Тоғызқұмалақты жарылқамай, Үкіметтің шахматтан басым спорт жасағаны жөн бе?

1802

Мектептерде шахмат пәні енгізілмек, бастауыш сынып оқушыларының ең кемі 20% шахмат ойнай білуі керек, Қазақстанда жаңа 200 шахмат клубы ашылады, Астанада Шахмат сарайы салынады...

Тоғызқұмалақты жарылқамай, Үкіметтің шахматтан басым спорт жасағаны жөн бе? Фото: Muzbalaq.kz

Асхат Ораловтың командасы Қазақстанды шахмат державасына айналдыруға белсене кіріскенге ұқсайды. Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанда шахматты дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын ұсынды. Оны алда ел Үкіметі арнайы қаулысымен бекітеді. 

Сарапшылар дәл осындай ғаламат кешенді бағдарлама тіпті Олимпиадалық спорт түрлері бойынша да, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінде де жоқтығына назар аудартып отыр.

Биліктің шахматқа қатысты жоспарлары мен шаралары орасан. Құжатта ағымдағы бес жыл ішінде келесі жобалар жүзеге асырылатыны көрсетілген: 

  • мектептерде шахмат бойынша факультатив пән (жеке курс) енгізіледі.
  • Бастауыш сынып оқушыларының 20%-ы шахмат ойнай білуі керек.
  • Көпқабатты тұрғын үйлер жанынан және білім беру ұйымдарында кемінде 200 шахмат клубтары ашылады.
  • Шахматтан Қазақстанның құрама командалары (шахмат бойынша ұлттық құрама командалар) әлемнің ТОП-10 қатарына кіреді. 
  • 20 жасқа дейінгі қазақстандық шахматшыларға "Халықаралық гроссмейстер" спорттық атағы беріледі. 
  • Шахматшылардың Әлем, Азия чемпионаттарында, Шахмат олимпиадаларында және FIDE, басқа да ресми чемпионаттарында жеңіп алған медальдарының саны ұлғайтылады. 
  • Бюджет есебінен кемінде 500 шахмат педагогы, жылына 50 жаттықтырушы дайындалады.
  • Кем дегенде 250 кадр қайта даярланады, біліктілігін арттырады.

Мұның бәрі әрине, қыруар шығынды қажет етеді. 

Оның үстіне осы басты міндеттер мен нысаналы көрсеткіштерді орындау үшін 38 жоба қолға алынады. Оның ішінде мысалы, Шахмат бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде 1–4 сыныптарға арналған оқу-әдістемелік кешен әзірленеді. Мектеп оқушыларына арналған оқулықтар Ресейде баяғыда жасалып қойылған. Айталық, "Прудникова. Шахматы в школе. Учебное пособие", "Сухин. Шахматы в начальной школе", "Уманская. Шахматы в школе. Рабочая тетрадь", "Шахматная тактика и стратегия для детей в сказках и картинках" және басқасы толып жатыр. Ендеше Қазақстан бюджеттен қайтара шығын шығармай, соны негізге ала салуға да болар еді. Бірақ бұл ескерілмеген көрінеді.

Кешенді жоспарда барлық шараларды министрлік, облыстардың және мегаполистердің әкімдіктері "Қазақстандық шахмат федерациясы" РҚБ-мен бірлестікте іске асыратыны көрсетілген. Осыдан-ақ кімнің мүддесі ілгерілетіліп отырғанын аңғаруға болатындай. 

Неге екені белгісіз, Үкімет қатты асығып отырғандай. Мәселен, алдағы жаңа оқу жылында-ақ "Мектеп бағдарламасына шахматты енгізу үшін білім беру бағдарламаларын әзірленеді". Салыстырсақ, қазақстандықтарды бала жастан төл кәсібін ашуға үйрету мәселесі ұзақ жыл сөз болды, тіпті Президент те қолдады. Алайда "Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері" факультативі тек 2018 жылы әзер енгізілді. Ал шахмат пәні биылғы жаңа оқу жылынан бастап енгізілмек.

Құжатқа түсініктемесінде Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов оның Президент Әкімшілігі басшысының 2022 жылғы 31 желтоқсандағы шахмат спортын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу бойынша тапсырмаларын орындау үшін жасалғанын хабарлады. 

Сонымен, 2023 жылдан бастап, мектептерде және мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы қосымша білім беру ұйымдарында шахмат секцияларының желісін кеңейтіледі. 

Биылдан бастап, балабақшалар шахматтан Балалар кубогын өткізуге міндеттеледі. Осы жылы шахмат Мектеп оқушылары және Студенттер лигаларының бағдарламасына қосылады.

Барлық ЖОО-лар шахмат клубтарын ашуға тиіс.

2023 жылғы 3-тоқсанда "оқытудың жеке траекториясы шеңберінде педагогикалық бағыттарда шахмат педагогтарын даярлайтын қосымша Minor бағдарламасы" енгізіледі. Педагогикалық бағыттар бойынша жұмыс істеп тұрған кафедралар базасында шахмат педагогтарын даярлау үшін әрбір ЖОО штатында бірлік бөлінеді.

Шахматтан халықаралық жарыстар жеңімпаздары да енді "элитаға" айналады. Мысалы, олар кез келген отандық университетке тегін түсе алады. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 15 шiлдедегi №326 бұйрығымен бекітілген "Соңғы үш жылдағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына білім беру гранты беріле отырып қабылданатын, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және орындаушылардың халықаралық конкурстарының, спорттық жарыстардың тізбесі" қайта қаралады. Оған 16-дан 18 жас санатындағы Шахмат олимпиадасы мен шахматтан Әлем чемпионатының жеңімпаздарын, жүлдегерлерін қосу ұсынылған. 

"Қазақстандық шахмат федерациясымен" бірлесіп, ЖОО-да студенттік спорт лигасы аясында шахматтан жарыстар өткізіледі. Тек осы бір шараға ғана бюджеттен 2023 жылы – 57,7 млн, 2024 жылы – 59,4 млн, 2025 жылы – 61,4 млн, 2026 жылы және одан кейін – 61,4 млн теңгеден шығындалып тұрмақ.

Қынжылтатыны сол, Үкімет қабылдаған өзге кешенді жоспарлардан бір айырмашылығы – шахматтың кешенді жоспарында әр жобаға қанша сома жұмсалатыны көбіне жасырылған, тек "Республикалық бюджет. Бөлінген қаражат шеңберінде" деген бұлыңғыр анықтама берілген. Оның қанша миллиард екені нақтыланбады.

Мысалға, жыл соңына дейін шахматты оқытуға арналған анимациялық сериал түсірілмек, бірақ оның бюджетке қаншаға түсетіні беймәлім: "Бөлінген қаражат шеңберінде". Федерация келесі жылы Шахмат туралы анимациялық фильм түсіру мәселесін пысықтамайтын көрінеді. 

Жыл сайын шахматтық ақпараттық контент қалыптастыру, маңызды шахмат жарыстарын жариялау, турнирлерді республикалық БАҚ-та трансляциялау көзделген. Орталық мемлекеттік органдар; БАҚ қызметкерлері; жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері; халық арасында шахматтан турнирлер өткізу жоспарланған. Мұның бәрі қыруар қаржыны талап етеді, ол "Бөлінген қаражат шеңберінде" жүзеге асады.

Бұл науқан түрмелерге де таралмақ: Пенитенциарлық мекемелерде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адамдар арасында онлайн-турнир өткізу ұсынылған. Нашар көретін, нашар еститін, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар арасында классика, рапид, блиц турнирлер өткізу қарастырылыпты. 

Ең бастысы, шахматқа спорттың басым түрі мәртебесін беру жоспарланған. Бұл осы салаға құйылатын миллиардттар тасқыны өсетінін білдірсе керек.

Жеңімпаз шахматшыларға бюджеттен миллиондаған теңге сыйақы төленетін болады. Кешенді жоспар жобасында қолданыстағы "Халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша Қазақстан құрама командаларының мүшелеріне ақшалай көтермелеуді төлеу және оны қайтару қағидаларына" өзгеріс енгізу көзделген. 

Нәтижесінде, Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, шахматтан командалық есепте ересектер арасындағы Шахмат олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және жаттықтырушыларына ақшалай көтермелеу мөлшері бекітіледі.

Ал ересектер арасындағы шахматтан Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және жаттықтырушыларына ақшалай сыйақы көлемі ұлғайтылады.

Құжатта осы мақсатта 2023 жылы – 25 000 доллар, ал 2024 жылы – 675 000 доллар (310 миллион теңгедей) үлестіру ұсынылды.

Назар аударатын жайт, шахмат Олимпиадалық спорт түрлеріне кірмейді. Ұлттық спортқа да жатпайды. Алайда Үкімет оны олимпиадалық спортпен бірдей дәріптемек. Мысалы, чемпион дайындаған жаттықтырушылар бюджеттен өмір бойы ай сайын ақша алып отырмақ. 

Үздік шахматшыларға стипендия төленеді. 

2025 жылға дейін Астанада Шахмат сарайы салынады. Биыл оған жер беріледі. Өңірлерде шахмат үйлері ашылады.

Министрлік пен федерацияның ұстанымы түсінікті, ал өзгелер не ойлайды? Біз Шахматты дамытудың кешенді жоспарының жобасын саясаттанушы, кеңес кезінен шахматтан бірінші разряды бар Зейін Сабырқұловқа көрсеттік. 

"Шахматты дамытқан жөн, бірақ оған спорттың басым түрі мәртебесін беру, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерімен тең, тіпті биік қою тым артық кеткендік. Себебі, бұл бұқаралық, интеллектуалдық ойын. Оның Олимпиададан да алып тасталуы бекер емес. "Шеннон саны" деген термин бар. Оған сәйкес, қайталанбайтын шахмат партияларының бағалаулық саны ең кем дегенде 10’120. Бұл адамның миы жетпейтін сан. Салыстырсақ, біз білетін ғарыштағы атомдардың саны 10‘81-ге дейін барады. Яғни, шахмат комбинацияларынан 10’40 есе аз. Салдарынан, шахматпен шектен тыс еліккен қаншама адам, тіпті гроссмейстерлер жынданып, есінен ауысып кеткені жасырын емес", – деді ғалым.

Ол Қазақстан Үкіметіне "конъюнктурщик" болуды қоюға кеңес берді. 

"Бұрынғы билік отыз жыл теннисті дамытты, миллиардтаған сома жұмсады, миллиондаған гонорар төлеп, әлемнен бірінші ракеткаларын шақыртып, шеберлік сабақтарын өткізді. Арты не болды? Қазақстанның атағын тек Ресей спортының өкілі, көршінің бізге жерсіндірілген дарыны шығарды. Қазіргі Президент жылына бірнеше рет шахматшылармен кездескеніне қайран қалып едім, өйткені халықтың салмақты проблемаларымен Мемлекет басшысының қабылдауына жылдап кіре алмай жүргендер жетерлік болса керек. Шахматтан бұрын өзіміздің тоғызқұмалақты осылай дамыталық. Ұлттық спортқа, соның ішінде тоғызқұмалаққа да бюджеттік қаржылар бөлініп, түрлі турнирлер тұрақты өткізіліп жатқанын білемін. Бірақ ұлттық спорт түрлеріне арналған кешенді жоспар жоқ кезде шахматты алға оздыру қазақтардың қарсылығын туғызуы мүмкін", – деп ескертті З.Сабырқұлов.

Халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығының төрағасы Әлихан Бәйменнің дерегінше, биылғы 2 ақпанда Қ.Тоқаевтың қабылдауында болған Исламбек Салжанов ұлттық спортты дамытуға қатысты мәселе көтерген екен. 

"Мен тоғызыншы айдың тоғызыншы күнін "Ұлттық спорт күні" деп белгілеуді ұсынып жүрмін. Сонымен қатар келесі жылы өтетін "Көшпенділер ойындары" аясында тоғызқұмалақтан ойыншылар ғана емес, компьютерлік бағдарламалар арасында да әлем біріншілігін өткізуге әзірміз. Қолдайтын болса, жоба жетерлік. Талғат Сабыр деген азамат өзі жасаған тоғызқұмалақты онлайн ойнауға болатын жаңа платформа мен ұялы қосымшасын таныстырды. Бұған дейін поляктардың playok.com, канадалықтардың Iggamecenter.com сайттарында тоғызқұмалақ ең жиі ойналатын ойындардың біріне айналды. Әлемнің әр түпкірінде тоғызқұмалақпен әуестенушілерге кең мүмкіндіктер ашылып жатыр. Оның үстіне Android, iOS жүйелеріне арналған ұялы қосымшалар жасалды. Ернар Шамбаев секілді жігіттер жасанды интеллектті іске қосуға талаптанып жүр", – деді Ә.Бәймен. 

Олай болса, бұл сала кешенді жоспарға сұранып-ақ тұрғандай. Төл ұлттық ойындарымызды жарылқап алмай, жаттың затына жармасуға әуестене бермеген жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу