Той саласында жаңа тренд басталды

393

Енді үйлену тойына барынша аз адам шақыру сәнге айналды.

Той саласында жаңа тренд басталды Фото: canva.com

Өкінішке қарай, бұл үрдіс Қазақстанда емес, Әзербайжанда белең алуда.

Адамы аз тойлар – қаржы үнемдеу ме, әлде салтанатты ауан-атмосфераның жоғалуы ма? Каспий бойынша көршіміздің сарапшылары мен журналистері осы көкейкесті сауалға жауап іздеді.

Ислам дінінде, сондай-ақ басқа барлық діндерде адамзат ұрпағын көбейтудің бір құралы ретінде үйленуге маңыз беріледі. Бірақ қызын ұзататын құда жақ та, құсын қолына қондыратын күйеу жағы да кейде жастардың шаңырағын көтеріп, отауын құрып беруден бұрын олардың тойын қамдау, оны ел есінде сақталатындай дүбірлетіп өткізу проблемаларына бас қатыратыны жасырын емес.

Салдарынан, мейірім мен махаббатқа толы мереке қалпымен машақатқа айналады. Осы орайда Media.az ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұрындары Әзербайжанда көптеген отбасының тіршілік бастауындағы осынау "тарихи" маңызды оқиғаға куә болуға мыңнан астам халық жинайтын дәстүр болыпты.

"Шамасы, қаржысы жетпесе де тырысып, үйлену тойына тек жақын туыстарын ғана емес, сондай-ақ барлық көршісін, алыстағы ағайындарын тегіс шақыратын. Қара көбейтетін. Осы арқылы жас жұбайлардың қуанышына ортақтасуға құштарланғандардың қатары қалың екені паш етілетін. Бірақ бұл салт тарих еншісінде қала бастады. Соңғы уақытта тойға шақырылатын қонақтардың санын қатаң шектейтін, мейлінше азайтатын тенденция дамуда", – деп хабарлады Media.az.

Түркітілдес туысқан елдегі мұндай қоғамдық өзгерістерге не түрткі болды? "XəzərXəbər" телеарнасына берген сұхбатында ел астанасы Бакудегі салтанатты тойханалардың бірінің әкімшісі Рашад Абдуллаев халық салтындағы бұл тың бетбұрыс коронавирус пандемиясы кезінде басталғанын нықтады.

Екі жылға созылған карантиндік шектеулер кезінде алдымен той атаулыға толық тыйым салынып, халықтың отбасыдан тыс жиналуына рұқсат етілмеді. Соңыра ондаған адам ғана қатысатын той өткізуге мүмкіндік берілді. Осы уақыт ішінде халық та соған бой үйретіп алған.

"Бұл тренд пандемиядан кейін әбден орнықты деуге болады. Оның үстіне әлемде, елде қымбатшылық өршіді. Мейрамханалар банкеттерде өз ақысын орындық санына қарай есептейді. Оларға көп адам жиналатын салтанаттарды өткізу тиімді. Клиенттеріне тиісінше, аз адам шақыру тиімді. Салтанат үйлерінде (бізше тойханада) керісінше, қонақтардың аз болуы бағаға әсер етеді. Неғұрлым аз адам шақырылса, әрбір адамға есептелетін төлем де соғұрлым жоғары болады", – деді Рашад Абдуллаев.

Бірақ бөгде адамдардың өз қонақтарымен араласып кетуін қаламайтын, төл меймандарымен оқшаулануды қолай көретін ауқатты адамдар арнайы той залдарын таңдайды. Бұл ретте алтынмен апталып, күміспен күптелген қымбат алып залда құмырсқаның илеуіндей құжынаған халықты емес, барынша аз қонақты жинау – байлықтың, элитарлықтың нышанына айнала бастады.  

"Қаржы үнемдеуге қатысты себеп сыртында, бұл мәселенің моральдық қыры да бар. "Камералы" тойлар қарбалас-әбігершіліктен ада, жанға жайлы, жағымды болады. Оған бірін-бірі жақсы танитын, жақсы араласатын, сыйлас, сырлас ең жақын адамдар шақырылады. Сонымен бірге бұрынғы құлашы кең, ауқымы үлкен тойларды аңсап, сағына еске алатындар да көп", – деп түсіндірді "XəzərXəbər" телеарнасы өз сюжетінде. 

Бұл елде тағы бір тренд таралып жатыр. Әзербайжандар тойына барынша аз қонақ шақырғанымен, есесіне тікелей эфирде қызықты етіп тарату арқылы оны мейлінше көп халыққа көрсетуге тырысады.

Сондықтан, әзербайжандық журналистердің айтуынша, бүгінде азаматтардың көбі тойға баруды доғарып, оның орнына өзге адамдардың тойларынан таратылатын тікелей онлайн-трансляцияларды тамашалаумен қызығушылығын қанағаттандырады.

"Бірге от жағып, түтін түтеткен, отау тігіп, ошақ құрған жастардың қуанышына ортақтасып, бетінен сүйіп, бақыт тілеу үшін бұрын әзербайжандар елдің әр түкпірінен ағылып, үлкен қашықтықты еңсеруші еді. Енді олар шын жүректен шыққан құттықтау-лебіздерін, көңілін кернеген қуанышын видеотрансляция астында лүпіл-лайк басып, пікір-комментарийде смайлик қалдырумен білдіруге тырысады", – дейді әзербайжандық телеарна.

Сондай-ақ бұл жаңа дәстүр тағы бір трендке серпін беріпті. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ендігі үйлену, мерейтой және басқа той-томалақтағы жаңа үрдіс – шақыру билетін жіберуден кейін қосымша қоңырау шалу болып отыр.

Телефон соққан той иесі немесе той ұйымдастырушы қадірменді қонағынан үстел басында кімнің қасына, кімдермен бірге отырғысы келетінін, не жеуді қалайтынын сұрайды. Тиісінше, келетін жандардың толық тізімін, ас мәзірінің құрамындағы тағам түрлерін жариялайды.

Адам аз шақырылатындықтан, әрбір мәртебелі мейманның талап-тілегін жеке ескеру мүмкіндігі пайда болыпты.

Оның үстіне осы арқылы қонақтың келмей қалу мүмкіндігі азаяды. Сондай-ақ мұндай ілтипат көрген адам сыйлықтың да салмақтысын таңдауға ұмтылуы ықтимал.

Сонымен бірге тойға шақыру билетін алғанымен артынша ешқандай қоңырау шалынбаса, кейбір адамдар жаттакеп өкпелейтін көрінеді. Өйткені бұл енді оны құрметтемеудің, оның пікір-қалауына мән-маңыз бермеудің нышаны саналады.

Бұдан бөлек, әзербайжандық әлеуметтанушыларға сілтеме жасап, Oxu.Az хабарлауынша, Әзербайжанда тойлар бизнес ретінде қарастырыла бастаған. Яғни, оған жұмсалатын шығын тарту-таралғы, сыйлық түрінде түсуі мүмкін табыстан асып кетпеуі керек.  

Айтпақшы, Тәжікстанда кең ауқымды, сән-салтанатты тойларға 18 жылдан бері заң жүзінде тыйым салынған. Өйткені бұл шектен тыс ысырап, орынсыз шашылып-төгілу деп саналады. Яғни, ынсап, қанағат мәдениеті заң жүзінде енгізіліп, қоғам тәрбиеленуде.

"Радио Озоди" мәліметінше, заң сақшылары тойға сау ете қалып, астатөк асқа толтырылған дастарханды тәркілеген, тойлаушыларға арналған асты "жындыханаға" апарып таратқан жағдайы болыпты.

Куляб қаласының шет ауданында тұңғыш қызын ұзатқалы жатқан Зайдулло Худоеровтің үйіне, тойға бірнеше сағат қалғанда тәжік шенеуніктері құқық қорғау өкілдерімен келіп, тойға арналған тамақтың басым бөлігін алып кеткен.

Билік өкілдері отбасылық мерекеге арналған тағам көлемін "ысырап" және ол азаматтардың тойға, ас беруге, басқасына шығындай алатын шығысын шектейтін заңды бұзады деп таныған. Рейд қатысушысы Холмурод Иброхимовтің айтуынша, тәркіленген ас Куляб қаласының психиатриялық ауруханасына табысталды.

"Дәстүрлерді, салтанатты тойларды және жоралғы-ғұрыптарды ретке келтіру туралы" заңы Тәжікстанда 2007 жылы қабылданды. Оған Президент Эмомали Рахмонның "тойларды, ас берулерді үлкен сән-салтанатпен өткізу дәстүрі отбасылар үшін қаржылық ауыртпалыққа айналатынын" мәлімдеуі себеп болды. Осыдан кейін Парламент тез арада әлгі аталған заңды қабылдады.

Бұл заңмен келесі шектеулер қарастырылған:  

  • Туған күнді,
  • Корпоративтік кештерді,
  • Мектептердегі кеш-балдарды,
  • Үйлену және басқа отбасылық тойларды,
  • Банкеттерді,
  • Қайтыс болған адамға ас беруді шектен тыс сән-салтанатпен, молшылықпен өткізуге рұқсат етілмейді.  

Бұдан бөлек, заң шақырылған қонақтардың санын 150-ден асыруға, дастарханды тым көп тағамға толтыруға, той кортежіне көп автомобиль енгізуге, тойды және басқа жиынды 3 сағаттан асыруға, кешкі 18:00-ден кейін жиналуға тыйым салады.

Бұл елде шамадан тыс салтанатты той өткізгені үшін салынатын айыппұл 3 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Заң бұзушылығын қайталаса, айыппұл өседі.

Той иесі шенеунік болса, мемлекеттік қызметтен қуылады. Заңға кейін енгізілген түзетулерге сәйкес, өзі ғана емес, жақын туысы, отбасы мүшесі осы заңды бұзса да мемлекеттік қызметкерлер лауазымынан айрылады.

Ал, Қазақстанда не әй дейтін заң, не қой дейтін қоғамдық үрдіс болмағандықтан, бірнеше мыңға дейін қонақ қатысатын ұлы тойларды өткізу пандемиядан кейін тың қарқынмен қайта жалғасты.

Қазақстандықтар той өткізу үшін банктен не микроқаржы ұйымынан қарыз алатын жаман әдетін қоятын емес. Қатардан қалмауға тырысып, қарызданады, қарымтасын ойламай қауғаланады. Бұрын әдет-ғұрпымызда болмаған істерге артық шығын шығарады.

Той болғанын бүкіл қала, дүйім ел естіп-білуі, ақпарат құралдары  жарыса жазуы үшін автокөлік тізбегін шектен тыс ұзартатын, сөйтіп, көшелерді тығындап жабатын, тіпті кортеж алдынан көш бастап жүруі үшін тікұшақ жалдайтын, осы арқылы жол жүрісі ережелерін қасақана әрі жаппай бұзатын жаман тренд тоқтаусыз жайылуда.

Қоғам өкілдері жай шерулер шектелген заманда мұндай мағынасыз "көлік шеруіне" де заңмен тыйым салуды көп жылдан ұсынып келеді. Тыңдайтын құлақ бай-бағыланға жақ депутаттардың арасынан табылмай тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу