Түрікмендер тәліптермен бірге ашқан газ құбырын артынша бұзып тастады

10283

Халықаралық газ құбырының құрылысы 2015 жылы басталған көрінеді.

Түрікмендер тәліптермен бірге ашқан газ құбырын артынша бұзып тастады Фото: consortiumnews.com

Одан беріде, 2021 жылы Ауғанстанда билік ауысты, ел тізгінін "Талибан" тобы өз қолына алды. Жоба содан біраз дағдарды.

Осы орайда таяуда бұл "сақалды құрылысқа" соны серпін берілгендей болды. 2024 жылғы 11 қыркүйекте "Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан" (ТАПҮ) құбырының түрікмен-ауған шекарасында түйісетін телімінің құрылысы "басталып", осы оқиғаға орай ауқымды салтанатты рәсім өтті.  

Алайда түрікмендік Azathabar агенттігінің журналистері әшкерелегендей, Түрікменстан тарапы салтанатты шара аяқталғаннан кейін ол құбырларды көлікке кері тиеп, алып кеткен. Агенттіктің дерегінше, алып құбырлар батыс көршіміздің басқа өңірлеріндегі құрылыс тресттеріне жеткізілген.

"Осылайша, "Серхетабат-Герат" газ құбыры құрылысының іргесін қалаудың салтанатты рәсімі кезекті көзбояушылыққа, жай қойылымға айналды. Біздің дереккөзіміздің хабарлауынша, бұл шара Түрікменстанның Тәуелсіздік күніне (27 қыркүйек) орайластырылып, пропагандистік мақсатта өткізілген. Түрікменстан мен Ауғанстанның ресми тұлғалары 11 қыркүйекте бірден 7 маңызды бірлескен инфрақұрылымдық объектінің құрылысын бастаудың, соның ішінде ТАПҮ газ құбырының ауғандық бөлігі құрылысының іргесін қалаудың салтанатты рәсіміне қатысқан болатын", – деп жазады Azathabar.

Рәсімге экс-президент, бүгінде ел Парламентінің – Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов пен "Талибан" басқаратын ауған Үкіметі басшысының міндетін атқарушы молла Мохаммед Хасан Ахунд қатысты. Түрікменстанның қазіргі Президенті Сердар Бердімұхамедов бейнебайланыс арқылы шығып, сөз сөйледі.

Ислим-Чешме шекаралық өтпесінде өткен 7 бірлескен инфрақұрылымдық жобаны бастау бойынша іс-шараға, тәліптердің талабымен бірде бір әйел шақырылмапты.

Ақпарат агенттігі ТАПҮ-нің құрылысы Түрікменстанның Мары уаллаятында (Mary welaýaty) 9 жыл бұрын басталғанын еске салды.

Алайда биылғы құбыр төсеу салтанатынан кейін бірнеше күн өткенде газ құбыры желісінің алып құбырлары кері әкетілген. Ал, ауқымды жұмысқа қызу кіріскен сыңай танытқан құрылысшылар өз уаллаяттарына жолданды. Тиісінше, шекарада халықаралық жобаның көрігі қызып жатқан жоқ. Бұл жайт әлемдік ақпарат айдынына тарап, халықаралық қоғамдастықтың таңданысын туғызды.

"Бүкіл Түрікменстаннан, газ монтаждаушы кәсіпорындардан шамамен мың адам жиналып, газ құбырын төсеуге түрікмен-ауған шекарасына аттандырылды. Тиісті техниканың сәйкес саны мен жабдықтар да апарылды. Салтанатты шара өткеннен кейін құрылысшылар кері шақырып алынды. Оларға "бұл жобаның құрылысы әзір басталмайтыны" хабарланған. Барлық құбырлар, техникалар қайтарылды", – деді журналистерге жағдаймен таныс тұлға.

"Радио Азатлык" дереккөзінің айтуынша, бұл халықаралық құбырдың құрылысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әлі де болса түрікмен тарапының салмақты алаңдаушылығын тудырып отыр. 2021 жылы билікке келген тәліптер қуғын-сүргінді күшейткенімен, бүкіл елде толыққанды тәртіп орната алмады.

ТАПҮ-нің ауған бөлігіндегі телімін салуға Түрікменстан міндеттеме алды. Тиісінше, құрылысқа түрікмен мамандары тартылады. Ауғанстан Ислам Әмірлігі (қазіргі атауы) олардың бас амандығын, шабуылға ұшырамайтынын кепілдендіре ала ма? Белгісіз.

