Түрікменстандағы қазақтар бері қарай ауып жатыр

3422

Бірақ олар шекарадан қалай заңды өту керектігін білмейді. 

Түрікменстандағы қазақтар бері қарай ауып жатыр

Ресми мәліметі бойынша Түрікменстан – коронавирус инфекциясы айналып өткен әлемдегі жалғыз мемлекет. Оның аумағында COVID-19  індетіне шалдыққан бірде-бір адам ресми тіркелмеген.

Салдарынан орталықазиялық бұл мемлекет біраз халықаралық гуманитарлық көмектен құр қалды. Мысалы, Дүниежүзілік банк пандемиядан қорғануы үшін Қырғызстанға 163 млн доллар берген, тағы 17 млн ұсынуға әзірленуде. Өзбекстанға 312 млн доллар бағыттады. Алда көмекті бұдан да арттырып, ОА аймағындағы ең халқы көп осы мемлекетке 500 млн доллар жолдамақ. Қазақстанға World Bank КВИ-мен күреске 27 млн доллар беріпті. Қосымша жәрдем көзделмеген. Тәжікстан жаһандық банктен 13,5 млн доллар алды. Алда тағы 16,2 млн доллар жіберу процесі дайындалуда.

Түрікменстанға 20 млн доллар ұсыну көзделіпті. Әзірше аударылмаған.

Америкалық (Колорадо) журналист және саяхатшы Брюс Панниер осы елде жергілікті тұрғындармен тілдесіпті. Олар "Ашхабатта интенсивті терапия бөлімінде күн сайын орташа есеппен 50 адамнан қайтыс болатынын", "мүрделерге арналған пластикалық қаптар 19 шілдеде біткенін, сондықтан дәрігерлер мәйіттерді матаға орап, хлоркамен өңдеуге мәжбүр екенін" жеткізген.

COVID-19 індетінің бар екенін "коронавирустік палата орталықтарының" пайда болуы аңдатса керек. Олар қалалардан алыс орналасқан. Мысалы, Ашхабат жанындағы шөл далада, Түрікменбашы қаласының жанында және Лебап уаллаятында ашылған.

Көрші елде бұрыннан тұратын қазақ қандастар Қазақстанға көшуге құлшынуда. Ол жайында маңғыстаулық Гүлнәр Тәженқызы айтып берді. Ол біраз жыл бұрын елге оралу мүмкіндігін пайдаланған.

"Түрікпен елінде, Балқан уаллаятында туған-туысым қалып қойды. Олар Қазақстанға көшуге өткен жылы құжат тапсырып еді. Алайда карантинге байланысты барлық жол жабылды. Қабырғама бататыны сол, ол жақта әкем қалды. Оның жасы 80-нен асып кетті. Денсаулығы сыр беруде. Сонымен қатар інім әйелімен және кәмелетке толмаған жас балаларымен бірге былтыр жергілікті "пропискадан" шығып үлгеріпті. Енді пәтерден пәтерге көшіп, сенделіп жүр. Өйткені атажұртқа кетеміз деп үйлерін сатып жіберген", – дейді Гүлнәр. 

Тіркеуден шығып қалған соң, оның туыстары жұмыстан да айырылған, енді өмір сүру, азық табудың қамымен бас қатыруда.

Маңғыстау тұрғыны осындай жағдайдағы қазақтар Түрікменстанда көп екенін білдірді.

"Бүгінде көптеген қазақ қиын жағдайға тап болды. Олар тарихи Отанға ораламыз деп қуанған. Бірақ ортаға пандемия килігетінін білмеді. Түрікменстаннан қоныс аударушыларға Қазақстанның өз шекарасын қашан ашатыны белгісіз. Не Қазақстандағы ресми мекемелер, не Түрікменстандағы консулдықтар жөнді жауап бермейді. Түрікпен жеріндегі қазақтардың жанайқайы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жетсе дейміз", – деді ол.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді әзірге тек Қазақстанда туыстары бар шетелдіктер олармен қауыша алатынын түсіндірді.

"Биылғы жылғы 11 мамырдан бастап, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жақсарғанға дейін қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге уақытша шектеу қойылған. Бұл шектеу кейбір санаттарға қолданылмайды. Мысалы, Қазақстан азаматтарының отбасы мүшесі болып табылатын шетелдіктер елге келе алады. Бірақ бұл үшін олар туыстық байланысын растауы қажет. Айталық, жұбайы, ата-анасы, бауырласы, баласы болуы керек. Онда 30 тәулік ішінде шекараны тек 1 рет кесіп өте алады", – деді СІМ басшысы.

Ол шекарадан бері өтерде туыстық дәрежесін растайтын құжаттарды ұсынуға кеңес береді. Сонымен қатар Түрікменстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өту үшін Түрікменстан азаматтарына сол елдің құзырлы органына жүгініп, рұқсатнама алу керек. Егер рұқсатнама берілсе, оның көшірмесін және оралушылардың паспорты көшірмесін қазақстандық СІМ-ге жіберген жөн.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жыл басынан бері 11 мыңға жуық этникалық қазақ атамекенге қайтып, "қандас" мәртебесін алғанын хабарлады.

"10,9 мың адам тарихи Отанымен табысып, оралман мәртебесін алды. Жалпы алғанда, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 68,3 мың этникалық қазақ оралды. Осы жылы Қазақстанға келген оралмандардың жартысынан көбі немесе 56,9%-ы – Қытайдан, 27,7%-ы – Өзбекстаннан, 9,1% – Түрікменстаннан, 3,4% – Моңғолиядан және 2,9% басқа елдерден келген. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (53,1%) және Маңғыстау (13,2%) облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (4,1%) және Шымкент қалаларына (3,3%) қоныстанды", – деді министрлік.

Атап өтер жайт, қандастардың құрамы өзгерді: бұрынғыдай атажұртқа жетіп қалуды аңсаған қариялар азайған. Көбі жұмысқа жарамды жастар. 9 айдың қорытындысы бойынша еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылардың үлесі – 57,2% болды. 32,5%-ы – балабақша мен мектеп жасындағы балалар, яғни болашақ жұмыскерлер. Тек 10,3%-ы ғана зейнеткерлер.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу