Әрбір мемлекетте шетелдік биік дәрежелі қонақтарды қабылдаудың төл дәстүрі, жоралғылары мен стандарттары болады. Ол Қазақстанда да бар және оны "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколы" реттеп регламенттейді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Мысалы, бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі қадір тұтатын жекелеген шетелдік көшбасшыларды Ақордасынан шығып, есіктің алдында тұрып, күтіп алатын. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік меймандарын қалпымен Ақорда ішінде, холында қарсы алады.
Қ.Тоқаевқа бірінші Президент өзінің 2006 жылғы 12 қазандағы №201 жарлығымен бекітіп кеткен Мемлекеттік протокол мұраға қалды. Оны өзгертуге қолы жаңа ғана тиіп отырғанға ұқсайды.
Осы орайда Сыртқы істер министрлігі 2006 жылғы жарлыққа, тиісінше протоколға өзгеріс енгізетін Президентінің жаңа жарлығының жобасын әзірлеп шықты. Ол бұрынғы құжаттағы біраз олқылықты түземек.
Мысалы, қолданыстағы Мемлекеттік протоколдың 9-тармағы Президентке жыл сайын бесеуден артық мемлекеттік сапар өткізуіне рұқсат етпейді екен. Онда: "Мейманның Қазақстан Республикасында болуы әдетте үш күннен аспайды. Жылына көп дегенде 5 мемлекеттік сапар ғана өткізілуі мүмкін" деп жазылған. Жаңарған Мемпротоколда соңғы сөйлем алып тасталады. Ал алдыңғысы: "Тараптардың келісімі бойынша мейманның Қазақстан Республикасында болу мерзімі үш немесе одан да көп күнді құрайды" деп өзгертілмек.
"Әйтпесе, осы тармақтың соңғы сөйлемі жыл сайын өткізілетін мемлекеттік сапарлар санын негізсіз шектейді", – деп қысқаша түсіндірді Сыртқы істер министрлігі.
Әрине, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге құлшынып тұрған өзге ел президенттерінің ұзынсонар кезегі көрінбейді. Біздің аймақтағылар болмаса, әлемнің өзге мемлекеттерінің сыртқы саясатында Қазақстан маңызды орынға ие емес. Бірақ Ақорда "керек бола қалса" деп, мемлекеттік сапарлар санын бесеумен шектеуді алып тастауға ниетті.
Жалпы, Президент шетелдік делегацияларды деңгейіне, мәртебесіне, маңызына қарай "аса жоғары деңгейде" және "жоғары деңгейде" қабылдайды.
Мұның біріншісі өзгеріссіз қалады: Қазақстан көшбасшысы елімізге сапарлап келген шет мемлекеттердің басшылары мен премьер-министрлерін ары қарай да "аса жоғары деңгейде" күтіп алып, құрмет көрсететін болады.
Сонымен бірге "жоғары деңгейдегі" сапарларға нақты не жататыны жаңаша айқындалмақ. Қолданыстағы нұсқасында "басқа да ресми адамдардың сапарлары" деген бұлыңғыр анықтама берілген. Ресми адамға шетелдік қатардағы шенеунік те жататыны мәлім.
Жаңа нұсқасына сәйкес, бұдан былай Президент қабылдайтын лауазым иелерінің қатарын нақты белгілеу ұсынылған. Бұл ретте "жоғары деңгейдегі" сапарларға: Сыртқы істер министрлігі айқындайтын сыртқы саяси ведомстволар басшыларының және шет мемлекеттердің лауазымды адамдарының, соның ішінде:
- орталық өкілді органдар, парламенттер басшыларының;
- мемлекеттік кеңесшілердің;
- үкімет басшылары орынбасарларының;
- конституциялық мәртебесі бар меморгандар басшыларының;
- мемлекет басшыларына тікелей бағынатын және есеп беретін меморгандар басшыларының;
- министрлердің;
- орталық атқарушы органдар басшыларының;
- Үкімет құрамына кірмейтін ведомство басшыларының;
- мемлекет басшысы немес премьердің арнайы өкілдерінің;
- халықаралық ұйымдар басшылары мен орынбасарларының;
- бұрынғы мемлекет басшылары, үкімет басшылары және сыртқы саяси ведомстволар басшыларының;
- депутаттардың сапарлары жатады.
Елімізге мемлекеттік не ресми сапарлармен келген президенттерге қандай қошемет көрсетілетіні қазақстандықтар үшін таңсық емес, көз көрді, құлақ отықты дүние. Мемлекеттік арналар биік мәртебелі мейманды әуежайда қарсы алудан бастап, Ақордада Ұлттық ұлан сап түзеп, әнұран шырқалғанға дейінгі салтанатты үнемі көрсетеді.
Әйтсе де, отыз жылдай қалыптасқан осы шараға шамалы өзгеріс енгелі тұр. Енді шетелдік президентті қарсы алу ғана емес, әуежайда шығарып салу рәсімі қосылмақ. Жатжұрттық қонаққа елді аралау ұсынылады.
