Туристік компанияларға туркоды жоқ жолдаманы сатуға тыйым салынды

2302

Мұндай жолдама қараша айынан заңсыз деп есептеледі.

Туристік компанияларға туркоды жоқ жолдаманы сатуға тыйым салынды Фото: time.kz

Сол себепті Қазақстан азаматтарына туристік жолдаманы тек ресми туроператорлардан сатып алуға кеңес берілді.

Енді шетел асып демаламын деген Қазақстан азаматы туристік жолдаманы сатып алған уақытта оның заңдылығына көз жеткізуі тиіс. Мұндай шараның қабылдануына туркомпаниялардың өз міндеттерін адал орындамауы себеп болды.

"2009-2015 жылдары туркомпаниялардың өз міндеттерін адал орындамауына байланысты туристер шетелде бірнеше күнге қалып қойып, еліне орала алмаған жағдайлар болды. 5 жылда 12 мыңға жуық азамат осындай жағдайға тап болған. Осының алдын алу мақсатында заңнамаға тиісті арнайы өзгерістер енгізіліп, осы жылдың 7 қарашасынан бастап азаматтарға туризм саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі енізілген болатын. Бұл жүйенің басты мақсаты – шетелден елімізге орала алмай қалған туристерді елімізге қайтаруды қамтамасыз ету", – дейді инвестициялар және даму министрлігі туризм индустриясы департаменті басшысының орынбасары Темірлан Тырмышев.

Оның айтуынша, 12 мыңға жуық туристің шетелде қалып қоюынан келтірілген шығын ондаған млн АҚШ долларын құраған. Сонымен қатар, 2016 жылдың 7 қарашасынан бастап туроператордың арнайы туркодынсыз сатылған жолдама заңсыз деп танылып отыр. Бұл туралы ОКҚ баспасөз мәслихаты барысында "Туристік қамқор" қорының төрайымы Инна Рей мәлімдеді. Ол Қазақстан азаматтарына шетелге жолдаманы тек ресми туроператорлардан сатып алуға кеңес берді.

"7 қарашадан бастап Қазақстаннан шетелге туркодссыз аттану заңсыз деп саналады. Бұл ретте туроператорлардың қорға жарна төлеуге міндетті екенін ескерткен жөн. Бұл мәселе заңнамада қарастырылған. Туристік жолдаманы сатқан уақытта арнайы жүйе арқылы олардың әрқайсысына арнайы код белгіленеді. Мұнсыз сатылған жолдама заңсыз есептеледі", – дейді ол.

Айта кетейік, "Туристік қамқор" қоры саяхатшыларды елге қайтару үшін қаржы жинау мақсатында арнайы есепшот ашқан. Бұл шотқа елімізде тіркелген туристік компаниялар әрбір сатылған туристік жолдама үшін 0,5 АЕК немесе 1061 теңге жарна аударуы тиіс. Бұдан бөлек, қорға мүшелікке енген туркомпаниялар 5 000 АЕК немесе 10 млн 610 мың теңге банк кепілдемесін төлеуі тиіс.

Әрбір азаматтың ескеруі тиіс тағы бір мәселе бар. Өз бетінше шетелге саяхатқа шығатындар мұндай арнайы туркодпен қамтылмайды, яғни қордың көмегіне жүгіне алмайды.

"Егер де турист ресми уәкілеттілікке ие туркомпаниядан жолдаманы сатып алудан бас тартса, ондай азамат сыртқа шыққанда біздің қордың қамқорлығынсыз қалады. Арнайы туркодсыз мұндай саяхатшының қай елге, қанша уақытқа бара жатқанынан біз беймәлім боламыз. Сол себепті, Қазақстанның барша азаматынан шетелге шыққанда өз қауіпсіздігіне алаң болмауы үшін тек ресми туристік компаниялар арқылы ғана шетелге жолдама сатып алуын сұраймыз", – дейді Инна Рей.

Инвестициялар және даму министрінің туризм жөніндегі кеңесшісі Қайрат Сәдуақасов болашақта шетелге өз бетінше аттанатын азаматтарды да қордың қамқорлығына алу мәселесі қарастырылып отырғанын тілге тиек етті.

"Мұндай азаматтар қор көрсететін кепілдендірілген көмектен сырт қалып отыр. Алайда, біз енгізіп отырған жүйенің келесі сатысында жеке сақтандыру мәселесі қарастырылмақ. Оның аясында өз бетінше шетел асқан азаматтар қор көмегіне жүгіне алады. Ең алдымен бұл саладағы шетел тәжірибесін зерттеуіміз қажет", – дейді Қайрат Сәдуақасов.

Оның айтуынша, мамандар 2017 жылы ресми туроператорлардың көмегімен шетелге дем алуға 150-180 мыңдай қазақстандық барады деп болжап отыр.

"Турфирмалар арқылы 150-180 мыңдай азаматымыз саяхатқа аттанса, бұл қордың шотына 180 млн теңгеге жуық қаржы түседі деген сөз. Ал бұл ақша келер жылы шетелде түрлі оқиға салдарынан елге қайта алмай қалған азаматтарымызға көмек көрсетуге жұмсалмақ. Мысалы Түркиядан азаматтарымызды елге қайтара алатын бір чартерлік рейстің ұшуына 30 млн теңге қажет", – дейді ол.

Ал "Туристік қамқор" қорында жиналған қаржының мақсатты жұмсалуын арнайы комиссия қадағайлайды. Инна Рейдің айтуынша, бұл кеңестің құрамына уәкілетті органдар, қауымдастықтар өкілдері мен қоғамдық тұлғалар енбек.

"Кеңес жыл бойы қор қаржысының мақсатты жұмсалуын бақылап отырады. Біздің қор есебімізге туркомпаниялардан аударылатын жарналардың тек белгіленген мақсатта қолданылатынын ескерткен жөн", – дейді қор басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу