Қазақстан Республикасының ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Алматыда өткен сараптамалық талқылау барысында сыртқы жағдаяттың нашарлауы тұсындағы Қазақстан экономикасының даму барысын баян етті. Оның айтуынша, аймақтағы соңғы өзгерістер экономикасы ырықтандыру жолына түскен Өзбекстанның басқа елдерге жабулы қақпасын ашуымен байланысты болып отыр. Бұл жағдай Қазақстан мүддесіне әсер етуі мүмкін. Қазақстанға біраз жыл бойы шетелден инвестиция үздіксіз құйылып, еліміз аймақта басымдыққа ие болып келді. Ендігі жерде Қазақстан өзін таныту үшін қолдан келгеннің барлығын жасауы керек деді ҰЭМ басшысы CFO саммитінде.
"Бүгінгі таңда Өзбекстанның қанатын кеңге жайып келе жатқанын көріп отырмыз. Ол өр мақсат қойған ел, бәлкім зор мүмкіндіктерге ие де шығар, дегенмен қалыптасып жатқан саяси бағытына байланысты бүтіндей айқындау әзірге мүмкін емес. Бірақ қалай болғанда да Өзбекстанның нығаюы біздің елдің экономикасына әсер етпей қоймайтыны анық. Аймақта өзіміз еркін "көсілуге" үйреніп қалдық. Бұдан былай ол өзгеруі мүмкін. Инвестиция үшін, нарық үшін күрес басталатыны анық", – деді министр.
Сонымен бірге ол Қытайдың өсу қарқынының бәсеңдеуі, АҚШ-тың жаңа әкімшілігі саясатының тұрақсыздығы, Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі қиындықтарды ортамерзімдік тәуекелдер деп атады.
Мегазаң және бизнес
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, барша әлемде протекционистік үрдіс күш алып келеді, көптарапты тұрпаттан екітарапты тұрпатқа алмасу жүріп жатыр. Осыған қарамастан Қазақстан ДСҰ-ның заңына бағынатын мүше ретінде әділ болуға, сүйемелдеу шарасынан аулақ болуға тырысуда деп мәлім етті министр. Сонымен бірге мұндай ұстаным ұлттық бизнес ортада наразылық тудырғанымен, әзірге экономикаға жауапты тұлғалар мұндай саясатты құп көріп отырғанын да тілге тиек етті.
"Doing Business бойынша түзетудің алтыншы пакетімен жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекет басшысы, премьер-министр берген тапсырмаға қатысты нормативтік-құқықтық актілердің санына үлкен өзгертулер енгізетін көлемді заң жобасы әзірленуде. Бұл рейтингке, бақылау-қадағалау жүйесіне, лицензиялық-рұқсат етуші жүйеге қатысты болады. Бұл заң күзге қарай дайын болады деп ойлаймыз, оны өз арамызда мега заң дейміз, ол жерде айтылғандардың бәрі іске асырылатын болады. Егер осы жылдың соңына дейін бұл заңды іске қосатын болсақ, онда келесі жылы түбегейлі түрленген бизнес-жағдайда өмір сүреміз деп ойлаймын. Аймақтық бизнес пен табиғи монополия субъектілеріне ерекше назар аударылатын болады. Бұрын экономиканы мемлекет барынша қаржыландыратын, бірақ бұл үздіксіз жалғаса бермейтіні анық. Қазір бірыңғай сараптама агенттігі құрылып жатыр, мемлекеттік қаржыландырудың орнын экспорттық жеткізілімдер басу керек", – деп атап кетті министр. Ұлттық экономика министрі жаңа өткізу нарығын іздеу керектігін, әсіресе Иран, Үндістан, Израильді келешегі бар нарық деп атады. Бұл елдермен қазіргі уақытта еркін сауда аймағы құру жөнінде келіссөз жүргізіліп те жатыр. Әсіресе ирандық бағыттың келешегі зор. Иран қайта өрлеу дәуірін бастан кешуде, дәл осы жылдың ортасында Иранға жеткізілетін ірі тауар партиясы туралы келіссөз аяқталып қалды деп атап көрсетті министр.
Мұнай парагдимасынан кету
Министр шикізат экономикасынан кету – Қазақстанның жаңа экономикалық шынайылығын қалыптастырудың негізгі принципі, өйткені қызмет көрсетудің белең алып отырған секторына үміт артылу керек, ал ол қазірдің өзінде ЖІӨ-нің 58%-ын беріп отыр деді. Сонымен бірге Қазақстанның медицина және білім беру қызметінің экспорттық әлеуеті өз деңгейінде өріс ала алмай отырғанына тоқталып кетті.
"Медицина секторы – экономиканың өсу драйверлерінің бірі, тек былтырғы жылдың өзінде 7% өскен. Саудаға одан әрі басымдық беріле түседі, қазір ол ЖІӨ-ден 12-ден 15%-ға дейінгі көрсеткішті көрсетіп отыр. Сонымен бірге басқа елден жылына 2 млрд астам теңгеге сатып алынатын кәсіби және зияткерлік қызметтен бас тарту керек", – деді Тимур Сүлейменов.
Министр тағы да бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Атап айтсақ, салықтық басқаруға қатысты салық және кедендік кодексті біріктіру қажеттілігі туралы мәселеде көптеген талас-тартыс туындағанын сөз етті. Алайда таразылай келе пайдасынан зияны көп болатын біліп, бұл шешімнен бас тартқандығын айтып кетті. Осымен қатар жер қойнауын пайдаланушыларға арналған салық кодексі дайындалып жатқанына тоқталды. Бұл кодекске аустралиялық тәжірибе үлгі етілуде, осыған орай, ел блоктарға бөлініп, жалға беру төлемін енгізу жоспарланып, терең және теңіз кен орындары бойынша салық төлеуге көшу қаржылық нәтиже береді деп болжануда.
Бүгінгі күні Қазақстанда құнды қағаздар нарығының басымдығы шамалы екенін мойындаған министр, одан да банк секторын қалыпқа келтіру маңыздырақ екені айтты. Ол арнайы салық тәртіптерінің санын қысқартып, оңтайландыру қажет деп есептейді. МЖӘ жұмысын қайта қалыпқа келтіру жоспарланып отыр, сондай-ақ өтінім мерзімі қысқарып, МЖӘ-нің бірыңғай ақпараттық базасы құрылған. Сонымен бірге басымдылық танытып отырғандардың ішінде ЖІӨ-дегі қаржы секторының үлесі қазіргі 4,9-дан 8-11%-ға дейін артқанын мысал етті.
Министрдің тағы бір тоқталып кеткен мәселесі – ЕАЭО-ғы кедендік реттеу.
"Еуразиялық экономикалық одақта ЕАЭО туралы келісімшартқа сәйкес бірыңғай кедендік реттеу іске асырылады. Бұл Кедендік кодекс бес жыл жұмыс істесе де қабылданбады, өйткені белорусьтық тарап оған әлі күнге дейін қол қоймай отыр. Бірақ жоспарланған уақыт 2017 жылдың 1 шілдесінде емес, келесі жылдан бастап күшіне енеді деп ойлаймыз. Кедендік реттеудің 80%-ы ЕАЭО-пен сәйкес келеді, бірақ соған қарамастан ҚР Кедендік кодексі бар, оның 20%-ы біздің ұлттық ерекшелігімізді қамтиды. Мұның барлығын сындарлы, ымырашыл және ашық түрде жасағымыз келеді. Бұл осы жылдың соңына дейін іске асырылатын міндеттердің бірі. Бизнеске қатысушыларға түсінбестік тудырмас үшін одақтық кодекс және оның негізінде ҚР кедендік кодексін реттеуге дайындау бір мезетте іске асу керек", – деді министр.
Долларсыздандыру іске аспады, бірақ теңгемен ойлау керек
Министр экономикаға мемлекеттің шектен тыс араласу мәселесіне де тоқталып кетті. Оның айтуынша, мұның 70-80%-ы – "Самұрық-Қазынаның", оның ішінде 70%-ы "ҚазМұнайГаздың" үлесі. "ҚазМұнайГаз", "Қазатомөнеркәсіп" және басқа да ірі компаниялар жекешендірілмейінше экономикадағы мемлекеттің үлесі кемімейтінін атап кетті.
"Облыс әкімдерінің көлік шаруашылығынан бас тарта отырып, мемлекеттің экономикаға қатысуын шамалы төмендетеміз, бірақ жағдайды түбегейлі шешпейміз. Ештеңе жасалмай жатыр деуге болмайды, егер 2022 жылға қарай жағдай өзгермейтін болса, айтуға болады. Осы күнге дейін орталық атқарушы билік деңгейіндегі әкімшілік кедергілерге баса көңіл бөліп келдік, енді аймақтық деңгейге көшеміз, себебі әкімдіктер мен мәслихаттар да бизнесті реттеуге қатысады. Табиғи монополия субъектілері мен квазимемлекеттік сектордың не істейтінін көреміз, мысалы, ҚТЖ сияқты инфрақұрылымдар. Бұл шаруада заңнамалық, корпоративтік басқару механизмдер арқылы әрекет ететін боламыз", – деді министр.
Елдегі болған теңгенің құнсыздануына қатысты пікір білдіріп, халық екі есе кедейленді дегенге күмәнді екенін айтты. Сонымен қатар долларсыздандырудың іске аспағанын да мойындады.
"Мен де шетелге 320 деген бағаммен емес, 150 теңге бағаммен сапарлағым келеді. Бірақ одан кедей болып қалған жоқпыз. Долларға айналдыру дегенді санамыздан алып тастауымыз керек. Бір кездері Ресейде тұрдым. Ол жақтың адамдары кез келген заттың долларға шаққандағы бағасы қанша болатынын білмейді. Өйткені олар барлығын өздерінің ұлттық валютасында ғана есептейді. Сондықтан біз де теңгемен есептеп үйренуіміз керек. Теңгенің құнсыздануы бізді кедей етеді деген ойдан аулақ болуымыз керек. Мұның нәтижесі бар екені анық және мұны бәрі біледі", – деп түйді сөзін Тимур Сүлейменов.
Асқар Момынов