Трамп НАТО-ны АҚШ-қа сеніп алған деп айыптады

2145

Қарашада билікке қайта келуден үмітті экс-президент Солтүстікатлантикалық альянс жайлы жаңа мәлімдеме жасады. 

Трамп НАТО-ны АҚШ-қа сеніп алған деп айыптады Фото: reuters

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қорғанысқа жеткілікті қаражат жұмсамаған НАТО- дағы одақтастарын қорғамайтынын және тіпті Ресейді оларға шабуыл жасауға итермелейтінін мәлімдеді. Сол үшін Американың бұрынғы лидері қазір Ақ үй мен Батыстың жоғары лауазымды өкілдерінің үлкен сынына ұшырап отыр.

НАТО туралы негізгі сұрақтардың жауабы мен биыл қарашада жеңіске жетуден үмітті әрі кейбір сауалнамаларда президент Джо Байденді басып озған Трамптың комментарийінің қысқаша сипаты төмендегідей:

НАТО дегеніміз не?

1949 жылы "қырғи-қабақ соғыс" шиеленіскен шақта Кеңес Одағына қарсы тұру үшін құрылған Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымы - Солтүстік Америка мен Еуропа елдерінің саяси және әскери альянсы.

Оның құрылтай шартының 5-ші бабында бекітілген ұжымдық қорғаныс принципіне сәйкес, осы одақ елдерінің біріне жасалған шабуыл олардың барлығына жасалған шабуыл болып есептеледі.

НАТО шешімдерді консенсуспен қабылдайды. Бірақ Америка Құрама Штаттарының саяси және әскери күші оның осы альянстағы ең қуатты ел екенін білдіреді және АҚШ-тың ядролық арсеналы қауіпсіздіктің ең жоғары кепілі ретінде қарастырылып отыр.

НАТО-ҒА қандай елдер кіреді?

Қазіргі уақытта НАТО-ның 31 мүшесі бар. Олардың көпшілігі - Еуропа елдері, сонымен қатар, бұл альянсқа АҚШ пен Канада кіреді.

Ең жаңа мүше – Финляндия. Ол Ресейдің Украинаға басқыншылығына жауап ретінде өткен сәуірде Солтүстікатлантикалық одаққа қосылды. Швеция саяси-әскери блокқа Финляндиямен бірге кіруге өтініш берді. Бірақ бұл өтінішті Венгрия парламенті әзірге ратификациялаған жоқ.

"Қырғи қабақ соғыс" кезінде НАТО-ның басты назары Батыс Еуропаны Кеңес Одағынан қорғауға ауды. Ал 1989 жылы Берлин қабырғасы құлағаннан кейін, НАТО Орталық және Шығыс Еуропадағы бұрынғы коммунистік елдерді өз қатарына алып, кеңейе түсті.

НАТО Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия сияқты ірі елдермен бірге Исландия, Черногория сияқты шағын мемлекеттерден құралған.

Трамп НАТО туралы не айтты?

2017-21 жылдары АҚШ президенті болып тұрғанда, Трамп НАТО мен Германия сияқты мүшелерді жиі сөгіп, оларды өз қорғанысы үшін жеткілікті ақша төлемейді және қорғаныс мәселесінде Вашингтонға сеніп алған деп айыптады. Осылайша, Трамп ұжымдық қорғаныс принципіне ашық күмән келтірді.

АҚШ-тың басқа әкімшіліктері де еуропалықтарды қорғанысқа жеткілікті қаржы жұмсамайды деп кінәлағанымен, олар мұндай мәлімдемелерді қатаң түрде жасаған жоқ.

Трамп сенбі күні Конвейде (Оңтүстік Каролина) өткен сайлауалды митингте сөз сөйлеп, "бір алып елдің президентімен" әңгімелескенін айтып, бұл сынды жаңа деңгейге көтерді.

"Сэр, егер біз ақша төлемесек, ал Ресей бізге шабуыл жасаса, сіз бізді қорғайсыз ба деді әлгі президент. Мен айттым: жоқ, мен сендерді қорғамас едім. Негізінде, Ресейді сендерге білгенін істеуге шақырар едім. Төлеу керек", - деді Трамп.

НАТО қалай қаржыландырылады?

НАТО-ның кейбір ортақ қорлары бар, оған барлық мүшелер үлес қосады. Бірақ альянсқа қаржының негізгі бөлігі мүше-елдердің ұлттық қорғаныс шығындарынан келеді. Бұл ақша әскери күштерді ұстауға және НАТО-да қолдануға болатын қару-жарақ сатып алуға жұмсалады.

НАТО мүшелері жыл сайын өздерінің жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) кемінде 2% қорғанысқа жұмсауға міндеттеме алған еді. Дегенмен, олардың көпшілігі өткен жылы бұл мақсатқа жете алмады.

Қанша ел қорғанысқа шығындар бойынша міндеттемелерін орындай алды?

НАТО-ның есебіне жүгінсек, өткен жылы 11 мүше 2 пайыздық мақсатқа жетеді деген болжам жасалған. Солардың қатарында Польша, АҚШ, Грекия, Эстония, Литва, Финляндия, Румыния, Венгрия, Латвия, Ұлыбритания, Словакия бар.

Еуропаның экономикалық алпауыты Германия болса, қорғанысқа жалпы ішкі өнімінің 1,57 пайызын бөлген. Бірақ неміс үкіметі Ресейдің Украинадағы соғысына жауап ретінде құрылған 1 миллиард еуролық арнайы қордың арқасында биыл 2 пайыздық межеге жетеді деген пайым айтылып отыр.

НАТО-ның өзге деректеріне сәйкес, қорғанысқа ең аз жұмсағандар - Испания, Бельгия және Люксембург.

НАТО жақын күндері жаңартылған сандарды жариялауы керек. Сол мәліметтермен қазірдің өзінде таныс адамдардың айтуынша, 2 пайыздық мақсатқа жеткен одақтастар көбейіп келеді екен.

НАТО-ның 5-ші бабы дегеніміз не?

Құрылтай шартының 5-ші бабында НАТО-ның Еуропадағы немесе Солтүстік Америкадағы мүшелерінің біріне немесе бірнешеуіне жасалған қарулы шабуыл "олардың барлығына жасалған шабуыл болып саналады" деп жазылған.

Дегенмен, 5-ші бап шабуылға ұшыраған одақтасқа көмектесу үшін автоматты түрде әскери жауапқа міндеттемейді. Мүше-елдер мұндай әрекетке баруы үшін саяси лидерлер айқын мәлімдеме жасаулары қажет.

"Одақтастар бір-бірін қорғамайды деген кез келген ұсыныс АҚШ-тың қауіпсіздігін қоса алғанда, барлығымыздың қауіпсіздігімізге нұқсан келтіріп, америкалық және еуропалық сарбаздарға қатер төндіреді", - деді  жексенбі күні НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу