Қазақстандықтар зейнетақы жинағын алуға асықпасын. "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова ОКҚ өткен брифингте осындай кеңес берді. Ол тұрғын үй бағасы әлі арзандайды деген болжамымен бөлісіп, қазіргі жағдай уақытша құбылыс екенін ескертті.
Брифингте зейнетақы жинағын алу басталғалы үй бағасының өсуіне алаңдаған журналистер банк басшысынан "зейнетақы жинағына қайталама нарықтан пәтер алуға бола ма?" деп сұрады. Зейнетақы жинағына тұрғын үй алу бойынша бірыңғай оператор бағдарлама аясында баспана сатып алуға шектеу жоғын жеткізді.
"Үлестік қатысу шарты бойынша Қазақстандық тұрғын-үй компаниясының кепілдігі бар нысанды алуға болады. Басқа шектеу жоқ. Үйді кез-келген аймақтан алуға рұқсат. Мысалы, Атырауда тұрып, Алматыдан алуға құқылысыз", – деген ол үй бағасының өсуіне тоқталды.
"Сәл күту керек. Нарық сұраныс пен ұсыныс бойынша нақты жағдайға оралады. Мамырдың ортасы, маусым айларында үй бағасының өткен жылғы деңгейге түскенін көреміз", – деді "Отбасы банк" басшысы.
Бұл ретте inbusiness.kz тілшісі нарықта қалыптасқан баға саясаты туралы "Golden key" жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Ботагөз Кенжебаевадан анықтады.
Тұрғын үй саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген маман бағдарлама іске қосылғалы бері құрылыс компаниялары бағаны шамамен 10%-ға, ал қайталама нарықта пәтерлерін сатуға қойғандар 15%-ға көтергенін айтады.
"Нарықта жүргізілген талдауға сүйенсек, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану аясында жаңа үйлердің де, қайтала нарықтағы үйлердің де бағасы өскен. Тіпті пайдалануға берілмеген үйлердің бағасы 10%-ға, ал қайталама нарықта баспана 15-20%-ға қымбаттады", – деді ол.
Бүгінде қалың көпшілік арасында 2000 жылдан бері салынған комфорт санатты үйлерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар сарапшының дерегінше қазақстандықтар зейнетақы жинағын алуға дайындықты өткен жылы бастап кеткен.
"Көпшілік жаңа үй алатын кезде "7-20-25" бағдарламасына сүйенеді. Оның пайызы төмен және мерзімі ұзақ. "Баспана хит" бағдарламасына сұраныс мұндай жоғары емес. Себебі пайыздық мөлшерлеме мен несие мерзімі аз. Сондықтан зейнетақы жинағы есебінен тұрғын үй жағдайын жақсартуға ниеттілер былтырғы жылы ипотека алуды бастады. Осылайша биыл олар арнайы шоттарындағы қаржыға қарыздың біраз бөлігін немесе толық жабатынын білді", – деді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры.
Ботагөз Кенжебаеваның пікірінше тұрғын үй бағасының өткен жылғы көрсеткіштерге қашан оралатынын болжау қиын. Оған себеп – нарықта жаңа үйлердің болмауы.
"Мәселен Алматыда жаңа үйлердің барлығы сатылып кеткен. Тіпті, құрылысы бітпеген пәтерлердің өзін сатып алып қойған. Ал қайталама нарықта пәтерлер бар. Алайда олардың бағасы қымбаттап кетті. Мүмкін, бірнеше ай шамасында баға қайта арзандап қалар", – деді сарапшы.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !