"ШҚО-дағы ГЭС-тер қайтадан ерекше стратегиялық нысан болады!" – Үкімет пен Сенат "Жаңа Қазақстанда" басқаша сөйлей бастады

4022

"Жекешелендіруге шығарса болашағы қандай болатыны... үлкен әңгіме".

"ШҚО-дағы ГЭС-тер қайтадан ерекше стратегиялық нысан болады!" – Үкімет пен Сенат "Жаңа Қазақстанда" басқаша сөйлей бастады

Өскемен мен Шүлбі су қоймалары ерекше (!) стратегиялық маңызы бар нысандар тізіміне қайтадан қосылмақ. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Өскемен мен Шүлбі су қоймалары сол жерде орналасқан су электр станцияларының құрамына кіреді. 2020 жылы бұл ГЭС-тер жекешелендіруге жататын нысандар тізіміне енгізілді. Сондықтан олар ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы нысандарының тізімінен алынып тасталған. Қазір бұл объектілерді жекешелендіру шешімі күшін жойып, оларды қайтадан ерекше стратегиялық маңызды нысандар тізіміне қосу қарастырылып жатыр. Жалпы меншік түріне қарамастан су қоймаларының жұмыс режимін біздің министрліктің су ресурстары комитеті тәулік сайын реттейтінін айта кетейін", – деді Брекешев.

Оның сөзін Сенат спикері Мәулен Әшімбаев жалғады.

"Серікқали Аманғалиұлы, екі нысанды жекешелендір керек пе, жоқ па – мәселені тағы пысықтау керек. Екі нысан сол өңір үшін, өңірдің халқы үшін стратегиялық маңызы бар екені белгілі. Сондықтан оларды жекешелендіруге шығарса болашағы қандай болатыны... ол үлкен әңгіме", – деді Әшімбаев.

Өскемен мен Шүлбі ГЭС-тері Араб инвесторларына сатылатыны туралы айтыла бастағанда inbusiness.kz тілшісі бірнеше мәрте мәселе көтеріп, сарапшылармен тілдескен.

Экономист Петр Своик "қағаз жүзінде" ГЭС-терді шетелдіктер сатып алады, іс жүзінде жергілікті белгісіз күштер басқарады, жалпы олар энергия бағасын көтеруді ойлап отыр деп топшылаған. Өйткені бұл нысандар Қазақстандағы ең арзан энергия өндіретін нысандар.

Ал энергетик-журналист Денис Данилевский ГЭС-терді "биліктегі Олимп шыңынан басында отырған адам алмақшы" деп тұспалдаған. Жекенің қолына өткеннен кейін қауіпсіздік мәселесі де қиындайды деп қауіп айтқан.

Жоғарыдағы екі сарапшы да екі су қоймасы өз шығынын өзі ақтап отырғанын алға тартқан.

Бірақ сол кездерде үкімет мүшелері "су қоймалары сатылуға тиіс" деп есептейтін еді. Мысалы, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин "Иә, гидроэлектростанциялардың қазіргі жағдайы жақсы. Бірақ алдағы уақытта күтіп ұстау керек қой. Оған қаражатты екі жолмен табуға болады. Біріншісі – бағаны көтеру, екіншісі – дұрыс қолға беру. Станциялар кімге берілсе де, Қазақстанда қалады ғой. Ешкім көтеріп алып кетпейді. Ол тауар емес. Қазіргі уақытта бұл станциялардың тарифі өте төмен", – деген болатын.

Бұл "ескі" Қазақстанның заманы еді. Қаңтар оқиғасынан кейін жарияланған "Жаңа Қазақстанда" екі нысанды сату тоқтатылды.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу