Тұғыл ауылы тұрғындарының аурухана жұмысына көңілдері толмайды

1554

Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылының тұрғындары күндізгі стационардағы ем-домын ала алмай отырғандарына шағымдануда, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Тұғыл ауылы тұрғындарының аурухана жұмысына көңілдері толмайды Фото: Таунар Қайратұлы

Науқастар күнделікті антибиотиктерін межелі уақытынан ерте алып отыр. Оған амбулаториядағы штаттың қысқаруы себеп көрінеді.

Аталған мәселе алдымен әлеуметтік желіде көтерілді. Науқастар 8 сағаттан кейін алатын  антибиотикті алты сағаттан соң алып жатыр. Қараша айының 9-ы күні жариялаған бейнежазбада Жадыра Жүнісова есімді тұрғын көптен көмек сұраған. 

Күндізгі стационар кешкі сағат 18:00-ге дейін ғана істейді. Кешқұрым келушілер санының күрт қаптауы салдарынан өзіме тиесілі антибиотикті сағат 16:00 шамасында алып жүрмін. Дәл осылай ем қабылдап жүрген бүлдіршіндердің жағдайы не болып жатыр? Өмірге жаңа келген сәбилер мана айтылған әсері күшті дәрілерді төрт сағаттан кейін алса, сұмдық қой? Осыған мән беретін біреу бар ма? Облыс басшылығы қайда қарап отыр? – дейді видео авторы Жадыра Жүнісова.

Жадыра Жүнісова бұдан бөлек, амбулаторияда тіс дәрігері жоқ екенін, Ақжар ауылынан келетін балалардың көбінде такси жалдап жүргендерін айтты. Аптаның алты күні дәрігерлерге қаралып, жексенбі күні екпе ала алмайтындықтарын жасырмады.

Ал Тарбағатай аудандық №2 ауруханасының бас дәрігері Елжан Манарбеков бұған басты себептердің бірі – ауылдағы тұрғындар санының азайып кетуі екенін айтады.

Тұғыл ауылында 3800-ден астам адам тұрады. Ал есеп беру кезінде дайындалған құжатта 4800-ге жеткен көрінеді.

2019 жылы шыққан бұйрық негізінде Тұғыл аудандық ауруханасы күндізгі стационар болып өзгеріп, қазір амбулатория ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Тұғылдағы тәуліктік стационар неге амбулатория деп ауыстырылды? Өйткені ауыл халқы азайып кетті. Ал бізде тұрғындар тіркелген реквизитте 3897 адам деп көрсетілген. Сонда көпшілігі қазір бізде тіркеуде жоқ, - деді аурухананың бас дәрігері Елжан Манарбекұлы.

Бас дәрігер басы ауырып, балтыры сыздаған жандарды ауруханаға тіркелуге шақырды. Сонда ем-дом алу тұрғысынан түрлі мүмкіндіктерге ие болатындарын алға тартты. Өздері тексергендей, кейбірі басқа ауданда, бірі қалада тіркеліп тұр. 

Енді жексенбі күні неге екпе алу мүмкін болмай кеткендігіне тоқталайын. Дәрігерлік амбулатория болғандықтан, мұнда жағдайы жеңіл науқастар ғана ем қабылдай алады. Бұл 4-5 күнге ғана созылуы керек. Ал дерті дендеген науқастар Ақжардағы педиатрлық ауруханаға барулары керек, - дейді бас дәрігер.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, ем алатын ересектер мен балалар аурухана төсегіне жатпағандықтан, статистикалық есеп жүргізіліп, сол бойынша оңтайландыруға көше бастаған. Штаттың қысқартылғаны ем қабылдау кезіндегі кезек санының көбеюіне әкелді. Тарбағатай аудандық ауруханасының басшылығы ресми ақпарат беріп, қазіргі уақытта қосымша штат ашу үшін тұрғындарды амбулаторияға тіркеу басталып кеткенін мәлімдеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу