Бір ай бұрын ҚФФ кәсіби жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының басшысы клубтардың 100 пайыз жекеменшікке өтуге жақын екенін жеткізген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Түркістан облысы әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта келіссөздер жүргізілуде.
– "Тұран" өте жақын уақытта жеке меншікке өтеді. Қазір бізде әлеуетті инвестор бар, келіссөздер жүріп жатыр. Жақын арада клубты сатылымға шығарамыз, – деді ол.
Осылайша, "Тұранның" келесі маусымдағы "тағдыры" тікелей инвестормен келісім және жаңа иесіне байланысты болады.
Бірнеше күн бұрын ғана Қазақстандағы тағы бір футбол клубы "Шахтердің" жекеменшікке өткенін жаздық.
Одан өзге астаналық "Жеңіс" клубын миллиардер Михаил Ломтадзе сатып алса, Петропавлдың "Қызылжар" командасына Сергей Кан иелік ететін болды. Ал "Ақтөбенің" жаңа басшысы – бизнесмен Нұрлан Артықбаев. Сондай-ақ, қызылордалық "Қайсар" футбол клубын 30 қазаннан бастап ресми түрде кәсіпкер Исламғали Қозбақов басқармақ.