Трампқа өкпелі Еуропа жаңа серіктес іздеуге мәжбүр

4202

Еуропа одағы Жапониямен әлемдегі ең ірі сауда келісіміне қол қойып, Азиямен, Латын Америкасымен келіссөз жүргізіп жатыр.

Трампқа өкпелі Еуропа жаңа серіктес іздеуге мәжбүр

Соңғы кездері президент Дональд Трамп әлемде коммерциялық жанжал отын маздатып қана қоймай, НАТО-ның іргетасын теңселтіп, Еуропаны Американың ашық дұшпаны етпесе де, қарсыласы етіп көрсетіп жүр. Сондықтан қазір ресми Брюссельдің сыбайласты басқа жерден іздеуі бекер емес.

Сейсенбі күні Токиода Еуропа одағы мен Жапония әлемде теңдесі жоқ ауқымды еркін сауда келісіміне қол қойды. Соған сәйкес екі жақ бір-бірінің тауарларына кедендік салықты төмендетіп, бірте-бірте автомобильдеріне қатысты тарифті де азайтпақ. Бұл уағдаластық дүниежүзілік экономикалық жүйенің төрттен бір бөлігін немесе планетаның 600 миллиондай тұрғынын қамтиды.

Амбициялық пәтуа жер шарында ең үлкен ашық экономикалық кеңістік құрады деген болжам бар. Оның шарты бойынша Еуропа одағы жапон көліктерінің 10%-на қатысты тарифтерді мүлдем алып тастап, қосымша бөлшектерден жиналатын салықты 3%-ға түсіреді. Ал Токио "Қарт құрлықтан" импортталатын ірімшіктің 30, шараптардың 15%-ын кедендік тарифтен босатып, Жапонияда өтетін мемлекеттік тендерлерге еуропалық кәсіпкерлердің еркін қатысуына жол ашады.

Арзан шарап, арзан авто
Экономистердің пікірінше, бұл келісімнен Еуропаның тағам секторы көп ұтайын деп отыр. Өйткені олар үшін өздерінің сапалы ірімшігін, шоколадтарын, етін және спагеттилері мен макаронын Жапонияға шығынсыз экспорттауға мүмкіндік туады. Ал жапондық темір тұлпарлар мен олардың бөлшектері Еуропада жергілікті автоконцерндердің бәсекесіне қарамастан бұрынғыдан көбірек сатылатын болды.

Бір кездері Жапония өз нарығын шетелдік бәсекеден қорғау үшін Еуропадан келетін сүт өнімдеріне тарифті 40%-ға дейін көтерді. Жаңа келісімге сәйкес, енді салық төмендеп, жапондық фермерлердің жағдайын қиындатуы мүмкін. 

"Қазір протекционизмге алаңдаушылық күшейіп келеді. Бірақ Жапония мен Еуропа одағы еркін сауданы ту етіп, әлемде көш бастауға тиіс", – деді Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ Токиода өткен баспасөз мәслихатында.

Жапония ғана емес...
Жапония сауда-саттық бойынша Еуропа одағына Азияда Қытайдан кейінгі орында тұрған алып серіктес. Ал Абэ мен Еуропа кеңесінің президенті Дональд Туск қол қойған құжат 2019 жылы күшіне еніп, екі жақты сауданы тағы 24%-ға арттыруды көздеп отыр.

Еуропа одағы Жапониямен ғана шектеліп қалмай, Сингапурмен де, Вьетнаммен де сауда келісімін жасап жатыр. Сонымен қатар Брюссель осы мәселе бойынша Индонезиямен, Аустралиямен, Жаңа Зеландиямен, Туниспен диалогқа кірісті. Дүйсенбі күні Бейжіңде ЕО-Қытай саммиті өтіп, онда тараптар халықаралық көпжақты сауда жүйесін сақтап қалу ниеттін растады.

Бұған қоса Еуропа одағы еркін сауда келісімін Трамппен араздасқан елдер – Канадамен, Мексикамен де жасамақ. Аргентинамен, Бразилиямен, Парагваймен,Уругваймен де келіссөз жүріп жатыр. Сондай-ақ Брюссель 2013 жылы Үндістанмен арада тоқтап қалған сауда жайлы диалогты таяуда қайта жандандырды.

Ең алдымен Америка
Еуропа одағын жаңа серіктес іздеуге мәжбүрлеген – өзінің трансатлантикалық серіктесі АҚШ. Трамп әкімшілігі осы айда Қытайдан импортталатын 34 миллиард доллардың тауарына 25 пайыздық тариф жариялады. Бейжің де қарап қалған жоқ. Ол да америкалық компаниялардың өнімдеріне салықты көтерді. Мұның алдында Құрама Штаттар еуропалық тауарларға да тарифті өсіргені белгілі. Бірақ Еуропа үшін өмірдің бір қаржылық шындығы бар: Америка Құрама Штаттары - бұл континент үшін ең үлкен сауда серіктесі. Екі жақтың арасындағы алыс-беріс атам заманнан үзілмей келеді. Сондықтан еуропалықтарға Трамптың тарифпен жауап беруі – өзіне қастандық жасаумен тең.

"АҚШ – орасан нарық. Оған еуропалық тарифтен зиян шамалы. Ал Еуропаға келетін шығынның орнын толтыру оңай болмайды", – дейді Гамбургтегі қаржы институтының бас экономисті Холгер Шмидинг "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұхбатында.

Дональд Трамп 2017 жылы қаңтарда президенттік қызметіне кіріскен бойда Жапония және әлемнің тағы 10 мемлекеті кіретін Тынықмұхитаралық сауда келісімінен АҚШ-ты шығарды. "Ең алдымен Америка" саясатын ту еткен президенттің сөзінше, оның халықаралық саудадағы қатаң ұстанымы америкалық жұмысшылар мен компанияларды шетелдік өнімдердің бәсекесінен қорғау үшін қажет. Ал кейбір сыншылардың ойынша, Трамптың бұл ұстанымы ғаламдық сауда ережелеріне нұқсан келтірмей қоймайды.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу