Серік Жұманғарин: Жекеге сатылатын ГЭС-тердің қазіргі тарифі өте төмен

1628

Елдегі тарифі ең арзан және ең табысты саналатын Өскемен мен Шүлбі ГЭС-терінің жекеге сатылуы туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Сенат қабырғасында пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Серік Жұманғарин: Жекеге сатылатын ГЭС-тердің қазіргі тарифі өте төмен

"Иә, гидроэлектростанциялардың қазіргі жағдайы жақсы. Бірақ алдағы уақытта күтіп ұстау керек қой. Оған қаражатты екі жолмен табуға болады. Біріншісі – бағаны көтеру, екіншісі – дұрыс қолға беру. Станциялар кімге берілсе де, Қазақстанда қалады ғой. Ешкім көтеріп алып кетпейді. Ол тауар емес. Қазіргі уақытта бұл станциялардың тарифі өте төмен", – деді Жұманғарин.

Тілшілер: "Екінші жолды таңдаса да, баға көтеріледі ғой. Халық қалтасына салмақ түсіреді бәрібір. Қожайын бағаны көтере ме, жоқ па – өзі біледі ғой, солай емес пе?" деп сұрады.

"Заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Мемлекет басшысымен келістік. Энергетика министрлігі белгілеген тарифтер енді біздің келісім арқылы өтеді. Олардың есептерін тексереміз", – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы.

"Енді оны (ГЭС-терді – авт.) кімге сатады, қалай сатады – Үкімет өзі шешеді", – дегенді қосты Жұманғарин.

Бұған дейін стратегиялық маңызды бұл нысандар араб инвесторларына берілуі мүмкін екені хабарланған.

Сарапшылардың пікірінше, ГЭС-терді сатудағы негізгі мақсат – тариф бағасын көтеру. Олардың болжамы Жұманғариннің пікірімен сәйкес келетіндей.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу