Тірі шыршаларды тек тапсырыспен шапқызу ұсынылды

1680

Биылғы жылы кесілген шыршалар саудасы елеулі құлдырады. Баға да төмендеген. Шырша отауға шектеу қойылып жатыр.

Тірі шыршаларды тек тапсырыспен шапқызу ұсынылды

Бұрынғы жылдары еліміздің ірі қалаларындағы сауда орындарының сырты, автотұрақтары кесілген шырша сатушыларға толатын. Биылғы жылы елорданың өзінде бұл өнімнің саудасы біршама азайғаны байқалады. 

Шырша сатумен айналысатын жеке кәсіпкер Нұрғабиден осы жылы сауда қызбай тұрғанын айтады. 

"Негізгі табыс мекемелерден, қонақүйлерден, банкет, корпоратив өткізетін мейрамхана, дәмханалардан түседі. Олар каталогпен ең үлкен, ең бітік, тығыз шыршаларға тапсырыс береді. Олар елу, жүз мың теңгеден басталады. Ал ұсақтарын көшеге сатуға шығарамыз. Орташа бағасы 7 мың теңге. Бірнешеуін алса, 4 мың теңгеден де беріп жібереміз. Биыл жұрттың көңіл хошы жоқ па, білмедім, алушылар көп емес. Тірі шыршаның жөні бөлек қой, жұпарының өзі қандай? Қазір жаңа тренд: кесілген емес, топырақ толтырылған қыш құмыраға егілген шыршаны алғызады. Солар бір-екі жылға шыдайды, кейін далаға отырғызуға болады. Ол қымбаттау, тапсырыспен ғана сатылады", – деді Нұрғабиден.

Ол шыршалардың бұрын Ресейден тасылғанын, биыл жергілікті, өскемендік, басқасының өнімдер жетерлік екенін жеткізді.

Отандық кесілген шыршалардың көбейгені қоғам белсенділерін алаңдатады. Алматы тұрғыны Сергей Барковский мұның қаншалықты заңды екенін тексеруді сұрап, құзырлы органдарға өтініш жазған екен. 

"Мені шыны керек, Жаңа жыл мерекесіне орай шыршалардың жаппай шабылуы қатты алаңдатады. Әрине, мұның кеңес кезінен қалған дәстүр екенін, жұрт мерекелік көңіл-күйді сезінгісі келетінін түсінемін. Пластик шыршалар әлдеқайда қымбат тұрады. Сұрастырдым, көшелерде сатылып жатқан шыршалар отандық қаумал-заказниктерден шабылып әкелінеді. Санкцияланбаған отауға тыйым салынған. Бірақ оны нақты бақылап жатқан кім бар? Базарларды, сауда орталықтарын араласаңыз, барлығының айналасында жүздеген шыршалар жайрап жатыр. Жылдағыдай биыл да олардың жартысы өтпей қалады, оларды жинап алып, қоқысқа тастайды. Барлық қалалардағы жағдай осындай. Қаншама табиғи ресурс ысырап болады", – деп қапаланады қала белсендісі.

Ол бір шыршаны өсіру үшін бірнеше жыл кететінін еске салды. Ал оны бір мезетте шауып тастайды, тіпті сатылғанның өзінде бір айдай ғана сән беріп тұрады, ары қарай қылқан жапырақтары саулап түсе бастағандықтан, оны да қоқысқа лақтырады.

"Біраз адам бұл ескірген дәстүрден бәрібір бас тартпасы сөзсіз. Сондықтан қаумалдарды тек алдын ала тапсырыс бойынша жұмыс істеуге көшіру керек. Сонда әлдекім сатып алар деген үмітпен жаппай шауып тастамас еді. Егер әлдебір адам кесілген шыршаны бар ынты-шынтысымен қаласа, қаумалға тапсырыс берсін. Олар өз кезегінде осындай адамдардың өтінішін электронды жинап, тізімін қалыптастырып, нақты қанша шыршаға тапсырыс түссе, сонша көлемде ғана шапсын. Тапсырыс берушілер тұратын қалаларға тасып, таратсын. Сонда сауда алаңдарын жалдауға шығындалмайды, сатушылар сақылдаған аязда босқа бүрсеңдемейді. Қазақстан халқының басым көпшілігі бұлайша экологиялық ресурстардың ысырап етілуін еш қажетсінбейді, қайта шыршаларды отауға қарсы деген ойдамын. Жылда осы келеңсіз көріністі бақылаймыз, қашанғы осылай бола бермек?", – деді қаумалдарды тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру идеясының авторы Сергей Барковский.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің түсіндіруінше, тәңертеңгіліктерді, Жаңа жыл кештерін, балдарды және басқа да мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған шыршалар мектептердің, балабақшалардың, ауыл клубтарының және басқа мекемелердің өтініштері бойынша босатылып, ақылы негізде келісіп, жеткізіледі. 

"2022 жылғы Жаңа жыл мерекесіне Қазақстан бойынша 905 бірлік шыршаны дайындауға және жөнелтуге рұқсат берілді. Мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған жаңажылдық шыршаларды дайындау және босату біздің министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсатымен, жыл сайынғы жоспарланған көлем шегінде жүргізіледі. Бұл ормандарда ағаштарды өтпелі жол үшін кесу, сирету үшін де жасалады", – деп хабарлады экология министрлігі. 

Дегенмен, 2022 жылғы 15 қарашада Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы "2022 жылдың Жаңа жыл алдындағы кезеңінде қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларының балауса ағаштарын қорғауды күшейту туралы" №27-5/287-НҚ бұйрығын қабылдады. Оған сәйкес, ағаштарды заңсыз кесуге қарсы күрес күшейтіліпті. Атап айтқанда, республика территориясында 261 бақылау бекеті ұйымдастырылды. Олар қылқан жапырақты ағаштар тиелген көліктерді тоқтатып, соларды кесуге арналған рұқсат құжаттарын тексереді. 

Бірақ заңсыз ағаш отаушылар ондай бекеттерді айналып өтетіні мәлім. Сондықтан қосымша 568 мобильді топ құрылған. 

Сонымен қатар осы комитеттің облыстық аумақтық инспекциялары құқық қорғау органдарымен тізе қосып, өз беттерінше мобильді топтар құрған. Олар елді мекендердегі кесілген шыршалар сатылатын орындарды аралайды. Құрамалы шыршалардан және контейнерлердегі тірі шыршалардан басқа барлық жаңажылдық шыршалардың бөлшек саудасына қойылған шектеулердің сақталуын бақылайды. 

Мемлекет бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бірер күн мереке үшін жас шырша ағаштарын отамауға үндеп, заңсыз шырша кесу үшін жаза барын түсіндіріп, табиғатты қорғауға қатысты насихат та жүргізген көрінеді. Нақтыласақ, осы бағытта биыл 102 мақала басылған. Телеарналар арқылы мамандар 17 рет сөз сөйледі. 

Еске сала кетелік, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде жаза көзделген. Мысалы, егер шыршаны орманнан кесіп алса, онда біріншіден, аталған бұзушылықты жасау құралы болған көлік құралдары және өзге де заттары тәркіленеді. Екіншіден, жеке тұлғаларға – 50, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлікке – 150, орта кәсіпкерлікке – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Экология ведомствосының мәліметінше, 2022 жылғы 1 желтоқсаннан бері Қазақстандағы мемлекеттік орман қорының аумағында қылқан жапырақты балауса ағаштарды заңсыз кесудің небары 1 дерегі тіркелді: ол Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығының Лейков орманшылығында болды. Бұзушылық жасаушы бір шыршаны кесіп алып кетіпті. Мемлекетке 45,9 мың теңге шығын келді. Бірақ қылмыскер табылмады. Материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды.  

Жаңа жылды қылмыс жасап қарсы алу абырой әпермеуі, ырыс әкелмеуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу