Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев екі күнге жалғасқан Қытайдағы мемлекеттік сапарын "ойдағыдай өтті" деп бағалады. Президент аты жаһанға белгілі кәсіпкерлермен жеке кездесіп, ірі компания өкілдерімен дөңгелек үстелде бас қосты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Президент Қазақстанда инвесторлар үшін жақсы жағдай жасалып жатқанын айта келе, бірқатар ұсыныс та тастады. Жалпы осы сапар аясында 47 құжатқа қол қойылды.
Бір күнде 10 шақты жеке кездесу өткізген Президент ірі бизнесмендер мен банкирлерді қабылдады. Соның ішінде Хуавей басшысының "Қазақстан темір жол" компаниясымен бірлесіп атқаратын жоспарын тыңдады. Бұл цифрландыру мен жаңа технологияларға қатысты. Компания елімізде қолжетімді интернетті дамыту үшін қаржы құйып отыр. Ал түсті метал өндіретін қытайлық кәсіпорын Президентке KAZ Minerals пен бірлесіп, елімізде мыс балқыту зауытын салмақшы. Президент энерегетика саласындағы қытайлық үш компания басшысын да қабылдады. Үшеуінің де ұсынып отырған жобасы оңтүстікте жүзеге асырылмақшы. Біреуі Жамбылда - жел және оңтүстікте - жылу электр станциясын салуға ниетті. Басқа компания Шымкент мұнай өңдеу зауыты мен Қазақстан-Қытай құбырының өткізу мүмкіндігін арттырмақшы.
"Біз мұнай экспортын көтеру үшін Қазақстан Қытай мұнай құбырын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі артып келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік әлеуетін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға жеткізу көзделген+++03,00 Сондай-ақ Қашаған кен орнында жылына 4 миллиард текшеметр газ өңдейтін зауыт салуға мүдделіміз", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент инвесторлардың басын қосқан жиынға да қатысып, бірқатар ұсыныс тастады. Қытай кәсіпкерлерін қазақстандық агро-саланы дамытуға шақырды. Жуырда шығыстағы көршімізге 1 млн тонна бидай экспортаттауға келістік. Тоқаев мұнымен шектелмей, көлемін тағы ұлғайтуға болатынын айтты. Сондай-ақ, елде резонанс тудырған қант мәселесін Мемлекет басшысы біржола шешкісі келетін сияқты. Қытайлық кәсіпкерлерге осы сала жөнінде де ой тастады.
"Мүмкіндігі зор тағы бір сала. Қант өндірісі. Біз өз елімізде толық осы өніммен толық қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Сол үшін Кешенді жоспар қабылданды. Бұл салада қытай компанияларының мол тәжірибесі бар. Сіздерді қазақстандағы қант өндірісін дамытуға белсене ат салысуға шақырамын", - деді Президент.
Тап осы жиында Президент Алибаба және JD.COM сияқты сауда алпауыттарының тауарларын Қазақстанда сақтауды ұсынды. Бұл логистика тұрғысынан алғанда өте қолайлы. Әрі тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік береді деді Тоқаев. Сондай-ақ, елімізде қытай автокөліктері көбейетіні белгілі болды.
"Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. Chery, Jac, Exeed және Haval брендтері ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда. Бүгін екі елдің компаниялары тиісті келісімдерге қол қояды", - деді Мемлекет басшысы.
Тағы бір жаңалық. Қазақстан шығыстағы көршісінен көбірек несие ала алады. Қытай даму банкі кредит лимитін 300 млн долларға арттырды. Жалпы Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында 47 құжатқа қол қойылды. Құны 22 млрд долларға тең. Тоқаев бұл сапарын ойдағыдай өтті деп бағалады.