Нақтыласақ, шет мемлекеттің президентінің, үкімет басшысының мемлекеттік сапарының бағдарламасына мыналар қосылуы мүмкін:
- әуежайда қарсы алу және шығарып салу рәсімдері;
- Президенттің "Ақорда" сарайында ресми қарсы алу рәсімі;
- Президентпен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер;
- екі жақты құжаттарға қол қою;
- баспасөз конференциясы;
- мемлекеттік қабылдау (ас ішу);
- гүлдер себетін қою рәсімі (гүл шоқтары, гүлдесте);
- ағаш отырғызу (қолайлы ауа райы жағдайында);
- елді аралау сапары (тараптардың келісімі бойынша);
- Парламент палаталары депутаттарының алдында сөз сөйлеуі;
- еліміздің жоғары оқу орнында сөз сөйлеуі;
- Қазақстанның Премьер-министрімен, Парламент палаталарының төрағаларымен кездесулер;
- бизнес-форумға қатысу;
- Астананың көрікті жерлеріне бару көзделеді.
Президенттердің, премьерлердің, басқаларының ресми сапарларының бағдарламасы қысқа және келесі кіруі ықтимал:
- әуежайда қарсы алу немесе шығарып салу рәсімі;
- Ақордада ресми қарсы алу рәсімі;
- шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер;
- ресми қабылдау;
- екі жақты құжаттарға қол қою;
- БАҚ алдында мәлімдеме жасау, брифинг;
- Қазақстанның Премьер-Министрімен, Парламент палаталарының төрағаларымен кездесулер;
- бизнес-форумға қатысу;
- елорданың көрікті объектілерін аралау.
Нәтижесінде, қолданыстағы Мемлекеттік протоколда ресми сапарлар "мәзірінде" қарастырылған "жүзбе-жүз, тет-а-тет кездесу" мен "жұмыс таңғы асы, түскі асы" алып тасталмақ.
"Бұл жерде "жүзбе-жүз кездесуді" "шағын құрамдағы келіссөздерге" ауыстыру ұсынылып отыр. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, кездесулердің көбі іс жүзінде кеңейтілген құрамда өтеді", – деген түсініктеме берді Сыртқы істер министрлігі.
Жасыратыны жоқ, бұрын Елбасы ресми сапармен келген шетелдік лауазымды тұлғамен сырт көзден тыс, оңаша отырып сөйлесуді жақсы көретін. Тоқаев ол практикадан бас тартуы мүмкін. Тиісінше, жобасы дайын жаңа жарлыққа қол қойса, бұдан былай Қазақстан Президенті ресми сапармен келген әріптесімен, өзге ел басшысымен жеке, жүзбе жүз кездесе алмайды. "Шағын құрам" болып есептелуі үшін биліктегі өзге тұлғаларды қасына алуы шарт.
Бұрынғы билік Қазақстанға жеке шаруаларымен келетін шетелдік биік мәртебелі қонақтарды және оларға ілесе келген топты тегіс салтанатты қонақүймен, көлік-кортежбен, жеке оққағарлармен қамтамасыз етіп, соның бәріне бюджеттен қыруар қаржы шығындайтын. Сарапшылар Жаңа Қазақстанға содан бас тартуды ұсыныпты. Жаңа билік ондай "батыл қадамға" бармады, тек тараптар келіссе ғана осы шығындардың қазақстандық бюджеттен қаржыландырылатыны көрсетілмек.
Осы мақсатта, қолданыстағы ескі Мемлекеттік протоколдың 17-ші тармағына келесідей толықтыру енгізіледі деп жоспарланған:
"Жеке сапарды өткізу кезінде шетелдік делегациялардың басшылары мен мүшелерін қонақүймен, автокөлікпен және жеке күзетпен қамтамасыз ету тараптардың келісімі бойынша көзделеді. Қазақстан тарапы Қазақстан аумағы арқылы өту барысында шетелдік мемлекеттік, үкіметтік және басқа делегациялардың Қазақстан аумағында болуымен, тұруымен байланысты шығыстарды көтермейді", – деп ұсынылған Президенттің жаңа жарлығы жобасында.
"Шет мемлекеттің делегациясын қонақүймен, автокөлікпен және күзет іс-шараларымен қамтамасыз ету шығынды талап етеді. Осыған байланысты бұл қаржылық шығындардың қаншалықты орынды, негізді екеніне қатысты сұрақтар туындап жатады. Сондықтан осы тармақты өзгерту және толықтыру ұсынылады", – деп дәйектеді құжатты әзірлеген сыртқы саясат ведомствосы.
Яғни, шетелдік биік лауазымды тұлға демалысқа, туризм мақсатында немесе жеке істері бойынша Қазақстанға келсе және өзінің жатын орны, ішіп-жемі, көлік құралы және күзеті шығындарын қазақстандық бюджетке артқысы келсе, жоғары жақпен келісіп алуы керек.
Егер ол Қазақстан арқылы мысалға, Орталық Азияға, Ресейге немесе Қытайға өтіп бара жатып, елімізге аялдаса, ондай шығындарын Қазақстан өтемейді. Бірақ бұл жаңа талапты да айналып өтетін соқпақ қалдырылып отыр: жаңа Мемпротокол нұсқасында осы тармаққа "аталған делегациялар Қазақстан аумағынан өту барысында Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарымен кездесу өткізетін жағдайларды қоспағанда" деген анықтауыш тіркеліпті.
Яғни, айталық, Қытайға сапарлап бара жатқан шетелдік белді тұлға Қазақстанға түссе, Парламент палаталары басшыларымен немесе Премьермен кездесе салса болды, оның елдегі әлгі шығындарының бәрі бюджетке артылмақ.