Мәселе тек қауіпсіздікке ғана емес, қаражатқа да тіреліп тұрса керек. Ресми Ашхабад (түпнұсқада Aşgabat, ескіше Ашхабад) бұл жобаны Түрікменстан тарапы қаржыландыратынын мәлімдеді. Жергілікті ақпарат құралдары сөзге тартқан газ саласының мамандары бұл міндеттемені орындауға Үкіметтің әлеует-мүмкіндігінің жететініне күмәнданды.  

"Түрікменстанның газ монтаждаушы кәсіпорындарының өздері үлкен қаржылық қиындыққа тап болды. Олар кейде тіпті машиналардың доңғалағын ауыстыруға да ақша таба алмайды. Экскаваторлар, үлкен жүк көліктері жиі сынады. Оларды жөндеуге жұмысшылардан ақша жинайды. Бізде дәнекерлеуші аппарат пен электродтар тапшы. Салдарынан, ауған елі түгіл, өз еліміздің ішінде құбырлар төсеуде қиындықтар жеткілікті", – деді "Азатлыктан" атын атамауды сұраған газмонтажшы маман.

Салтанатты ашылу рәсімінде ауған Үкіметінің басшысы бұл жобалар "ұзаққа созылып кеткен таршылықтан зардап тартқан ауған халқының өмірін жақсартатынына" сенім білдірген еді.

Өз кезегінде Түрікменстанның нөмір екінші тұлғасы, Халк Маслахаты басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов өз сөзінде осы газ құбырының құрылысы 12 мың ауған азаматына жұмыс тауып беретінін уәде етті. Сондай-ақ ол жобаның көрші елге жыл сайын миллиард долларға дейін табыс әкелетінін нықтады. Журналистер бұл жобаның Түрікменстанға қатысты сандары мен жетістіктерін Бердімұхамедовтің ауызға алмағанына назар аудартты.

Егер жүзеге асса, ТАПҮ газ құбыры шамамен 1 800 шақырымға созылып жатпақ. Ол бойынша Түрікменстан Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жыл сайын 30 миллиард текше метрге дейін көгілдір отын экспорттауды жоспарлады. Түрікмен газын бүгінде Қытай мен Өзбекстан сатып алып отыр.

Дегенмен, ТАПҮ жобасын жүзеге асыру мерзімі көп жылдан бері кері шегерілумен келеді. Түрікмен жағы оған Ауғанстандағы тұрақсыз ахуалды айыптайды. Жүзеге аса қалса, газ құбыры ауғанның атақты Герат, Фарах, Нимроз, Гильменд және Қандағар провинциялары арқылы өтпек.

Бірқатар сарапшы жобаның тоқырауына Түрікменстандағы экономикалық дағдарысты да себепкер санайды. Өйткені тіпті қан-қасап соғыс жүріп жатқан Украинада газ құбырлары жұмыс істеп тұр.

Ашғабат бұл жобаға қаржы салуға шетелдік инвесторларды шақыруда. Алайда Түрікменстанның жабық елге айналуы, демократиялық құндылықтарды берік ұстанбауы инвесторларды үркітеді. Авторитарлық биліктің ертең капитал мен компанияларды тартып алмасына сенімі жоқ.

Батыстағы көршіміздің күйзелістен қашан шығары беймәлім. "Хроника Туркменистана" (hronikatm.com) басылымының хабарлауынша, биыл Халықаралық валюта қоры осы елдегі аудитін аяқтады. ХВҚ есебінде айтылғандай, Түрікменстанның ЖІӨ-сінің шынайы өсімі билік мәлімдегеннен үштен екіге төмен болып шықты.

Биылғы ақпанда Халк Маслахаты төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Түрікменстанның даму қорытындыларын шығара келе, 2023 жылы ЖІӨ 6,3%-ға өскенін айтып салды. Бірақ нақты өсімі бұдан 3,15 есе төмен болып шықты.

Халықаралық экономист-сарапшылар бұл елдің экономикалық дамуының айтарлықтай баяулағанын хабарлады. Постпандемиялық 2022 жылы ЖІӨ-сі 5,3%-ға өсті. Бұл 2021 жылы экономиканың 0,3% құлдырауымен байланысты. Яғни, салыстыратын база төмен болды. 2023 жылы ЖІӨ небәрі 2%-ға ғана артқан. 2024 және 2025 жылдары экономиканың өсуі 2,3% болады деп болжануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу