Тозған құбырлар, бүрсең қаққан халық, жауапсыз басшылық: елдегі инфрақұрылым қашан жаңарады?

Әбден ескірген инженерлік-коммуникациялық желілер "бас қайғыға" айналды.

Тозған құбырлар, бүрсең қаққан халық, жауапсыз басшылық: елдегі инфрақұрылым қашан жаңарады? Фото: ШҚО ақпарат орталығы

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Риддер қаласында соңғы 10 күн аралығында жергілікті жылу-электр орталығында екінші рет орын алып отырған төтенше жағдай жалпы елдегі инфрақұрылымдық ахуалдың "өлместің күйін" кешіп тұрғанын анық көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Айта-айта жауыр болған жағдай

Сонау 1956 жылы іргетасы қаланып, бүгінде 56 мыңнан астам тұрғыны бар шаһардағы нысандардың 90 пайызын жылумен қамтуға тиіс "Риддер ЖЭО" АҚ-дағы мәселе – жылдар бойы қордаланып келе жатқан түйткіл. 2018 жылы бұл кәсіпорынды "GREEN ENERGY Q" компаниясы сатып алған соң жағдай тіпті ушыға түсті. Соның салдарынан соңғы бес жыл бойы қалалықтар қара күзден ерте көктемге дейін пәтерлерінде дірдек қағуға мәжбүр. Ал техникалық, қаржылық, өндірістік жұмыстар дұрыс үйлестірілмеген соң, мұндағы білікті қызметкерлер, мықты мамандар жұмыстан кетіп тынды.

Тіпті, былтыр орталықтың 90 қызметкері бірқатар мемлекеттік органға, Бас прокуратура мен Энергетика министрлігіне ұжымдық хат жолдап, басшылық тарапынан орталықты дамытуға қатысты ешқандай жұмыстар жүргізілмейтінін анық көрсеткен еді. Алайда содан бері түк өзгерген жоқ. Баяғы жартас сол жартас.

Өткен жылу маусымында орталықта орын алған апаттар да ешкімге сабақ болмағанға ұқсайды. Сол тұста да талай үй мен әлеуметтік нысан жылусыз қалған-ды. Содан соң ҚР Энергетика министрлігі тексеру жүргізіп, энергетикалық жабдықты пайдалану бойынша нормативтік құқықтық актілердің талаптары бұзылуының 70 фактісін анықтады. Олқылықтарды 2022 жылдың соңына дейін жоюды тапсырды. Бірақ бұл олқылықтар толығымен жойылғанға дейін тағы екі апат орын алды.

Мазут жыртықты жамай ма?

Осы жылдың қыркүйек айының соңында Риддердегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Бірақ тозығы жеткен қондырғылар мен құбырлар сәл ғана қысымның өзіне шыдас бере алмады. 31 қазанда Риддердегі жылу электр орталығының жоғары қысымды қазандығы істен шығып, одан жылу мен ыстық су алатын тұрғын үйлер мен нысандар әп-сәтте мұздап қалды. Ал оған 1700-ден астам баспана, балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет пен спорт нысандары, басқа да ғимараттар қосылған.

Ал одан бір апта бұрын жылу желілерінде температура +70 градустан бірден 20 градусқа дейін төмендеп кеткен еді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мұны жылу-электр орталығы басшылығының мазут сапасын бақыламауымен байланыстырды. Отынның бұл түріне су қосылып кеткендіктен, жылу көрсеткішті күрт азайған көрінеді. Мәселені шешу үшін станцияға 190 тонна көлемінде мазут жеткізілді. Аймақтың басшысы "бұл көлем жылу станциясының алдағы 100 күн аралығында үздіксіз жұмыс істеуіне жеткілікті" деген-ді. Алайда жылдар бойы жиналған мәселелер тек мазутпен шешілмейтін боп шықты.

5 қараша күні сағат 20.00-де орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды. Соның салдарынан температура тағы да +39 градусқа дейін азайды. Алдыңғы апаттан соң, үйлерге енді ғана жылу беріле бастаған тұста қаладағы 22 мыңнан астам абонент тағы да бүрсең қағуға мәжбүр болды. Сондықтан жергілікті ауқымды төтенше жағдай жарияланды.

"Қазір 2 қазандық істеп тұр. Жылу желісі қатып қалатындай қауіп жоқ. Пәтерлерге 15-22 градус мөлшерінде жылу жеткізілуде. Бұл туралы тұрғындар хабардар. Түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі күні әлеуметтік нысандарда  жағдай тұрақты", - дейді Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горковой.

Апатты жою үшін 200-ге жуық маман жұмыс істеуде. Бүгін-ертең қаладағы пәтерлерде жылу қайтадан берілуі тиіс.

"Өмірімізге қауіп төніп тұр"

Жылдар бойы қайталанып келе жатқан жылу мәселесінен әбден шаршаған жұрт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына петиция жолдады. Олар жергілікті билік талайдан бергі түйткілді тарқатуға қауқарсыз екенін алға тартып, Президенттен көмек сұрады.

"Жылу-электр орталығының жаңа басшылығы станцияны жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізген жоқ. Ал мұндағы қондырғылардың 86 пайыздан астамы әбден ескірген. Күрелі жөндеу жұмыстары да жасалған емес. Соның салдарынан үйдегі батареялардың температурасы төмен, шүмектен ыстық судың орнына суық су ағады", - дейді петиция авторлары.

Олардың айтуынша, ЖЭО басшылығы тұрғындармен тілдесуге мүлде бейілді емес. Қала басшылығы да түсіндіру жұмыстарына немқұрайлы қарап отыр. Жергілікті билік, кәсіпорын басшылығы мен тұрғындар арасында диалог болмағандықтан, жиналып қалған базынаны петицияда жазуға тура келді.

"Қазір қала кәдімгідей қатып тұр. Далада қар, күн суық. Балабақшалар жабық. Оқушылар екінші тоқсанды сұп-суық үйде онлайн оқып бастады. Тіпті, кейбір аудандарда электр энергиясы өшіп қалды. Содан жарықсыз, қосымша жылу беру құралдарынсыз қалдық. Мұндай жағдайдың салдарынан жұртшылықтың, әсіресе әлжуаз топқа жататын балалар, қарттар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұр", - дейді налыған жұрт.

Риддер тұрғындары сақылдаған сары аяз түспей тұрған кезде жағдай бұлай шиеленіссе, қыстың қақаған суығында ахуал қалай болар екен деп алаңдап отыр.

Екібастұздықтар да алаңдаулы

Жылу-электр орталығындағы қондырғылар мен жылу желілерінің тозуы – Риддерге ғана емес, күллі елге ортақ проблема. Айталық, осы жылы дәл мұндай мәселе Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығында да туындады. Айтпақшы, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстары инфрақұырылым ескірген өңірлердің көшін бастап тұр. Бұл аймақтарда су, жылу және электр жүйесінің орта есеппен 80 пайызы тозып тұр.

Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Арман Әмірғалинов жергілікті станцияның жағдайын өз көзімен көріп, "Станция хал үстінде жатыр" деген байламға келген еді. 

"Орталықтағы құралдардың техникалық жағдайы тым төмен. Мұның барлығы жөндеуге бөлінетін қаржының аздығы мен толыққанды жаңғырту шараларының болмауынан туындап отыр. Жылу желілерінің жағдайы тіпті нашар. Бүгінде құбырлардың 89%-ы әбден тозған. Осыған дейін желілердің 445 метрі күрделі, 2891 метрі ағымдағы жөндеуден өтіпті. Бұл – теңізге тамған тамшыдай", - дейді депутат.

Станцияның басшылығы күрмеулі мәселелердің барын мойындап, кезінде активі 11 млрд теңге болған, бүгінде 500 млн теңгеге дейін түсіп кеткен станцияны мемлекетке тегін беруге дайын екенін білдірді. Бірақ Павлодар облысының билігі тозығы жеткен станцияны "құшақ жая" қабылдауға асыққан жоқ. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың ұсынысымен үкіметтік деңгейде ведомствоаралық комиссия құрылды. Мұнда техникалық аудит жүргізілген соң, ғана станцияның ары қарайғы "өмірі" белгілі болады. Бір анығы, жергілікті билік орталықты мемлекетке қайтарып, тарифті өсіргеннен мәселе шешілмейді деп пайымдайды. Биылғы жылу беру маусымына әупірімдеп жүріп қазандықтарды дайындады. Әзірше Риддердегі сияқты ірі оқыс оқиғалар орын ала қойған жоқ. Десе де, бұл қаланың тұрғындары да жылыту мәселесіне алаңдаулы.

Венецияға айналған қала

Елдегі екі қала жылу мәселесімен әлек боп жатқан тұста солтүстіктегі Петропавл қаласының көшелерін қырық жамау құбырдан атқылаған су басты. Олай дейтініміз, 2009 жылы салынған құбырдан 2017 жылы ақау шығып, бұл ер жамалған еді. Араға бес жыл салып дәл сол учаскеден тағы су шықты. Соның салдарынан кеше қаладағы 10 тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік нысан сусыз қалды. Басқа желілерде су қысымы төмендеп, қиындықтар туындады.

"Бұл аумақтағы су құбыры 2009 жылы бюджеттік қаражат есебінен жаңғыртудан өткен еді. Апаттың орын алуына құбырдағы ақау немесе олардың дұрыс жалғанбауы себеп болуы мүмкін. Бұл жерде 2017 жылғы жағдай қайталанып отыр. Бірақ жобаға кезінде біз тапсырыс бермегендіктен мердігерді жауапқа тарта алмаймыз. Оған қоса, бұл фирма қазір жоқ", - дейді "Қызылжар Су" ЖШС атқарушы директоры Арман Саутов.

Жалпы, Петропавл қаласындағы су құбырларының 57 пайызы ескі. Бірақ бұл жағдай көрсетіп отырғандай, салыстырмалы түрде жаңа желілер де жарылып жатыр. Демек, ескісінен де, қайта жаңғыртылғаннан да қайыр болмай тұр.

Ескірген құбырлардан қашан құтыламыз?

Жалпы, тозығы жеткен инфрақұрылым, сапасыз инженерлік-коммуникациялық желілер – көптен бері айтылып жүрген күрмеулі мәселелердің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында электр желілерінің үштен бір бөлігі, жылу құбырларының 57%-ы және су желілерінің жартысына жуығы ескі екенін айтып, билік пен коммуналдық кәсіпорындарға жаңғырту жұмыстарын қолға алуды жүктеген еді.

Ал жекелеген облыстарда бұл көрсеткіш одан да жоғары. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020-2025 жылдары инфрақұрылымды жақсартуға барлығы 221 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жыл сайын шамамен 44 млрд теңге бөлу жоспарланып келеді. Одан бөлек, жекелеген компаниялар инвестициялық бағдарламалар аясында өз қаражаты есебінен желілерді жаңғыртуға міндетті.  Ал әкімдіктер алдағы жылдары 4,5 мың шақырымнан астам желіні салып, қайта қалпына келтіруге бейілді. Олардың қатарында 128 шақырым жылу, 4,1 шақырым су, 321 шақырым су бұру құбырлары бар.

Бірақ мұның барлығы теңізге тамған тамшыдай. Себебі соңғы екі жылдың өзінде бір қарағанда ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанымен, ескірген құбырлардың үлесі небары 3-5%-ға азаюда.

Ел Үкіметі бұл көрсеткіштерді түбегейлі өзгертіп, 2026 жылға қарай ескірген желілердің үлесін 45%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.

"Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін екі механизм қарастырылып отыр. Алғашқысы – 0,01 пайыздық мөлшерлемемен, 20 жылға дейін бюджеттік несие беру. Бұл ретте негізгі қарызды төлеу бойынша 6 жыл жеңілдік жасалады. Екіншісі – жылу, су және су бұру құбырларын салу, жаңғырту, қайта қалпына келтіру жұмыстарын субсидиялау", - деді жақында өткен Сенат отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин.

Жоспардың ауқымды болғаны жақсы-ақ. Алайда оның іс жүзінде орындалуы – басқа мәселе. Сондықтан ертеңгі күні тұрғындар өз пәтерлерінде бүрсең қағып, сусыз, жылусыз қалмас үшін қазірден-ақ әрекет ету керек. Жылдар бойы қордаланған мәселелердің соңы қалай боларын Риддердегі жағдай анық ұқтырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу