Токиодағы тыныштық

6008

Бүгін Жапония астанасында Жазғы Олимпиада басталуы керек еді.   

Токиодағы тыныштық

Бүгін Токио Олимпиадасы ашылуға тиіс еді. Бірақ Жапония астанасы үнсіз. Ал, былтыр дәл осы күні, яғни, Жазғы Ойындардың басталуына бір жыл қалғанда, Токио шығанағының көгінде фейерверк атылып, от ойнап, жергілікті әртістер хореографиялық шоуда алтын-күміс медальдарды таныстырған еді.

COVID-19 пандемиясы Олимпиада жоспарын да күл-талқан етті. Шығанақта биыл тыныштық. Бүгін ұйымдастырушылар жаңа ұлттық стадионның ішінде 15 минуттық қойылым – Олимпиада келесі жылы өтсін деген  насихат-видеоны ғана көрсетті. Фанаттарсыз. Жауын жауып тұрғанда.

Бірнеше күн бұрын "Киодо" ақпарат агенттігі жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, жапондықтардың көбі Олимпиаданың өтетініне күмәнді. 29 пайызы оны қайтесе де ұйымдастыруға жақтас болса, 36,4 пайызы Ойындарды кейінге қалдырылуды қолдап, 33,7 пайызы оны мүлде доғару қажеттігін айтқан.

Ұйымдастырушылар мен Халықаралық Олимпиада Комитеті (ХОК) Токио Ойындарын тағы да кейінге қалдырмайтынын ескертіп, оны өткізе алмаса, мүлде доғаратынын атап өтті.

"Халық бір жылдан кейін, бұл шараны шаттанып мерекелеуді тағатсыздана күтіп отыр деп ойламаймын", – деді ұйымдастыру комитетінің президенті Ёсиро Мори өткен аптада жасаған бір мәлімдемесінде.

Алайда сәрсенбі күні ол "Эн-Эйч-Кей" телекомпаниясына сұхбат беріп, "егер бүгінгі жағдай өзгермесе, Ойындарды өткізе алмайтынын" ашық айтты. Дегенмен, тағы бір сөзінде Мори вакцинаға оптимизммен қарайтынын және пандемияның беті қайтатынына үміт білдірді.

Қазір Токио "қарапайымдылыққа" ден қойып отыр. Ұйымдастырушылар "200-дей затты" қысқартқанын немесе кескенін мәлімдеп отыр. Бұл қатаңдық Олимпиаданың өсіп бара жатқан шығындарын азайтумен тікелей байланысты.

Болжамдарға қарағанда, Жапония Олимпиаданы кейінге қалдырудан 2-6 млрд доллар жоғалтады. Жалпы алғанда, Күн Шығыс елі бұл әлемдік спорттық шараны ұйымдастыруға ресми түрде 12,6 млрд доллар жұмсайтынын жариялаған еді. Дегенмен, ұлттық аудиторға сенсек, Ойындарға бұдан екі есе көп қаражат кетуі мүмкін. Соның 5,6 млрд доллары ғана – мемлекеттік бюджеттен.

Tokyo 2020-ның басқарма төрағасы  Тоширо Муто мәлімдегендей, әлемнің 206 ұлттық Олимпиада комитетіне, ондаған спорт федерациясына, демеушілерге, телерадиокорпорациялар мен өзге де медиа ұйымдарға және қонақ күту провайдерлеріне Токиоға баратын делегацияларының көлемін қысқартудың жолын табу туралы өтініш жіберілген.

Мутоның сөзінше, "ұйымдастырушылар қызмет көрсетудің барлық деңгейі мен түрлі нысандағы талаптарды қайта қарап жатыр". 

Бірақ бір нәрсе өзгермейді: 11000 спортшы мен 4400 паралимпиадашыға берілетін квота қысқармайды, ал жарыстардың кестесі мен өтетін 42 орны өзгермей, бұрынғы қалпында сақталмақ. Мұның бәрі ХОҚ үшін өмірлік маңызы зор телевизиялық трансляциялардың қызметіне жол ашады. Айта кетсек,  соңғы төрт жылдағы олимпиадалық циклда ХОК 5,7 млрд доллар табыс тапқан. Соның 73 пайызы хабар тарату құқығын сатудан, 18 пайызы үздік демеушілерден түскен.

Демек, келесі жылы Ойындар өтпейтін болса, ХОК миллиардтаған доллар кірістен қағылып, өзінің қаржы жүйесін қауіпке душар етеді. Олимпиданы теледидар мен өзге платформаларға шығарумен бірге спортшылардың қауіпсіздігі – басты орында. Американың NBC телеарнасы әр Олиимпиада үшін 1,2 млрд доллар төлеп, ХОК-тың ең ірі табыс көзіне айналып отыр.

Бейжің-2022 Қысқы Олимпиадасы Токио Ойындарынан кейін небары 6 айдан кейін басталуы керек. Егер Жазғы Ойындар доғарылатын болса, Ақ Олимпиаданың жағдайы қандай болмақ? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ.

Токио Олимпиадасы үшін де жауапсыз сауал көп.

Фанаттар бола ма? Болса, шетелден бе әлде тек Жапониядан ба? Спортшыларды карантин күтіп тұр ма, вакцина жағы қалай болады? Оны ектіруге атлеттердің барлығы келісе ме? "Атлеттер ауылында" адам көп болса, жарысқа қатысушылар инфекция жұқтырмай ма? Сахнаның сыртында жұмыс істейтін шенеуніктердің, жаттықтырушылардың, ондаған мың адамның штаттық кестесі қандай деңгейде болады? Токио бұл шараға кемінде  80 мыңдай еріктіні ақысыз тартуды жоспарлаған еді.

"Біз барлық сценарийге дайын болуымыз керек. Біз әлі не қажет болатынын білмейміз. Коронавирустың жағдайы келесі жылы қалай болады? Ол да беймәлім. Бәріне бәрібір қазір әзірленуіміз керек", – дейді ХОК-тың вице-президенті Джон Котс.

Tokyo 2020-ның болашағына кейбір ғалымдар күмән келтірсе, өзгелер бәрінің мүмкін екеніне сенімді.

"Шынымды айтсам, Олимпиада  2021 жылы өтеді деп ойламаймын", – дейді инфекциялық аурулар жөніндегі жапондық профессор Кентаро Ивато "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Дегенмен, Небраска университетінің Қоғамдық денсаулық колледжінің деканы, эпидемиолог Әли Ханның ойынша, Жазғы Ойындар ендігі жылы басталуы мүмкін. Өйткені Жапонияда коронавирустан 1000 шақты адам өлсе де, Токио кейінгі кездері жұқтыру оқиғалары қайта тіркеліп жатқанымен індеттен айтарлықтай тазарды.

Айта кетсек, бүгінде Жапония өз шекарасын әлемнің 129 елінің азаматтары үшін жауып отыр.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу