Бұған дейін ТАСС басылымы АҚШ пен Ресей президенттерінің 15 тамыз күні Анкоридж қаласында (Аляска) кездесуі өтетінін хабарлаған еді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Дональд Трамп пен Владимир Путиннің жоғары деңгейдегі кездесуін көптеген ел ерекше назар аударып бақыламақ. Оның арасында Украина да бар.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы АҚШ президентінің бүкіл елді кесіп өтіп, Ресей басшысымен екіжақты келіссөздер өткізу үшін жолға шығатынын нақтылап өтті.
– Бұл кездесудегі президенттің басты мақсаты – осы соғысты қалай тоқтата алатынымызды тереңірек түсініп қайту, – деді Ливитт Украинадағы соғысты меңзеп.
Айта кетейік, өткен аптада қос президенттің қай елде кездесетіні белгілі болды. Артынша, Трамп Путинмен Аляскада кездесетінін хабарлаған еді.
Бүгінде Анкоридж қаласындағы келіссөздер алдында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр.
Осыған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков жуырда жоғары деңгейдегі кездесудің анық өтетінің растады.
Ал Трамп кеше Ресей мен Украинаны татуластыра алмайтынын мойындағандай жазба қалдырды.