Араға үш ай салып ашынған жұмысшылар жалақы, зейнетақы және медициналық жарналарды талап ету үшін тағы да нысан алдына жиналды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Әкім де көмектесе алмады
"Сәулет LTD" ЖШС жұмысшыларының айтуынша, компания кей мамандарға жалақының 25%-ын, біреулеріне бір-екі айдың еңбекақысын төлемеген. Екі жыл ішінде зейнетақы және басқа да аударымдар жалақыдан ұсталған, бірақ зейнетақы қоры мен арнайы медициналық сақтандыру қорына түспеген. Осыған байланысты айлығын айлап күткен азаматтарда көптеген мәселелер туындауда.
Мәселен, кәсіпорын асханасының басшысы Наталья Климова басқа жұмысшылар сияқты жалақысыз еңбек демалысына жіберілген. Сол себепті былтырғы жылдың желтоқсанында оны аурухана қабылдамай қойған. Басты олқылық асхана басшысының атына медициналық төлемдер аударылмаған.
"Содан кейін Алтай ауданы Парыгино ауылының әкімі мені ауруханаға жатқызу үшін жеке өзі ертіп барды. Ол менімен бірге жүрді. Оған төлем аударылмағанша біз ауруханаға қабылдамаймыз деді. Бар болғаны түрлі талдаулар тапсырдым, сонымен бітті. Қарапайым ауруханаға барып, ем қабылдай алмай отырмын. Сонымен қатар, менің зейнетке шығуыма бір жыл қалды. Бірақ 2020 жылы менің атыма зейнетақы аударымдары жасалмаған", - дейді Наталья Климова.
Алайда жұмысшылар зейнетақы және медициналық аударымдар жалақыдан тұрақты түрде ұсталып отырғанын айтады. Тіпті, олардың қолында осының барлығын дәлелдейтін түбіртектері де бар. Сондықтан ашынған жұмысшылар нысан алдына жиналып, БАҚ өкілдерін шақырып, ЖШС-дан тиісті төлемдерді талап етті. Айта кететіні, бұл жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ.
Мәселен, 2020 жылдың қараша айының соңында "Сәулет LTD" ЖШС жұмысшылары 2019 жылдың соңынан бастап 160-қа жуық қызметкердің зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдары, міндетті медициналық аударымдары және міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру бойынша төлемдері уақытылы аударылмай жатқанын мәлімдеген еді. Бұған қоса 2020 жылдың наурызынан бастап жалақы төлемеу сынды мәселелер туындай бастады. Сәуір мен қыркүйек аралығында айлық мүлде тоқтатылған.
Айыппұлдан пайда жоқ
2020 жылдың басынан бастап жұмысшылар жалақыларын еңбек инспекциясы арқылы талап ете бастады. Сол жылдың қарашасында компанияға еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 400 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Сол уақытта бас мердігердің жалақы бойынша берешегі 23 млн теңгеден астқан. Аталған даудың арты жақсы жаңалыққа ұласты. Бас мердігер жұмысшыларға айлықтарын төлей бастады, бір айдың ішінде қалған қарыздарын қайтарамыз деп уәде берді. Алайда уәде сол күйінде орындалған жоқ.
Алтай ауданының мемлекеттік еңбек инспекторы Ерасыл Ерболұлының айтуынша, бүгінде кәсіпорынның жалақы бойынша қарызы 8 млн теңгеден асады. Бас мердігермен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатырқан көрінеді. Нәтижесінде ЖШС өкілдері барлық қарызды осы айда өтейтіндерін айтып, тағы да сөз берді.
Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы "Саулет LTD" ЖШС-ға жүргізген тексерістер нәтижесін жариялады. 2020 жылғы қарашадағы аудит кезінде бас мердігер зейнетақы жарналары бойынша 18,2 млн теңге, әлеуметтік аударымдар бойынша 920 мың теңге, медициналық сақтандыру бойынша 3,4млн теңге қарыз екені анықталған.
"Осыдан кейін біз қарызды төлеу туралы хабарлама жібердік, салымшылардың тізімін сұрадық. Салымшылар тізімі бойынша банктік шоттарға бұйрықтар шығарылды. Яғни, бүгінгі күні компанияның есепшоттарында ақша жоқ, бірақ компанияның банктік шоттарына ақша түскен бойда ол салымшылардың есепшоттарына автоматты түрде аударылады. Олар басқа операцияларды жүргізе алмайды, бірінші кезекте қарыз төленеді", - деді Алтай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бастығы Нұрсұлтан Сіләмов.
Қарызға белшесінен батты
Белгілі болғандай, бас құрылыс мердігері тек жұмысшыларға емес, өзінің қосалқы мердігерлеріне қарыз болған. Берешектің жалпы сомасы 70 млн теңгеден асады.
"Біз су электр стансасының аумағында қарды, мұзды тазарту және қоқыс жинау жұмыстарын жүргіздік. 2020 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейінгі аралықта кәсіпорынның бізге қарызы 6,5 млн теңгеден асады. Осы уақытқа дейін олар бір тиын да төлеген жоқ ", - дейді "С.Л.К Алтай Строй" ЖШС директоры Сергей Лобанов.
Қарыздың "жыры" мұнымен айқталған жоқ. Компанияның жүк тасымалдаушылары, құрылыс материалдарын жеткізушілер, ең аяғы наубайханаларға да берешегі бар.
"Біз үш жылдан бері компанияның асханасына нан жеткіздік. 2020 жылдың қаңтарынан тамызына дейін төлем жасалған жоқ. Біздің қарызымыз 1,млн теңге. Олардың барлығы уәде береді ", - дейді "Ибраева" ЖК директоры Оксана Ибраева.
Бір қызығы, құрылыстың тапсырыс берушісі "Тұрғысын-1" ЖШС ақшаны бас мердігер "Саулет LTD" ЖШС-ға толығымен аударған. Енді тапсырыс берген компания басшысы Қалаубек Баймұханбетов те төлемдерге қатысты мұндай даулы жағдайдың туындау себебін түсіне алмай отыр.
"Тапсырыс беруші барлық жұмыстардың ақысын толығымен төледі, тіпті қарыздарын жабу үшін жаңа жылға алдын-ала төлем жасады. Біздің компанияның құрылтайшысы өзінің жеке ақшасына қаржылық көмек көрсетті. 2021 жылы ақпанда бізде кездесу болды, мен құрылтайшыларымызға "Саулет LTD" ЖШС-нің істерін прокуратураға беру керектігін айттым. Себебі олай болуы мүмкін емес. Шарт белгілі бір сомаға жасалды, мердігер келісім берді, келісімшартқа қол қойды, бірақ сонымен бірге оның ешнәрсеге ақшасы жетпейді. Тапсырыс беруші ретінде біз 5 рет тексеріс жүргіздік. Барлық тексерулер кәсіпорында мақсатсыз пайдалану, артық шығындар және тағы басқалары бар екенін көрсетті ", - деді "Тұрғысын-1" ЖШС басшысы Қалаубек Баймұханбетов.
Тағы екі ГЭС салынады
Тұрғысын ГЭС-і – бұл Шығыс Қазақстан үшін маңызды жоблардың бастамасы ғана.
Айта кететіні, Тұрғысын өзенінде қуаты 29,4 МВт болатын шағын су электр стансасының құрылысы 2016 жылы басталды. Нысанды пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Бастапқыда аймақ үшін маңызды нысанды 2018 жылы, кейін 2019 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған еді. 2020 жылы 15 мамырда құрылыс сол жылдың қыркүйегінде аяқталады деген болжам жасалған. Алайда қазан айында стансаның аяқталу мерзімі 2021 жылдың бірінші тоқсанына дейін ұзартылды.
Құрылысқа тапсырыс беруші - "Тұрғысын-1" ЖШС. Жобаның жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Оның 8 млн-нан астамы несие.
Аймақта болашақта тағы екі су электр стансасын салу жоспарланған. 2015 жылы нысанның инфрақұрылымы жүргізілген кезде бірінші ГЭС-ті 2018 жылы, 2019 жылы "Тұрғысын-2", 2022 жылы үшінші ГЭС-ті іске қосу жоспарланған болатын...
Ашық деректерге сүйенсек, "Тұрғысын-2" ГЭС-нің қуаты 18-20 МВт, биіктігі 25-30 метр болады деп жоспарланған. ГЭС-тер қытайлық TBEA компаниясымен бірге "Тұрғысын-1" ЖШС тапсырысымен салынады. Жобаның құны 50 млн долларды құрайды, оның 70% -ы, яғни 35 млн доллары - Қазақстанның Даму Банкі бөлетін несие.
Аударған Құралай Құдайберген