Төтенше жағдай бөбектер үшін қиын болуы мүмкін

3632

Аналар қайтадан "үнемшіл" билікті мазалай бастады. 

Төтенше жағдай бөбектер үшін қиын болуы мүмкін

Өйткені дәріханаларда балаларға арналған сүт қоспасы қымбаттап шыға келген. Ал Денсаулық сақтау министрлігі болса, перзенті ашықпауы үшін аналар өз омырауын пайдаланғаны жөн дейді.

Арқалық тұрғыны Екатерина көп жыл күткен сәбиін 41 жасында сүйді. Бес ай бұрын өмірге қыз әкелді. Алайда жергілікті жауапты органдар мен емхана балаларға арналған сүт қоспасын бермей отырғанын айтады. Оны сұрап барған аналарға "өз сүтіңмен қоректендір" деп кеңес береді екен.

"Мен баламды алғашқы айларда өзім еміздім. Бірақ екі айдан кейін сүтім азая бастады. Бала ашықты. Сондықтан аралас тамақтандыруға көшуге тура келді. Интернеттен қарап, дәрігерлер кеңесіне жүгініп, сүт бөлінуін жақсартудың түрлі шараларын қарастырсам да ештеңе шықпады. Енді толығымен жасанды тамақтандыруға көшуге мәжбүрмін", – дейді ана.

Содан ол емханаға жүгінген. Бірақ учаске дәрігері сүт қоспасын беруден бас тартыпты.

"Ол министрліктің бұйрығын басшылыққа алатынын айтады. Перзентханадан шыққанда омырауымда сүт болғандықтан, маған ондай өнім тегін берілмейтінін жеткізді. Әрине, қазіргі қиын жағдайда министрліктің үнемшілдігін түсінемін. Бірақ машиналар да сынып жатады ғой. Ал адамның ағзасы әртүрлі ықпалға ұшырайды. Зарыға күткен бүлдіршінімді жасанды тамаққа көшіруге өзім де ынтық емеспін. Бірақ ол ашыққан соң басқа амал жоқ. Декретке дейін елге ұзақ жыл қызмет еттім, мол салық төледім. Енді бала күтіміндегі ана мемлекет қамқорлығынан үміттене алмай ма?" – деп қамығады Екатерина.

Осындай жағдай барлық өңірде, соның ішінде елордада да қалыптасқан. Аналардың шағымы да ұқсас келеді.

Балаларды 1 жылға дейін қоспамен қамтамасыз ету мәселелерімен жергілікті әкімдіктің Денсаулық сақтау басқармаларының Ана мен баланы қорғау бөлімдері, сондай-ақ емхана басшылары айналысады. Бірақ олар министрлік нұсқауларын басшылыққа алады және көбіне, әйел бойында салмақты дерт болмаса тіпті аз қамтылғандарға да қоспаны тегін үлестірмеуге бейім тұрады.

Кей жылдары қақпағына "тегін беріледі" деген арнайы мөр басылған, аналарға таратуға арналған тегін сүт қоспаларының дәріханаларда сатылуға қойылған дерегі де кездесті. Мұндай оқиға Қарағанды облысында, елордада, басқа өңірлерде тіркелді.

Бірқатар ана қоспа тегін ұсынылғанның өзінде бірер ай екі қораптан беріліп, кейін тоқтатылатынына наразы.

Емхана басшылары қоспа сұрап келген аналарға емшек сүтімен қоректендірудің пайдалы екенін түсіндіруге басымдық беретіндерін жеткізді. Егер ананың медициналық көрсетілімдері болса, яғни, белсенді түріндегі түберкүлезбен ауырса, АИВ-инфекциясын жұқтырса, психикалық бұзылушылықтары болса, сонда ғана тегін қоспа беріледі. Бүгінде бұл дерттерге коронавирус та қосылуы мүмкін.

Кеңес кезінде Қазақстанда балаларға арналған тегін сүт асханалары жұмыс жасады. Сондай-ақ жасанды тамақтандырудағы балаларға "Малыш", "Малютка" қоспалары сыртында табиғи сүт пен арнайы айран қарастырылатын. 90-шы жылдары оның барлығы доғарылды. Мемлекет құрғақ сүт қоспаларын ғана қалдырды.

Айтқандай, демографиялық дағдарыстан құтылуға тырысқан көрші Ресейде аналарға көмек бағдарламасы аясында қажет болса, жас босанған аналардың барлығына сүт қоспасы тегін беріледі. РФ кейбір өңірлері тегін тамақ өнімдерінің стандартты жиынтығын балалар картасымен ауыстырған. Ол аналарға өз баласының физиологиялық ерекшеліктеріне, қажеттілігіне қарай тамақ өнімдерінің теңгерімді жинағын өз бетінше түзуіне мүмкіндік береді. 

Ал Қазақстанда сүт қоспалары теңгенің құнсыздануына және коронавирустың жайылуына байланысты қымбаттап жатыр. Мысалы, ең арзан саналған "Малютканың" 1,2 келілік қорабының бағасы 4 мың 600 теңгеден 5 мың 200-ге дейін өскен. Бұл қоспа көп балаға жарамайды, ішін ауыртады. "Нестленің" NAN маркалы қоспаларының 400 грамының бағасы 3 мың теңгеден асып кетті. Бұрын 1,5 мың теңгеден басталатын.

Аналар шағымына жауап берген Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті балаларды 1 жасқа дейін тегін тамақпен қамтамасыз ету министр Елжан Біртановтың 2018 жылғы 14 наурыздағы №105 бұйрығына сай жүргізілетінін еске салды.

"Қазақстан ДДСҰ ұйымының тек емізу арқылы тамақтандыруды енгізу және насихаттау жөніндегі ұсынымдарын ұстанады. Ана сүтінің құрамы жете зерттелмеген және жыл сайын оның ғажайып жаңа қасиеттері мен құрауыштары анықталуда. Емшек сүті бала иммунитетін арттырады, инфекциялық ауруларды азайтады, балада онкологиялық дерттердің туу қаупін 11% төмендетеді. Оның үстіне емшекпен емізу ана бойындағы гормонды бұзылулардың, сүт безінің қатерлі ісіктерінің алдын алады. Сатылымдағы сүт қоспаларының бірде бірі дәл ана сүтіндей баланың өсуі мен дамуына серпін бере алмайды. Ендеше ана мен дәрігер үшін бірінші кезекті міндет – балалар сүт қоспасының бір түрін таңдау болмауы тиіс. Олар үшін ең басты міндет – кез келген көлемде ана сүтімен қоректендіруді сақтау", – деп атап өтті ведомствоның Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті.

Министрліктің ұстанымы бойынша жас босанған ана онкологиялық, психикалық аурулардан, ауыр қан ауруларынан емделу үшін дәрі-дәрмек қабылдаса және бейінді маманның тиісті қорытындысы болса, сонда ғана жасанды немесе аралас тамақтандыру енгізген жөн. Емханалар осы көрсетілімдер болған жағдайда ғана тегін қоспаға рецепт жазып бере алады. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу