуға рұқсат етілмеді, ол тілдегі хат пен жазбаны еш жерде қабылдамады. Румын мәдениетінің ажырамас бөлшегі болған латын әліпбиіне тыйым салынды. Оның орнына кириллицаға құрылған молдавиялық алфавит енгізілді. Бұл мысалы, орыстарға кириллицада жазуға тыйым салып, араб әліпбиіне көшіргенмен бірдей еді. Орыс алфавитін іске алғысыз, жаман дегім келмейді, бірақ ол басқа, бөтен, болмысымызға да, фонетикамызға да жат. Бірақ ол кезде кеңес қоғамынан ерекшеленуге тырысу, одан бөле-жарылу өзіңе өзің қол салғанмен бірдей еді", – деп еске түсіреді Юрие Рошка.

Ахуал тек Горбачевтің жариялылық дәуірінде өзгерген. Халық ұлттық бастауларынан сусындап, рухы көтеріле бастады. Көшеде, жұрт көзінше румын тілінде ашық шүйіркелесу ешкімнің күдігін тудырып, қылмыстай көрінбейтін болды. Бірақ бұл кезде Молдавия КСР тұрғындарының өздері де, тілдері де өзгеріп кеткен еді. Оңтүстік және Солтүстік Корея сияқты ондаған жылдар ішінде болмыс-менталитеті, өмірге көзқарасы, дүниетанымы бөлек екі халық қалыптасты. "Қазіргі Молдованың тілін қалай атаймыз: молдова тілі, әлде румын тілі деп атаймыз ба?" деген пікірталастар әлі күнге жалғасуда. Бұған қатысты Молдова мен Румынияның тіл білімі ғалымдары, зерттеушілері ортақ пікірге келе алмады. Румындық лингвистикалық мектеп молдованшаны румын тілінің бір диалекті санайды.

Қалай болғанда, Молдованың шын мәніндегі азаттығы тілді түлетуден және латын әліпбиіне оралудан басталды. 1987-1988 жылдары Ұлттық майдан белсенділері үй-үйді аралап, молдова тіліне мемлекеттік мәртебе беру және латын әліпбиіне оралу үшін қол жинады. Мұның мән-маңызын түсіндірді. 1988 жылдың қыркүйегінде молдовалық 66 танымал жазушы молдова тілін латын қарпіне көшіруді ұсынып, оның кириллицаға қарағанда артықшылықтарын нақты атады. Билік пен халыққа үндеу "Литература ши арта" ("Әдебиет және өнер") газетінде шықты және тарихта "66-ның хаты" атымен қалды. Қызу талқыға түскен бастама халықтың қолдауына ие болды. Осы идеяны ілгерілеткен ұлттық қозғалыстар дүниеге келді.  

1989 жылдың 27 тамызында Кишинэу қаласының орталық алаңы жүздеген мың адамға толды. Архив деректері 750 мыңға дейін халық жиналғанын көрсетеді. Олардың көбі көрші қалалардан жаяу-жалпылап жеткен. Бұл күні Молдавия КСР Ұлы ұлттық жиыны отырысын өткізіп жатқан еді. Алаңға жиналған жұртшылық жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуді талап ете бастады. Топты жарып, суырылып алға шыққан белсенділер молдова тілін мемлекеттік тіл деп жариялау және қайтадан латын графикасына көшу ұсынысын ортаға салды. Қалың нөпір халық мұны қызу құптады. "Limba, alfabet!", "Limba, alfabet!" (Тіл, әліпби!) деп ұрандады оянған халық.

Республиканың Жоғарғы кеңесіндегі депутаттар халықтың талап-тілегін еститінін паш етіп, 31 тамызда, қызылкеңірдек айтыс-тартыстан соң молдова тілін "саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалардағы ресми тіл" деп жариялады. Бұған қоса, молдова тілін латын әліпбиіне оралту туралы заң қабылданды.

Жаздың соңғы күні халық рухының асқақтаған тарихи күніне және мемлекеттік мерекеге айналды. 31 тамызда Молдовада Limba noastra (Біздің тіліміз немесе Ұлттық тіл күні) мейрамы атап өтіледі.

Молдова – посткеңестік кеңістіктегі латын әліпбиіне көшкен алғашқы ел. Молдова халқы ұлттық құндылықтарды жоғары қоятынын паш етті. Осының арқасында бүгінде молдовалық жастардың басым көпшілігі молдова және ағылшын тілінде сөйлеседі. Ресейдің қолдауымен 1990 жылдары құрылған, орыстілділер шоғырлана тұратын, әлем мойындамаған Приднестрье молдавиялық республикасын қоспағанда, Молдованың өзінде жастар орыс тілін қолдана бермейді.

Тарих қайталанады деген сөз бар. Дәл қазір Молдова елі қайтадан тарихи сынақ алдында тұр. Оны Еуропадан ажыратып, бұрынғы кеңестік аймаққа оралтқысы келетін қаскөй күштер бар. Олардың қарау ниетінің іске асу-аспауы ең алдымен, Молдова қоғамының бірлігіне, отаншылдығына, жемқорлықтан арылуына байланысты болмақ. Себебі Шор сияқты олигархтар құқық қорғау органдарының, полицияның біраз генералдарын, түрлі деңгейдегі бастықтарын пара беріп, өзіне қаратып алған. Президент Майя Сандудың командасы Еуропалық Одақтың қолдауымен елді жемқорлардан тазалауға күш жұмылдыруда. Бұл істе АҚШ та көмек қолын созып отыр.

Сондай-ақ сарапшылар Молдованың тағдыры Украинадағы соғыстың қалай аяқталатынына тікелей байланысты болады деген пікір айтады. Егер Киев болашақта құлап, Мәскеудің отарлауына ұшыраса, Ресей бүкіл Бессарабияны өзіне қосуға ықыластануы ықтимал. РФ пропагандасы Молдоваға да жиі тісін ақситады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу