Трамп кері шегінді

3026

Жаһандық сауда соғысының бірінші аптасы тосын қорытындыға әкелді.

Трамп кері шегінді Фото: nypost.com

Америкалық ақпарат құралдарының жарыса хабарлауынша, былтырғы президенттік сайлау кезінде Республикалық партияның бірыңғай кандидатының сайлауалды науқанын қаржыландырған АҚШ миллиардерлері тарифтерден бас тартуды қиыла сұрады.

Демеушілерінің үніне құлақ асқан Дональд Трамп Қытайдан басқа елдердің экспортына қарсы бекіткен тарифтерінің қолданысқа енгізілуін 90 күнге кейінге шегерді.

Осыдан кейін Америка, Еуропа және Азия биржалары, акциялар жұмыс аптасының соңғы екі күні бойы жаппай өсумен болды.

Дегенмен, сарапшылар босаңсуға, марқаюға мүлдем негіз жоқтығын ескертеді. CNN сарапшылары Трамптың әлемдік сауда соғысы, әсіресе, Қытайға қарсы енгізген қосымша алым-салығы ақыр соңында Американың экономикасын рецессияға ұшыратып, қаржылық дағдарыс әкелетінін ескертті.

Оның үстіне апта соңында Трамп өз дегеніне көнбеген ҚХР басшылығына ренжіп, оның жауабын "әлемдік нарықтарға деген құрметінің жоқтығы" деп танитынын мәлімдеп, Қытайға қарсы баж алымдарын 125%-ға дейін күрт көтерді.

"Трамп әлемдегі 185 серіктес еліне қарсы жоғарылатылған тарифтердің күшіне енгеніне небары 13 сағат өткенде жандәрмен тежегішті басты. Олардың қолданысын уақытша доғарды. Алайда сауда соғысы аяқталған жоқ, тәмамдалмақ түгіл бұрынғы қарқынмен ары қарай жалғасуда. Оның келтіре бастаған шығындарының енді орны толмауы мүмкін және бүкіл әлемнің әл-ауқатына залалын тигізіп жатыр", – деп жазады шетелде тұратын ресейлік шолушы Алексей Калмыков.

Би-Би-Си Трамптың екінші каденциясы кезіндегі бірінші кең ауқымды жаһандық дағдарысынан қандай сабақ алу керектігін нұсқады.

"Біріншіден, Трамп ұстанымын, қимылын, қадамын болжап білуге болмайтын, қысқа күнде қырық құбылатын саясаткер. Осы дүйсенбіде ғана Трамп енді кері шегінбейтінін, тарифтік саясатында мығым табандайтынын айтып, ант-су ішті. Ал, сәрсенбіде кері қарай қадам жасады және тарифтік соғыста 3 айлық үзіліс алды. Билік тізгінін Трамп ұстап тұрған кезде басқа елдер, бизнес пен халықтар АҚШ Президентінің кез келген уақытта әлемге кезекті соққы жасайтынына дайын отырғаны жөн", – деп түсіндірді ВВС.

Бұдан былай төрткүл дүниедегі тұрақтылық пен хаос арасындағы жаңа шекара тек бір тұлғаның миында орналасатын болады. Осы аптада Дональд Трамп бұл шекараны жетісіне бірнеше рет жеп-жеңіл, еш қиналмай кесіп өте салатынын паш етті.

Сарапшылардың уайымдауынша, мұндай белгісіздік – бүкіл әлемнің дамуының тежегіші. Даму тұрақтылық бар жерде ғана болады. Ол шайқалған соң тұтас халықтар – тұтынудан, ал, инвесторлар – инвестициялаудан ат-тонын ала қашып жатыр.

Адамдар жаңа киім, бұйым және басқасын алудан бас тартуда. Салдарынан, сауда саласы құлдырады. Мысалы, сән-салтанат заттарын сатушылар сорлады, бағалы қағаздары құнсызданды.

Financial Times жазуынша, Дональд Трамптың тарифтік соғысы салдарынан, Versace саудаға қойылды және бағасы осы аптада 200 млн доллардан астамға құлдырады. Күні кеше күрт арзандаған "Версаче" компаниясын италиялық Prada сән тобы сатып алды.

Тұтыныс өспесе, экономикалық көрсеткіштер бүкіл әлемде құлдырайды. Экономика кері кетсе, адамдардың өмір деңгейі төмендейді. Тұрақтылық заманына қарағанда, аумалы-төкпелі дәуір адамзатқа ауыр тиеді.

"Екінші басты сабақ және проблема – Трамптың тарифтері экономикаларды, соның ішінде Американы да күйретуге қауқарлы. Егер эксперттер бұған дейін тарифтердің пайдасы болуы мүмкін екенін айтып, дауласса, осы апта бұл пікірталастарға нүкте қойды және Трамптың тарифтері тек қана зиян әкелетінін дәлелдеді. Дональд Трамп импорттық тосқауылдарды өзінің экономикалық және сыртқы саясатының басты қаруына айналдырды", – деді Би-Би-Си сарапшылары.

АҚШ Президентін америкалық қор нарықтарындағы дүрбелең де тоқтатпады. Инвесторлардың құнды қағаздарды жаппай сатуы салдарынан қолында қаржы қалмаған биржа брокерлері бір жағынан, ақша алу, екінші жағынан, Трамптан өш алу үшін Құрама Штаттардың құнды қағаздарын, облигацияларын жаппай сата бастады.

Ал, Америка – қарызға өмір сүретін держава. Ол өз қарызын облигация түрінде бүкіл әлемге сатады. Бағалы қағаздары жаппай саудаға қойылса, "қуырдақтың көкесі" сонда болады: АҚШ алатын қарыз құны еселеп қымбаттайды, сыртқы қарызы еселеп ұлғаяды (кандидат Трамп мемборышты күрт азайтуға уәде еткен). Рецессия күшейеді.

Ақпарат құралдары америкалық мемлекеттік қарызды және долларды жаппай арзанға сатудың басталуы АҚШ Президентіне қатты әсер еткенін жазды. Қаржылық дағдарыс өрті тұтана жөнелген еді.

"Содан Трамп өзіне жақын миллиардерлер мен қаржыгерлер тобының үгітіне көніп, тарифтердің бір бөлігін үш айлық үзіліске қойды. Онсыз 2008 жылғыдай немесе пандемия тұсындағыдай америкалық қаржылық жүйе опырылып түскелі тұрды. Бұл жолы қаржылық дағдарыстың жалғыз авторы Дональд Трамптың өзі болды", – деп нұсқады ВВС.

Сарапшылар уақытша "паузаға" қарамастан, сауда соғысы сол бұрынғы қарқынмен жалғасып жатқанын қаперге салды. Өйткені біріншіден, Трамп тарифтерін жойған жоқ, тек олардың бір бөлігін уақытша тоқтатты.

Сонымен бірге, АҚШ-қа әлемнің барлық елінен тасылатын тауарлар импортынан 10% деңгейінде салық жиналып жатыр, ол қалды. Болат, автомобильдерден 25% жиналады. Трамп ұқсас алымдарды шетелдік дәрі-дәрмектен, ағаштан, басқа тауарлардан жинауға дайындалуда.

Екіншіден, Трамп өнімін Америка өте көп тұтынатын Қытайға қарсы бұрын-соңды болмаған орасан зор баж салығын енгізді. Оның тым үлкендігі (125%) сонша, біраз тауардың импорты қазірден тоқтап жатыр.

Шың елі АҚШ-тағы тұтынушылық, өнеркәсіптік және басқа тауарлардың ең ірі жеткізушісі болғандықтан, оны америкалық өнімдермен тез алмастыру мүмкін емес. Салдарынан, америкалық экономика рецессия құрдымына қарқынды түрде жылжып барады.

Сарапшылар тағы бір жайтқа назар аудартады: Байден тұсында және оған дейін америкалықтар төлейтін баж салығының үлесі импорттық тауарлардың жалпы құнының орта есеппен 2,5%-ын ғана құрайтын.

Трамптың тарифтік саясаты іске қосылғалы, қазірдің өзінде баж салығының үлесі он еседей, 24%-ға дейін шығандап кетті. Бұл тек басы ғана! Құрама Штаттарда жаппай қымбатшылық бой көрсетуде.

Мысалы, Қытайда не Вьетнамда емес, енді Америкада құрастырылатын "Айфондар" бағасы 3 мың долларға дейін жететіні есептелді. Америкалықтар алдағы Пасхада кенеттен қат тауарға айналған жұмыртқаны емес, картопты бояуға әзірленуде.

Осы аптадағы геосаяси оқиғалардың тағы бір сабағы: Қытай Трамптан қорықпайтынын паш етті. Өзге елдер, соның ішінде Еуроодақ америкалық лидердің көңілін аулауға, бәрін бітіммен, келіссөзбен шешуге тырысып жатқанда Қытай осы аптада АҚШ тауарларына қарсы 84%-дық орасан баж алымдарын енгізді.

Осыдан кейін Дональд Трамп ҚХР тауарларына қарсы алым-салықты 125%-дан 145%-ға дейін көтеретінін мәлімдеді.

"Мұндай алапат деңгейдегі баж алымдары астарлы саясаттың, жұмсақ мәжбүрлеудің құралы ретіндегі барлық мән-мағынасын жояды. Ол енді әлемнің екі ірі экономикалары арасындағы сауданың жолында тұрғызылған асу бермес асқар кедергіге айналды. Жұмада Қытай сайма-сай жауап беріп, бұған нүкте қойды. Тарифтерді ары қарай көтеруден еш мән қалмады. Олар онсыз да тауарлар импортына тыйым салуға ұқсап кетті. Қытайлардың жауабы анық: біз келіссөзге дайынбыз, бірақ оның барысында қарсыластың қару кезеніп тұрғанын қаламаймыз! Қытай бұл жағдайда рэкеттің құрбанына ұқсайды", – деп тұжырды Би-Би-Си.

Сонымен бірге ҚХР-дың басымдығы жетерлік: рейтингі құлаған Трампқа қарағанда, ел тізгінін төраға мен компартия мығым ұстап отыр, халық оны қолдайды және қиындықтарға төзуге дайын. Өз кезегінде ҚХР компартиясы бұқара мен бизнеске қолдау көрсетуге уәде етті.

Сондай-ақ Қытай юаньды қалағанынша девальвациялай алады. Сонда АҚШ-тың 125 пайыз алым енгізгеніне қарамастан, америкалық клиенттер қытай тауарларын долларда сол бұрынғы бағамен ала алады.

Бұдан бөлек, АҚШ Қаржы министрлігіне сілтеме жасап, Financial Times жазуынша, Қытай қолындағы америкалық мемлекеттік қарыздың (облигациялардың) көлемі 2024 жылы 57 миллиард долларға азайды. Соның өзінде 759 млрд доллар көлеміндегі үлес Қытайда қалды.

Егер ҚХР америкалық бағалы қағаздарды жаппай саудаға шығарса, биржаларда дүмпу болып, оларда құн қалмайды, Америкаға жойқын соққы беріледі.  

Карта ойынындағы терминдерді ұнататын Дональд Трамп қарсыластарына: "Көзірің (козырь) жоқ!" деп жекуді ұнатады. Ал, Қытайда көзір көп. Бірақ шың елі шапқыншылық пен шабуыл қимылдарына көшпей, ұстамдылық танытып тұр.

Аптаның тағы бір маңызды қорытындысы: сайлауалды науқаны кезінде Трамп Еуропаны АҚШ-пен бірігіп, Қытайға қарсы тұруға шақырды. Трамптың тарифтері керісінше, ҚХР мен ЕО-ны жақындатты. Жұма күні Бейжіңге сапарлап барған Испания Премьері Педро Санчес Еуроодақ пен Қытай енді қарым-қатынастарын тереңдетуге тиістігін мәлімдеді.

Бұған жауап ретінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин: "Қытай мен Еуропа АҚШ тарапының біржақты қорқытып-үркіту тәжірибесіне бірлесе қарсыласуға тиістігін" айтты.

Бұлай бара берсе, ақыр соңында АҚШ жападан жалғыз қалады. Сондықтан тарифтердің кейінге ысырылғанына бола, шабыттанып, өсе жөнелген америкалық биржаларды апта соңында қайтадан депрессия басты: акциялардың құлдырауы қайта белең алуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу