ТҚЖБ ипотеканың мөлшерлемесін төмендетуді көздемейді

Аскар Муминов Аскар Муминов
6267

Банк 17 млрд теңге табысын әскери қызметкерлерге несие берудің шартын жақсартуға жұмсамақ. 

ТҚЖБ ипотеканың мөлшерлемесін төмендетуді көздемейді

Егер былтырғы жылы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ-тың бөлінбеген табысы девальвация салдарынан зардап шеккен салымшыларға өтемақы төлеуге жұмсалған болса, ал биылғы жылы банк бөлінбеген табысты жеңілдік шарттары бойынша әскери қызметкерлерге несие берудің арнайы тетігін әзірлеуге жұмсайды, деп мәлімдеді 31 күні Алматы қаласында өткен баспасөз конференциясында ТҚЖБ өкілдері.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Әділет Қожанбаев 2015 жылдың тамыз айындағы теңгенің әлсіреуінен банк салымшыларына өтемақы төлеу бойынша механизм әзірленгенін айтты. Мысалы, ЕДБ тек миллион теңгеге дейінгі салымға өтемақы жасаған, ТҚЖБ болса кей жағдайларда салымның 35,5%-на дейін жапқан. Осы жоба аясында төленген өтемақының жалпы сомасы 49 млрд теңгеден асқан, оның 20 млрд теңгесі  банктің өз қаражаты есебінен жасалған өтемақы, ал қалған 29 млрд теңгесі бюджет ақшасы.

2016 жылы жалпы өтелген сома шамамен 29 млрд теңге болған. Өтемақы алған салымшылардың саны 316 мыңға жуық адам. Осылайша осы мақсатқа банк бөлінбеген табысын да пайдаланған.

Биылғы жылы бөлінбеген табыс көлемі 17 млрд теңге болып отыр. Бұдан бұрын депутаттар бұл қаражатты халықтың тұрмысы нашар тобына арналған ипотеканы арзандатуға жұмсауды ұсынған болатын.  Сонымен бұл қаражатты қайда жұмсамақ ойы бар деген аbctv.kz-тың сауалына "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова қазір "Әскери" деген жаңа тетікті енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.

Тұрғын үй-құрылыс жинағының жүйесі салымшы сатып алатын баспана құнының  50%-ын жинау керектігін айтады. Ал әскери қызметкерлер болса баспананы жалдауға тұрғын үй төлемін алады, бірақ та олар бұл үйдің иесі бола алмайды. Сондықтан олар үшін жеке тетік әзірленуде, ол  жарнасыз алдын ала қарыз беруді немесе 30%-ға дейін бастапқы жарна қарастырылатын болады. 

ТҚЖБ басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл өнімге деген сұраныс үлкен, тек бір ғана қорғаныс министрлігі желісі бойынша 30 мың адам бар, бұған қоса ІІМ-нің Ұлттық ұланы, ҰҚК-ның шекара қызметі, ұлттық қауіпсіздік комитеті, мемлекеттік қорғау қызметі бар. 2018 жылы жаңа бағдарлама бойынша сегіз-тоғыз мың әскери қызметкерді қамту көзделіп отыр, олар ТҚЖБ-да өздерінің жинақ шотын аша алады.  

Сондай-ақ банк өкілдері соңғы мәліметтерін толық көрсетті. Яғни қазір ТҚЖБ-да 477,3 млрд теңгеге 988152 депозит ашылған және бұл көрсеткіш ұзақмерзімді салымдар нарығында бірінші орында тұр. Жыл басынан бері ТҚЖБ 28990 қазақстандық отбасына баспана алуға несие берген.  

"Депозит бойынша табыстылық жылдық 2%-ды құрайды. Мемлекет жыл сайын депозит ағынына 20% мөлшерінде сыйақы аударады. Биылғы жылы мемлекеттік сыйақының ең көп сомасы 90760 мың теңге. Бір жылда 450 мың теңгеге дейін жинай алған адам 22% жылдық табыс ала алады", – деп сендірді басқарама төрағасы.  

2017 жылдың тоғыз айында салымдардың жалпы сомасы 477,3 млрд теңге болған, былтырғы жылы бұл көрсеткіш 367,8 млрд теңге болған. Қолданыстағы несие қоржыны былтырғы жылғы 300,8 млрд теңгесімен салыстырғанда биыл 415 млрд теңге болған. Салымшылардың орташа жасы – 35 жас.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова жақында банк бірыңғай тарифтік бағдарламаны іске қосқанын, ол бойынша ақша жинаудың нақты мерзімі көрсетілмеген, салымшы ақша жинау мерзімі мен оның пайызын өзі таңдайтынын айтты.

Сонымен қатар ереже бойынша ең төменгі жинақтау, яғни ақша жинау мерзімі үш жыл және бағалау көрсеткішінің мәні 16-ға дейін жету керек, сол кезде ғана клиент жылдық 5% мөлшерлемесі бойынша тұрғын үй қарызын ала алады. Қарыз бойынша ең төменгі мөлшерлеме жылдық 3,5% мөлшерді құрайды. Осыған орай, депозиттік операциялардың саны қысқарды.

Қазір "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ-тың барлық бағдарламасымен Қазақстан халқының  11%-ы қамтылған деп атап кетті Ләззат Ибрагимова. Ол салымшылар үшін ешқандай шектеу жоқ екенін, тіпті баланың өзіне шот ашуға болатынын айтты. Ең бастысы ЖСН болса болғаны. Сонымен бірге жасы 18-ге толмаған тұлғаларға арналған салым айтарлықтай сұранысқа ие, өйткені көптеген ата-ана баласының болашақта баспаналы болуын осылайша қарастыруда. Балалар мен жасөспірімдерге арналған ақша жинауға деген қызығушылықтың бір себебі – бұл жинау мерзімі көп болған сайын пайыздық мөлшерлемесінің аз болуында. Жалпы банкте күн сайын 2000-нан астам жаңа депозит ашылады.  

Сондай-ақ басқарма төрағасы  Ләззат Ибрагимова ТҚЖБ-ның "Нұрлы жер" бағдарламасына қалай қатысатынына тоқталып өтті. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында банк үш бағытты дамытып отыр. Ол – тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі арқылы несиелік баспананы салу, жеке құрылыс салушылардың құрылысын ынталандыру және жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.

ТҚЖБ-да "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша баспананы екі жағдайда алуға болады деп түсіндірді Жанар Жұбаниязова. Егер адам әкімдікте үйдің кезегінде тұрса немесе ТҚЖБ салымшысы болып, жаңа салынып жатқан құрылыстан пәтер алуға құжат  өткізген болса немесе әкімдікте 10 сотық жер алу кезегінде тұрса, онда ол адам баспана сатып алу үшін банктен несие ала алады. Сондай-ақ "Нұрлы жер" бойынша несиелік тұрғын үй құрылысы аясында, тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі арқылы да баспаналы бола алады. Ол үшін банк салымшылары арасында ұсынылған тұрғын үйдің барлық көлемінің кем дегенде  50%-ы бөлінеді. Жанар Жұбаниязова егер бұрын салымшы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" арқылы баспана алғысы келсе, 50% ақша жинау керек болатын, ал "Нұрлы жер" бойынша тек 30% ғана жинауға болады деп түсіндірді. Бұл бағдарлама шеңберінде шамамен 860 мың шаршы метр болатын  13 мыңға жуық жаңа пәтер беру жоспарланып отырғанын айтты.

Егер адам мемлекеттік бағдарламаның шартына сай келмесе, онда оның "Өз үйім" жобасына қатысу мүмкіндігі бар.  Бұл жоба аясында несие үш желі бойынша беріледі, яғни жергілікті атқарушы органдармен өзараәрекет ету, мемлекеттік-жеке әріптестік және екінші деңгейлі банктермен ынтымақтастық  арқылы беріледі. 

Қазіргі уақытта қолжетімді баспана бағдарламасы бойынша жеңілдікпен баспананы жалға алу немесе  қолжетімді баға бойынша сатып алу құқына азаматтардың үш категориясы үміттене алады. Бұл – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, "Самұрық-Қазына" жылымайтын мүлік қоры және Қазақстандық ипотекалық компания арқылы "2020 жылға дейін өңірлерді дамыту" бағдарламасы бойынша  әкімдікте кезекте тұрғандар, Қазақстандық ипотекалық компания, ТҚЖБ "Байтерек девелопмент"  арқылы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша азаматтардың барлық категориясы және ТҚЖБ арқылы жас және толық емес отбасылар.

ТҚЖБ-ны алдағы уақытта жекешелендіру жайын сөз еткен Ләззат Ибрагимова сенімді инвестор іздестіріліп жатқанын да айтты. Оның айтуынша, акционер ретінде тек қалыптасқан беделге ие, тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысу тәжірибесі бар немесе ірі қаржылық құрылымдар болып табылатын халықаралық қаржы институттар ғана қарастырылып жатыр. Қазір қолданылып жатқан бағдарламалар, оның ішінде мемлекеттік бағдарламар өзгеріссіз қалу үшін кез келген жағдайда акцияларды қадағалау пакеті "Бәйтерек" ҰБХ-ның қолында қалады. Ләззат Ибрагимованың болжамынша, келесі жылы алдағы уақытта инвестор болатындармен келіссөздер жүргізіледі. Содан кейін ғана соңғы шешім шығарылады.

Гүлназ Ермағанбетова,  Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу